№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жаңақорғанда Құрбан айтты тойлаудың өзіндік мәдениеті қалыптасқан

Жаңақорғанда Құрбан айтты тойлаудың өзіндік мәдениеті қалыптасқан

  Өткен жексенбіде жаңақорғандықтар қасиетті Құрбан айт мерекесін кең көлемде атап өтті. Әуелі таңалакеуімнен мінәжат үшін мешітке жиылған жұртшылықта есеп жоқ. Имандылық үйіне жиналған көпшілік қауым Құрбан айттың қадір-қасиеті мен қажылық жөнінде тұшымды насихат тыңдап, имани құндылықтарға қанықты. Айт намазындағы құтпадан соң, ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров атаулы күннің ел тарихындағы маңыздылығына тоқталды.

– Аллаға мың да бір шүкір. Бейбіт­шілік салтанат құрған заманда қасиетті, қадірлі мерекелерді бүгінде ел болып күтеміз. Жаратушы Иеміз бізді осы берекелі күнімізден, ынтымақты тірші­лігімізден айырмасын. Ел жүгін арқалаған барша азаматтарға Алла жар болсын! Барша мұсылман қауымның ұлық мейрамы – Құрбан айт мүбарак болсын!, – деді ауданның бас имамы.
Мұнан кейін, кенттегі аудандық орталық мешіт, «Хисамиддин Сығанақи», «Қум сахаба» мешіті жамағатынан құралған «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ұйытқы болуымен орталық алаңда рухани шараға ұласты. Бұқаралық сипат алған мүбәрак мейрам халықтың ерекше қолдауына ие болды. Айта кететіні, биыл төртінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде жалғасын тапқан ұлық мейрамды атап өтуге «ЖЖЖ» ерікті жастарымен бірге аудан әкімдігі мен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы және аудандық «Jas Otan» жастар қанаты атсалысты. Орталық алаңға 3 киіз үй мен арнайы бастырма тігілді. Бұл күні меценат Әбдіхан Шайхов қоғамдық маршруттардың тегін жүруіне демеушілік жасады.

ЖОБА АЯСЫНДАҒЫ ЖЫЛУЛЫҚ

Бірінші кезекте, республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы балаларға базарлық жасады. Акция аясында партия ұжымы тіккен ақшаңқан үйде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасы Ғалым Әміреев пен бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев және ауданның бас имамы Садулла қажы Омаров жас өрендерге мектепке қажетті құрал-жабдықтарын табыстады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10 отбасы мүшесіне жаңа оқу жылына қажетті дәптер, қаламсаптан бастап, сөмкесіне дейін бар. Балалармен бірге жайғасып, айттық дастарханнан дәм ауыз тиген әкім көпшілік жиналған алаңға беттеді.
Партия өкілі Мақпал Ермаханованың айтуынша, бұл қайырымдылық акциясы жетекші партияның «Балаларды мектепке даярлайық» жобасы аясында жүзеге асқан.

МАРАПАТ ИЕЛЕРІ МІНБЕДЕ
  Орталық алаңға жиналған аудан тұрғындарын аудан басшысы Ғалым Әміреев пен аудан бас имамы Садулла қажы Омаров Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Соңыра, аудандық мешіт пен ерікті жастар ұйымдастырған Құранды жатқа оқу сайысының жүлдегерлерін марапаттады. Марапат иелері қата­рында: Бас жүлде Нұрислам Бақытұлына (велисопед) бұйырды. І-орын Нұрсұлтан Жақсыбек (шаңсорғыш), ІІ-орын Нұрболат Әміров (Асель пеш), Алисұлтан Айдинов, Нұрсайд Әміровке (газ пеші) табысталды. Құран жарысын өткізген Жәдігер Әлиакбаровқа алғыс айтылды.
Сондай-ақ рухани шараның өтуіне белсенді атсалысқан «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілерінің бір топ жастары аудан әкімі Ғалым Әміреевтың, аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Мажит Балқожаев пен «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Мұхтар Шахановтың «Алғыс хатымен» мара­патталды.




ШАТТЫҚ СЫЙЛАҒАН СПОРТТЫҚ ШАРА

  Таңғы сағат тоғыздан бастап, ерікті жастардың аға буын өкілі Қайрат Оралбеков пен спорт нұсқаушысы Шыңғыс Азнабаев бастаған төрешілер спорттың сан түрінен сайыстарды бастап кетті. Орталық алаңдағы стритбол бөлігінде қол күрес, бұқа тартыс, қаппен ұру, арқан тартыс, гір тасын көтеру, ләңгі тебу сынды жарыста кім мықтыны анықтады. Жігерлі жастар қауымы жарыс көркін қыздырып, қиқулата бір-біріне шабыт берді. Үздіктерін арнайы «Диплом» мен ерікті жастар дайындаған бағалы сый-сияпат үлестірді.
– Негізі жылдағы дәстүрге сай спорттық шаралар мешіт аулаларында өтетін еді. Алайда былтырдан бастап кенттегі үш мешіттің имамдарымен ақылдасып, біріккен түрде орталық алаңда өткізуге ұсыныс тастадық. Құптады. Қолдады. Асыға күтетін айт мейрамының осылай көпшілік сипатта өтіп жатқаны үлкен қуаныш. Алдағы уақытта бұл бастама өз жалғасын табады деген сенім мол, – дейді «ЖЖЖ» ерікті жастарының өкілі Қайрат Пәйізұлы.

БАЛАҚАЙЛАРҒА ТЕГІН БАЛМҰЗДАҚ

Жүздері бал-бұл жайнаған бал­ғындар мен жас өрендерге 500-ге жуық балмұздақ үлестірілді. Мұндағы басты мақсат – балаларға айт мейрамының мезіретін сезіндіру. Шын мәнінде Құрбан айт мерекесінің қуанышына асық қылу, төл мейрам ретінде түсінік қалыптастыру. Алманы алма көріп, нәр алсын деген ниетте жомарт жандардың есіміні замандастарына үлгі етсек. Ерікті жастар өкілі Ерік Омаров есімді кент тұрғыны отбасының атынан бүлдіршіндерге 400 балмұздақ үлестірсе, орталық алаңдағы «Балмұздақ» дүкенінің иесі, кәсіпкер Қадыржан Қыдырбаев 300-ден астам құймалы балмұздақты тегін таратты. Осылайша, мәрттік мінезімен балғындардың қуанышына бөленген кәсіпкер жігіттер көпке үлгі көрсетті. Ал қалған 100 балмұздақты мақаланың түйінінде тарқатамыз. Әзірге тәмам.

1000 ДАНА МЕРЕКЕЛІК СЫЙЛЫҚ

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне дейін «ЖЖЖ» ерікті жастары ауызбіршілік танытып, ақылдасқан болатын. Өткен жылы 500 дана мерекелік сыйлық таратса, биыл оның санын мыңға жеткізді. Ортақ ой мен пайым пікірден соң, бір бәтуаға келді. Балаларға мейрамның шарапатын сезіндірмек ниетте арнайы Алматы қаласынан «Құрбан айт құтты болсын!» деген тілегі бар қорапша алдыртты. Ортақтасып қаржы жинап, қорапшаның ішін тәттілер мен шырын сусынға толтырды. Дайын болған 1000 дана сый-сияпатты қалың бұқараға үлестірсе, қалған 20 данасына сұрақ-жауап сайыстарын ұйымдастарды. Жеңімпаздарға да, қатысушыларға да аталмыш сыйлықтың бәрін тегін үлестірді. Оның ішінде, 75 данасы арнайы шақыртылған мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. Осы тұста, айта кететіні, үш мешіттің ерікті өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандар дегеннен гөрі, ерекше жандар деп атау орынды деген ортақ бәтуаға келді. Себебі, тағдыр тауқыметін кешкен жас өрендердің қабілеті ерекше. Әрбірінің бойында өзіне тән қасиеттері бар. Міне, осындай жандарды мүмкіндігі шексіз ерекше жандар деп атауға уағдаласты.

АЛДАР КӨСЕМЕН ЕСТЕЛІК СУРЕТ

Орталық алаңдағы тағы бір айрықша атап өтерлік шараның бірі – «Алдар көсе» ертегісінің кейіпкерімен естелікке суретке түсу. Ерікті жастардың үйлестіруімен кенттегі «Алия» той ұйымдастыру орталығы балаларға қуаныш сыйлау мақсатында той-жиындарда бой көрсетіп жүрген «Алдар көсені» алаңға шығарды. Жұртшылықтың көңілі шат-шадыман болып, суретке түсуге ұзын-сонар кезекке тұрды. Мәз-мейрам болған балалар мен ата-аналар өздерінің смартфонымен де естелік фотоға түсіп, айтты мерекелік көңіл күйде атап өтті.


БАЛАЛАРҒА –БАЗАРЛЫҚ

Ал «Жеңіс» саябағында Данияр Әбенұлы жетешілік ететін ойын-сауық кешені айттың құрметіне ақысыз қызмет көрсетті. Жас өрендер пойыз, карусель, батут ойындарына алаңсыз ойнап, шат-шадыман күй кешті.
– Жыл сайын Қасиетті Құрбан айт және ораза айт мерекесінде жаңақорғандық бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында ақысыз қызмет көрсетеміз. Бұлда болса, айтқа қосқан азда болса үлесім. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді ғой. Сондықтанда ел ертеңі – балаларымыз әманда шаттықта жүрсін, – деді жас кәсіпкер Данияр Әбенұлы.
Бұдан бөлек, орталық алаңда ағайынды Нұрсұлтан мен Нұрдаулет Қожагелді 10 дана пультпен басқарылатын балалар көлігін ақысыз ұйымдастырды. Мұндағы бүлдіршіндердің есебінде шек жоқ. Әрқайсысы 10 минуттан отырып, азда болса, мейрам мезіретін сезінді. Айта кететіні, жаны жомарт қос кәсіпкер Бауыржан Қожагелдиев пен Данияр Әбенұлын ерікті жастар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, мерейін асырды.

JAS OTAN-НЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Орталық алаңға арнайы сахна қойылып, «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Мұхтар Шахановтың ұйытқы болуымен аудандық мәдениет үйінің жас өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Концерттік бағдарламаны жас дарын Тоқтар Әжімұратов жүргізсе, музыкалық аппаратурамен Жасдәурен Сабырханов сүйемелдеді. Жас әнші Балауса Сахан мен Әбдіқадір Әбдірашитов патриоттық бағыттағы ән шырқап, көптің көңіліне көтеріңкі шаттық сыйлады. Бұдан бөлек, мерекелеп келген жас өрендерде өз өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама көркін қыздыра түсті.

БАЛМҰЗДАҚ ҺӘМ БАТАМЕН АЯҚТАЛҒАН ИГІ ШАРА

 Таңғы сағат тоғыздан басталған шарадан соң қалың бұқара түскі сағат он екі шамасында арнайы тігілген үш киіз үй мен темір бастырмаларға жайылған дастарханға жайғасты. Үш қазан палау таратылып, мешіт жамағаты мен ерікті жастар ел ағалары ардагерлердің ақ батасын алды. Айрықша атап өтерлігі, ауданның бас имамы Садулла Омаров, «Қум сахаба» мешітінің имамы Ержан Сейтжаппаров, «Хисамиддин Сығанақи» мешітінің имамы Жеңіс Ашимов дем берген рухани шараға Еркінбек Айнақожаев, Наржан Молдабеков, Қоғамбек Бейсенбиев, Қайрат Оралбеков, Арман Мажитов, Данияр Досантаев, Дінмұхаммед Адасханов, Ерлан Бүркітбаев тағыда басқа «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті өкілдері белсене атсалысты. Негізгі ниет – Құрбан айттың ұлық мейрам екенін өскелең жас ұрпаққа сезіндіру болатын. Осы мақсаттағы рухани шара өз дәржесінде өткеніне біз де куә болдық. Оған қоса, «ЖЖЖ» ерікті жастары құрбандық шалып, 33 отбасына ет үлестірді. Сондай-ақ түйін орнына тәлімді тәрбиелік мәні зор тазалық тақырыбымен тәмамдасақ.
 Әрине орталық алаңдағы кез-келген шарадан кейінгі көрініс, шашылған бос құтылар, қатырма пакет, балмұздақ пен шекілдеуік қораптары сынды әр жерде шашылып қала берген ыбырсық көзге қораш көрінетін. Бұл жолы бұлай болмады. Шараға ұйытқы болған «ЖЖЖ» ерікті жастары 100 дана балмұздақ сатып алды. Ондағы мақсаты – балаларды қоғамдық орынды таза ұстап, экологиялық сана мәдениетін қалыптастыру. Туған өлкесін таза ұстауға баулу. Түскі сағат 13:30-да елдің бәрі тарқап, соңында 20 шақты ғана жас өрен әр жерде жүгіріп жүрді. Міне, осы жасөспірімдерді шақырып алып, қолдарына бір-бір полиэтилен пакетін ұстатты. Толтырып қоқыс жинасаң, балмұздаққа ие боласың. Осылайша айналасы 30 минуттың ішінде орталық алаң тап-таза күй кешіп, қоқыстан арылды. Қап-қап баклашка мен қажетсіз қағаз өнімдері жиналды. Есесіне өрендер қос-қостан тегін балмұздақ жеп, туған өлкенің тазалығына өзіндік үлестерін қосты. Бұл да сана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тиімді тәсіл болатын.

Әбдісамат ӘБДІШ
14 тамыз 2019 ж. 796 0