№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » БҰҚАРАЛЫҚ СИПАТ АЛҒАН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

БҰҚАРАЛЫҚ СИПАТ АЛҒАН ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

Жаңақорғандықтар қасиетті Құрбан айт мерекесін кең көлемде атап өтті. Әуелі таңалакеуіммен аудандық орталық мешітте оқылған айт намазына аудан әкімі Ғалым Әміреев арнайы келіп, халықты ұлық мейраммен құттықтады. Бір айта кетерлігі, таң сәріден мінәжат үшін мешітке жиылған жұртшылықта есеп жоқ. Имандылық үйіне жиналған көпшілік қауым Құрбан айттың қадір-қасиеті мен қажылық жөнінде тұшымды насихат тыңдап, имани құндылықтарға қанықты. Айт намазындағы құтпадан соң, ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров атаулы күннің ел тарихындағы маңыздылығына тоқталды.
– Аллаға мың да бір шүкір. Бейбітшілік салтанат құрған заманда қасиетті, қадірлі мерекелерді бүгінде ел болып күтеміз. Жаратушы Ием бізді осы берекелі күнімізден, ынтымақты тіршілігімізден айырмасын. Ел жүгін арқалаған барша азаматтарға Алла жар болсын! Барша мұсылман қауымның ұлық мейрамы – Құрбан айт мүбарак болсын!, – деді ауданның бас имамы.
Мұнан кейін, аудан әкімі бастап, мешіт жамағаты қостап құрбандықтар шалынды. Бабалар рухына бағышталып, шалынған құрбандық еті тұрмысы төмен отбасыларға таратылды. Одан әрі орталық алаңда  кенттегі аудандық орталық мешіт, «Хисамиддин Сығанақи», «Қум сахаба» мешіті жамағатының ұйытқы болуымен «Шарапаты мол ұлық мейрам» атты рухани шараға ұласты. Бұқаралық сипат алған мүбәрак мейрам халықтың ерекше қолдауына ие болды.
СЕРГЕКТІК СЫЙЛАҒАН СПОРТТЫҚ ШАРА
Таңғы сағат тоғыздан бастап, спорт нұсқаушысы Шыңғыс Азнабаев бастаған төрешілер спорттың сан түрінен сайыстарды бастап кетті. Орталық алаңдағы стритбол бөлігінде қол күрес, бұқа тартыс, қаппен ұру, арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды жарыста кім мықтыны анықтады. Жігерлі жастар қауымы жарыс көркін қыздырып, қиқулата бір-біріне шабыт берді. Үздіктерін арнайы «Диплом» мен мешіт жамағаты дайындаған бағалы сый-сияпат үлестірді.
– Негізі жылдағы дәстүрге сай спорттық шаралар мешіт аулаларында өтетін еді. Алайда биыл кенттегі үш мешіттің имамдарымен ақылдасып, біріккен түрде орталық алаңда өткізуге ұсыныс тастадық. Құптады. Қолдады. Асыға күтетін айт мейрамының осылай көпшілік сипатта өтіп жатқаны үлкен қуаныш. Алдағы уақытта бұл бастама өз жалғасын табады деген сенім мол, – дейді «Қум сахаба» мешітінің ерікті өкілі Еркінбек Айнақожаев.
ТЕГІН БАЛМҰЗДАҚ таратты
Жүздері бал-бұл жайнаған балғындар мен жас өрендерге 700-ге жуық балмұздақ үлестірілді. Таратудағы басты мақсат – балаларға айт мейрамының мезіретін сезіндіру. Шын мәнінде жыл сайын Құрбан айт мерекесі қашан келеді екен деген түсінік қалыптастыру. Алманы алма көріп, нәр алсын деген ниетте жомарт жандардың есіміні замандастарына үлгі етсек. Ерік Омаров есімді кент тұрғыны отбасының атынан 400 балмұздақ үлестірсе, орталық алаңдағы «Балмұздақ» дүкенінің сатушысы Қыдыржан Қыдырбаев 200-ден астам құймалы балмұздақты тегін таратты. Осылайша, мәрттік мінезімен балғындардың қуанышына бөленген кәсіпкер жігіттер көпке үлгі көрсетті. Ал қалған 100 балмұздақты мақаланың түйінінде тарқатамыз. Әзірге тәмам.
530 ДАНА СЫЙ-СИЯПАТ
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне дейін кенттегі үш мешіттің жамағатыауызбіршілік танытып, ақылдасқан болатын. Ортақ ой мен пайым пікірден соң, бір бәтуаға келді. Балаларға мейрамның шарапатын сезіндірмек ниетте арнайы Алматы қаласынан «Құрбан айт құтты болсын!» деген тілегі бар қорапша алдыртты. Ортақтасып қаржы жинап, қорапшаның ішін тәттілер мен шырын суға және дәптер мен қаламсапқа толтырды. Дайын болған 530 дана сый-сияпатты жай ғана үлестірмей, шар жару, нысанаға дөп тигізу, сұрақ-жауап сайыстарын ұймдастарды. Жеңімпаздарға да қатысушыларға да аталмыш сыйлықтың бәрін тегін үлестірді. Оның ішінде, 75 данасы арнайы шақыртылған мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. Осы тұста, айта кететіні, үш мешіттің ерікті өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандар дегеннен гөрі, ерекше жандар деп айтамыз деген ортақ бәтуаға келді. Себебі, тағдыр тауқыметін кешкен жас өрендердің қабілеті ерекше. Әрбірінің бойында өзіне тән қасиеттері бар. Міне, осындай жандарды мүмкіндігі шексіз ерекше жандар деп атауға уағдаласты.
АЛЫП АЮМЕН ЕСТЕЛІК
СУРЕТ
Орталық алаңдағы тағы бір айрықша атап өтерлік шараның бірі – алып аю мен «Микки маус» мультфильмі кейіпкерімен естелікке суретке түсу. Кенттегі «Алия» той ұйымдастыру орталығы балаларға қуаныш сыйлау мақсатында той-жиындарда бой көрсетіп жүрген алып аюды ақысыз алаңға шығарды. Жұртшылықтың көңілі шат-шадыман болып, суретке түсуге ұзын-сонар кезекке тұрды. Айтқа бізде үлесімізді қоссақ деген фотограф Қуаныш Бектаев пен Ынтымақ Рахымов өзінің шәкіртімен бірге жұртшылықты  ақысыз суретке түсірді. Әрі Қуаныш Бектаев тұрғындарға суреттерін тегін шығарып берді. Мәз-мейрам болған балалар мен ата-аналар өздерінің смартфонымен де естелік фотоға түсіп, айтты мерекелік көңіл күйде атап өтті.
ОЙЫН АЛАҢҚАЙЫНДАҒЫ ШАТТЫҚ
Ал «Жеңіс» саябағындағы Данияр Әбенұлы жетекшілік ететін ойын-сауық кешені айттың құрметіне ақысыз қызмет көрсетті. Жас өрендер пойыз, карусель, батут ойындарына алаңсыз ойнап, шат-шадыман күй кешті.
– Жыл сайын Қасиетті Құрбан айт және ораза айт мерекесінде жаңақорғандық бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында ақысыз қызмет көрсетеміз. Бұлда болса, айтқа қосқан азда болса үлесім. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді ғой. Сондықтанда ел ертеңі – балаларымыз әманда шаттықта жүрсін, – деді жас кәсіпкер Данияр Әбенұлы.
Бұдан бөлек, орталық алаңда ағайынды Нұрсұлтан мен Нұрдаулет Қожагелді 10 дана пультпен басқарылатын балалар көлігін ақысыз ұйымдастырды. Әрине, аталмыш кәсіпкерлер мешіт жамағатының бір ауыз сөзін құп көріп, ақысыз қызмет көрсеткенін айта кету керек.
БАТАМЕН ТҮЙІНДЕЛГЕН ШАРА
Таңғы сағат тоғыздан басталған шарадан соң, қалың бұқара түскі сағат он екі шамасында арнайы тігілген киіз үй мен темір бастамаларға жайылған дастарханға жайғасты. Үш қазан палау таратылып, мешіт жамағаттары ел ағалары ардагерлердің ақ батасын алды. Ауданның бас имамы Сайдулла Омаров, «Қум сахаба» мешітінің имамы Ержан Сейтжаппаров, «Хисамиддин Сығанақи» мешітінің имамы Жеңіс Ашимов бастаған рухани шараға Еркінбек Айнақожаев, Наржан Молдабеков, Әбдірахым Сейтжаппаров, Ақмұрат Әлімбайұлы, Қоғамбек Бейсенбиев, Қайрат Оралбеков сынды ерікті өкілдер белсене атсалысты. Негізгі ниет – Құрбан айттың ұлық мейрам екенін өскелең жас ұрпаққа сездіру болатын. Осы мақсаттағы рухани шара өз дәржесінде өткеніне бізде куә болдық. Сондай-ақ түйін орнына тәлімді тәрбиелік мәні тазалық тақырыбымен тәмамдасақ.
Әрине орталық алаңдағы кез-келген шарадан кейінгі көрініс ол: шашылған бос құтылар, политэлен пакет, балмұздақ пен шекілдеуік қораптары сынды әр жерде желмен ұйытқып жүрген жағымсыз  құбылысты байқайтынбыз. Бұл жолы бұлай болмады. Шараға ұйытқы болған үш мешіттің жамағаты тағы да 100 дана балмұздақ сатып алды. Ондағы мақсаты – балаларды тазалыққа тәрбиелеу. Туған жерін таза ұстауға баулу. Түскі сағат 13.30-да елдің бәрі тарқап, соңында 20 шақты ғана жас өрен әр жерде жүгіріп жүрді. Міне, осы жасөспірімдерді шақырып алып, қолдарына бір-бір  полиэтилен пакетін ұстатты. Толтырып қоқыс жинасаң, балмұздаққа ие боласың. Осылайша айналасы 15 минуттың ішінде орталық алаң тап-таза күй кешіп, қоқыстан арылды. Қап-қап желім құтылар мен қажетсіз қағаз өнімдері жиналды. Есесіне өрендер қос-қостан тегін балмұздақ жеп, туған өлкенің тазалағына өзіндік үлестерін қосты. Бұлда сана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тиімді тәсіл болатын.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл Құрбан айт мейрамы барлық ауылдық округте аталып өтті. Әсіресе, Қожакент, Өзгент, Сүттіқұдық ауылындағы айт мерекесі спорттық шаралар мен түрлі сайыстар ұйымдастыру арқылы ерекше ел назарында қалды.Сондай-ақ, кент, ауылдық округтердегі мешіттерде шалынған құрбандықтан жалпы көлемі 2 тоннадан астам ет тұрмысы төмен отбасыларға таратылды.
Әбдісамат ӘБДІШ.
25 тамыз 2018 ж. 724 0