№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СӘТСІЗДІГІҢНЕН САБАҚ АЛ

СӘТСІЗДІГІҢНЕН САБАҚ АЛ



(Өмірде болған оқиға желісімен)
Тамыз. Жылдағыдай емес. Күн ыстық, тіпті өрісінен шығып кететіндей жерді қыздыра түскен. Ал Медеттің ішкі жан-дүниесі күннің қызуынан да ыстық. Көңілінде жаңартау оянғандай алай-дүлей.
...Медет өмірге келгеніне өкінді. Өз-өзіне ызалы. Қоғамға ренжулі... Қоңыр күзден оқыған, көз салған кітаптарын ары-бері лақтырады.Ашуын кімнен аларын білмей дал...
Бәрі мынадан басталған еді.
Оқу жылы басталысымен мектепте ата-аналар жиналысы өткен. Оған Қасым да қатысқан-ды. Сынып жетекшісі Сәулеш Тұрғынқызы Медеттің үлгерімін айтып, тәртібіне тоқталып, мақтай жөнелген-ді. Биыл мемлекеттік грантқа түсетіндердің қатарынан көрінетініне сенім білдірді. Мақтауға масаттанған Қасым көшеде алшан басып келеді. Көшенің қулары жан-жақтан қаумалап, себебін сұрады.
– Балам биыл грантқа түседі. Оны апайы айтты.
– Е-е-е, мұны жуу керек қой! Жуу керек!
Қасым кеше құдасының үйіне отын түсірген. Содан тапқан тиын-тебенге бір шиша алып, ортаға қойды. Таңдайы әбден кепкен еңгезердей жігіттер демде түбін түсірді. Ақшасын санап қайта Жалғастың дүкеніне жетті. Не керек, Қасым екі ортаға төрт сандалды. Ақыры қисалаңдап үйіне қарай аяңдады...
– Айналайын, Медетжа-н-н-н, апайларың мақтады. Жарайсы-н-н-ң. Осы бетіңнен қайтпа. Әкең секілді тракторист болмай, юрист болсаң қандай жақсы?! Түсіндің бе, мені?!
– Иә.
Жоқшылық жанына батқан Медеттен одан басқа жауап күту де әділетсіз еді.
***
Медеттің оқуға түсетінін естіген Қасым жууын көбейтті. Медет болса әке арманын орындау үшін күндіз-түні кітаптан басын алмай, дайындығын күшейтті. Оның арманы – дәрігер болу. Мұқтаж жандарға көмек беру.
***
Тестілеудің уақыты келді. Жоғары балл жинай алмады. Мамандықты дұрыс таңдаса жоғары мектептің есігін ашуға мүмкіндігі бар. Әкенің сөзіне қарсы келу қайда?! «Юрист боласың» деген. Сондықтан заңгерлікке тапсырды. Бірақ юристке грант жеңіп алу қиынның-қиыны екенін қайдан білсін?!
***
Не керек, газеттегі тізімнен аты-жөнін таппады. Әкесі ишуін көбейтті. Медет болса үйге-кіріп шығудан қалды. Қыркүйектің басында киім-кешегін жинап Атырауды бағытқа алды. Жездесінің қолында жұмыс жасамақ. Құрылыста.
Еңбекпен буыны қатқан Медет ортаға тез сіңісті, жұмысты алып кетті. Епті, істің көзін табатын еңбекқор жігіт басшылардың да көзіне тез түсті. Тоғызыншы айда бригадирдің көмекшісі, бір жылдан кейін бригадир болды.
Кез-келген тапсырманы тиянақты орындайды. Істің қиюын тауып, уақытынан бұрын бітіреді. Қарамағындағы жұмысшылардың да, басшылардың да көңілін таба біледі.
Құрылыс компаниясы Елордадан көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін болды. Жұмыста сыналған мамандарды сонда жіберді. Медет те қатарда бар. Бригадир есебінде.
***
Бес жылда Медет құрылыстың қыр-сырына әбден қанықты. Дегенмен көңілінің жайланар түрі жоқ. Телеарналарда талапкерлерді оқуға шақырған жарнама көбейді. Медеттің көңіл түкпірінде студент атанып, жоғары білім алу мұраты бар-ды. Арманы қайта оянғандай. Сөйтіп жұмысты тастап, оқуға түсті. Бұл жолы юрист емес, құрылысшы мамандығын таңдады.
Бес-алты жас кіші студенттермен оқыды. Оған Медет намыстанған емес. Қайта группаластарына үлкендік танытып, бас-көз болды. Бес жыл тәжірибеден түйгендерін айтып, алға сүйреді. Кейде құрылыс нысанын көзбен көрмеген ұстаздарының өзі Медеттің алдында шарасыз болатын. Дипломын да сәтті қорғап, қолға алды.
Медеттің қабілет-қарымын білетін құрылыс компаниялары шақырып, басшылық орынды ұсынды... Елорданың сәулетті жерінен пәтерге қол жеткізіп, ата-анасын көшіріп алды.
***
Қазір Нұр-Сұлтан қаласында салынған маңызды нысандарға көз тастап, бас шаһардың қалануына үлес қосқанына шүкір етеді. Бәрінен бұрын, мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмағанының бір хикметі, бір қайыры барын түсінеді.
***
Бұдан шығатын қорытынды, құрметті талапкер, сіз өзіңізді газеттегі тізімнен таппадыңыз ба, онда қамықпаңыз! Өмірдің мәні ҰБТ емес. Грант та маңызды емес. Сіздің алдыңызда жарқын болашақ күтіп тұр... Тек сабырмен қиындықтарды қабылдай біліңіз...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
04 тамыз 2019 ж. 824 0