№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Ұлттық код – ұлттың тарихы

Ұлттық код – ұлттың тарихы

  Ұлттық код – ұлттың тарихы, ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған салт-дәстүр, тіл мен дінге қатысты бабалардың ұстанымы мен қасиеті. Міне, соларды сақтап, одан әрі дамыту жаһандануға қарсы тұратын ұлттық иммунитет. Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақсатында көрініс тапты. Ендеше, ұлттық тарихты қайта жазып, тарихи жадыны тереңінен қалыптастырудың маңызы ерекше.

   Осы тұста, туған өлкедегі тарихи орындарды сақтап, оларды жастардың біліп, тануына жағдай жасаудың артықшылығы көп. Ал, Жаңақорған ауданында мұндай тарихи орындар өте көп. Мәселен, Сығанақ, Сауран, Өзгент және т.б көне қалалар, Таңбалы тас, Қатынқамал секілді тарихи орындар және әулие-әмбиелердің мәңгілік қоныс тапқан жерлерін айтуға болады. Сондай орынның бірі – Жаңақорған кентінің аумағындағы 18 сақ обасы. Қорымдар 45 жыл бұрын космостан түсірілген сурет арқылы белгілі болды. ХХ ғасырдың 80 жылдардың басында аудан басшылығы бұл аумаққа құрылыс жүргізуге тиым салды. Өкінішке орай, соңғы жылдары кент тұрғындарының саны артып, территориясы ұлғаюына байланысты қорымдар құрылыс алаңдарының астында қалуда. Мұндай тарихи маңызы ерекше жерлер қалайша құрылыс алаңына айналды? Осыны зерттеп көрген едік.

   Алдымен аудандық тарихи-өлкетану музейіне бардық. Қорымның ахуалына қанық музей директоры Нәбихан Шалапов обаларға қатысты құжаттарға назар аударуды ұсынды. Қорымдарға зерттеу жұмыстарын Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің жанынан ашылған «Archeo-service» ЖШС ғылыми-зерттеу компаниясы жүргізіпті. 100 бетке жуық құжатты танысу барысында зерттеушілер тарихи орынға қазба жұмыстарын асқан ыждақаттылықпен жүргізгендігіне көзің жетеді. Одан кейін музей директорымен бірге кенттің шығысындағы обаларға беттедік. Бардық. Көрдік.

  – Екі ай бұрын келгенімде мұнда су құбырлары қазылған жоқ тұғын. Осы жерде бір оба болатын. Енді оның ізі де қалмапты. Бұл жерден құрылыс жүргізуге кімнің рұқсат бергенін білмеймін, – деген Нәбихан Тұрсынқожаұлы қорымдардың орнын түгелдеуге кірісті.
Бұрынғы Самара-Шымкент жолынан шығысқа қарай жаңадан бірнеше көше түскен. Оларға Жаңақорған тарихында ізі қалған Құлан Алдабергенұлы, Шәймерден Бәкірұлы, Құдабай Наурызбаев және Нұрберген Тастаевтың есімі беріліпті.
Ш.Бәкірұлы көшесінің бас жағында электр бағанасы жол ортасында тұр. Сол жерде тұрып, жолдың шығыс жақ бетіндегі 5-6 метр жерді нұсқап: – Мына жердегі оба да жол астында қалыпты, – деп келесі обаға беттеді. Тағы бір оба жол шетінде жатса, бір оба салынған үй астында екен. Үш оба тұрғын үй түскен жердің шетінде жатыр. Мұндай жағдай Қ.Наурызбаев пен Н.Тастаев көшесінде де орын алыпты.
Музей директорының сөзінше, оба үстіне салынған үйде бұл күні қожайындары тұрмайды. Өздері белгісіз себеппен басқа үйге көшіп кетіпті. Әзірге онда кентке ауызсу тартып жатқан мекеменің жалдамалы жұмысшылары тұруда. Үйлер арасындағы үш обаның біріне 2016 жылы қазба жұмыстары жүргізіліпті. Енді бір оба Е.Метелев деген тұрғын учаскісінің шетінде орналасқан. Ол жердігі қорым техникамен жартылай сүріліпті. Сүрілген жерге қоқыс тасталған екен.

  ҚҰЖАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

  Сосын мән-жайды білмекке тиісті салалармен хабарластық. Әуелі аудандық жер қатынастары бөліміне, сосын кент әкімдігі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тиісті маманымен сөйлестік. Құжаттарға қарағанда тарихи орындар құрылыс алаңына айналып кетуден сақтануға шақырыпты. Мәселен, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуовтың 2005 жылы 20-маусымында аудан әкімі Нұрлыбек Жолдасбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Сәулебек Дүйсебековке обалар қорымын құрылыс алаңына айналып кетпеуіне тосқауыл қоюын сұрапты. 2011 жылы 1-наурызында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы (сол кездегі) Әбілхайыр Сыздықов және 2015 жылы 7-желтоқсанында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова аудандық жер қатынастары бөліміне обалар орналасқан жерге тұрғын үйлерге жер телімін бергізбеуді сұрапты.
  М.Елеуовке аудан әкімі мен мәслихат хатшысының берілген жауабы тіркелмепті. Бірақ, Ә.Сыздықовтың хатына аудандық жер қатынастары бөлімінің сол кездегі басшысы Е.Жұмахановтың 2011 жылғы 2-наурыздағы №157 жауап хатында: «...обалар қорымы орналасқан жердің сызбасы бізде бар, ол жерлер тұрғын үйлік жер учаскелері сызбасына енбеген, бос қалдырылған аталған жерлер ешкімге берілмеген емес, берілмейді де», – депті.
  Ал, А.Айдосованың хатына жер қатынастары бөлімінің сол кездегі басшысы Б.Қалдыбаевтың 2015 жылдың 21 желтоқсанындағы №1311 хатында: «...Жаңақорған кентінен шығысында Шалқия-Шымкент жолдары аралығындағы жерден бұрын есепке алынбаған 18 обадан тұратын қорымдар анықталғандығын хабарлап, обалар орналасқан жерден жер телімі берілмеуін сұраған болатынсыз. Алайда обалар орналасқан жерден жер телімдері берілмегендігін және алдағы уақытта берілмейтіндігін хабарлаймын» деген жауап беріліпті.
Бірақ, бүгінде жағдай жер қатынастары жауап бергендей болмай тұр. Бұған кім кінәлі? Оны құзырлы орган зерттейтін болар.

  ТАБЫЛҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР

 А.Айдосова аудан әкімі, бюджеттік комиссия сол кездегі төрағасы Руслан Рүстемовке 2016 жылдың 9-ақпанындағы №45 хатында обалар аумағынан тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері беріліп, коммуникациялық желілер тартылып, нәтижесінде бірнеше обаға зиян кетірілгендігін, соған орай, бір обаны ашып зерттеуге қаржы бөлінуіне ықпал жасауды сұрапты. Осыған байланысты аудандық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, №8 обаға Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі мен «Archeo-service» ЖШС ғылыми-зерттеу компаниясы бірлесе қазба жұмыстары жүргізіліпті.
Қазба жұмыстарын жүргізген серіктестіктің ғылыми есебінің кіріспесінде «Анықталғандай обалы қорым толықтай құрылыс жүргізілетін аумақта қалып қойған. Аумақ көшелер мен жер теліміне бөлініпті. Көптеген учаскеде тұрғын үй құрылыстары басталып кеткен. Құрылыс жүргізу барысында бірнеше оба үйінділері бұзылғандығы анықталды. Батыс шетінде орналасқан обаны байланыс кабелі салу (кабелін жүргізу) барысында кесіп кеткендігі баяндалыпты.
Қазба жұмыстарын жүргізу барысында әр деңгейде шашылып жатқан сүйектердің қалдықтары анықталған. Мүрденің сақталмағанына және сүйектердің әр деңгейде шашылып жатқандығына қарап, мүрде сүйектері тонау кезінде сыртқа шығарылып тасталған деген тұжырымдапты. Қазылған шұңқыр табанынан алтыннан жасалған бір қапсырма, шегенделген алтын таспа бөлігі және киімді безендіруге арналған алтын сымдар қалдықтары алынды. Алтын сымды жіптің сыртынан орап киімге зер салған деген болжам бар. Сонымен қатар, екі жүзді етіп темірден жасалған қылыштың бөлігі де табылған (Ғылыми есепте табылған алтын заттардың толық сипаттамасы көрсетілген).
Ғылыми есептің қорытындысында «Археологиялық зерттеулер нәтижесінде №8 оба толықтай зерттелді. Обаның көне заманда-ақ тоналғаны анықталды. Обаның сыртқы пішініне, көрдің қазылу тәсілі мен пішініне (М.Итина, Л.Яблонский, 1997. С. 15, курган 34; О.Вишневская 1973. С. 19, Рис. 9) және табылған аздаған олжаларға қарап, оның б.з.д. 1-мыңжылдықтың орта шеніне жатқызуға болады. Жерленген мәйіт осы кезеңде өңірді мекендеген сырдариялық сақ деп болжауға болады.
Зерттеушілер: Обалы қорым қазіргі таңда жойылып кету алдында тұр. Ескерткішті сақтап қалу үшін жер телімдерін қайтарып алу және ғылыми паспортын жасап мемлекеттік тіркеуге алу қажет. Олай болмаған жағдайда, ескерткішке қазірдің өзінде едәуір нұсқан келгенін ескере отырып, ескерткішті толықтай археологиялық тұрғыдан зерттеу қажет, – деп нақты ұсыныс беріпті.
Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Зейнолла Әшірбеков аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысовқа 2017 жылдың 29-қыркүйекте жолдаған №857 хатында МАИ бекетінде 18 обаның орны бар екенін ескертіп, оның біреуіне 2016 жылы қазба жұмыстары жүргізіліп, фото есептері жасалған, енді 17 обаға қазба жұмыстарын жүргізуді ұсыныпты. Одан кейін обалар орналасқан жерге тарихи-мәдени саябақ ашуға болатынын айтыпты. Алайда, мәселеге көңіл бөлінбеген тәрізді.
Біз Нұрлан Қарақожаевтан: – МАИ бекетінде 18 обаның орны белгіленген жер шамамен 1,0-1,2 гектарды құрайды. Кенттің Бас жоспарында аталған аумаққа жеке тұрғын үй құрылысын салуға және басқа да әлеуметтік нысандар орналастыруға жер учаскелері қарастырылмаған. Сондықтан ол аумақта жер учаскелері табысталмағанын мәлімдеймін, – деген хат алдық.
Бірақ, бұл ақиқаттан алшақтау екені анық. Өйткені обалар 3,5-4,5 гектар аралығындағы жерді қамтиды. Олай деуімізге обалардың бір бірінен 30-40-дей жерде шашыраңқы жатуы негіз болады.

  ТҮЙІН. Құжаттарды оқысаңыз барлық іс заңды екеніне көзіңіз жетеді. Бейне қорымдар жатқан жерді ешкім бүлдірмеген секілді. Ал, біздің барып көргендегі жағдай мүлде өзгеше. Сонда Жаңақорған жерінде сақ мәдениетінің орны бар екенін дәлелдеп, ұлттық текті сақ дәуірінен алатынымызды айшықтауға басшылар құлықсыз болғаны ма? Әлде қалтаның қамын бәрінен биік қойғаны ма? Қалай болғанда да, тарих алдында обалардың бұзылуына жауапты адамдар өз сыбағасын алады...

14 қаңтар 2019 ж. 2 579 0