№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Шапан мен жайнамазды қадірлейік

Шапан мен жайнамазды қадірлейік


Біз осы шапан мен жайнамаздың қадірін білеміз бе? Тарихи туындылар мен фильмдерден қазақ елмен елдің арасын бітістірген, араздасқан ағайындарды жарастырған азаматтардың астына ат, иығына шапан жапқанын білеміз.

Ел болғасын тентексіз болмайтыны да белгілі. Оларды жөнге салу мақсатында елағалары ортаға салып, талқылап, ауыл имамының немесе молдасының алдында оған жайнамаз беретін дәстүр болыпты. Сондағы мақсат әлгі тентекті райынан қайтарып, уәдесін алып, имандылық жолына салу. Мұнан өзге медреселерде жақсы оқыған шәкіртке шариғат жолында иманын серік болсын деп жайнамаз сыйлапты. Осылайша ерекше құрметтелген шәкірттер ислами жолда тәлімді де тағлымды насихат айтып, өзінің жүріс-тұрысы мен сөз саптауымен ел ықыласына бөленгені жайлы талай естідік. Яғни исі мұсылман қауымы жайнамазды қастерлеген, оны кім көрінгенге бере бермеген.
Қазақта не көп той көп. Үйлену, шілдехана, сүндет және т.б. толып жатқан тойлар. Одан бөлек түрлі мерейтойларды қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда қазақ аптасына бір тойға бармаса өзін қоғамға керексіз болып қалғандай сезінеді. Оны мойындайтын шығарсыздар.
Тойдың бұлжымас әдеті – барған қонақ салтанат иесіне өзінің сыйлығын тапсырады. Той иесі де келгендерге алғысын айтып, сыйлықтар жаудырып жатады. Қазіргі тойларда шапан кигізу сәнге айналды. Иығына жабылған шапан иесі лайықты ма лайықты емес пе? Кәрі ме жас па? Оған ешкімнің шаруасы жоқ. Тіптен шапан жабу абыройлы іс ретінде саналатын болды. Кейбір адамдарға сауда орынына барып шапан сатып алу қажет емес. Сандығындағы шапанды қонағының құрметіне қарай алып бере салады. Иә, қазір әркімнің үйіндегі сандықта ондаған шапан жатқан шығар. Бірі фирмалық, екіншісі қытай өнімі. Осылайша шапанның қадірін әбден кетірдік.
Осындайда еске түседі, өткен ғасырдың сексенінші жылдары шапанның қадірі зор еді. Аудандық мемлекеттік инспекцияның бастығы болған, елдің қадірменді азаматы Тілеу Тотаев ағамызды құрметтеп зейнеткерлікке шығаратын болып шешілді. Ауатком төрағасы Қоянбай Қалмырзаев бізге шапан табуды тапсырды. Содан алқалы жиында Тілекеңнің иығына жабатын шапан қажет болып, оны арнайы Шымкентке барып, кәсіби тігіншіге тапсырыс беріп, тіктірдік. Осы шапанды салтанатты жиында Тілекеңе жапқанда, ол кісінің қатты толқығанын көрдік.
Енді сол шапанды бүгінде жауып көріңізші. Бір нәрсе сезінер мекен? Кейбір тойлардан түскен шапандарды той иелері базарға қайта өткізіп жатқандықтары жөнінде естиміз. Неге? Себебі сандығына сыймай жатқандықтан шығар?..
Жайнамаз жайы да соңғы кездері әңгіме өзегіне айналды. Соңғы 8-9 жылдың айналасында жаназада, еске алу астарында, қажылық сапардан оралғанда жамағатқа жайнамаз тарату етек алып барады. Әрине оны таратушылар ақ пейілімен, адал көңілмен беретіндерін де жақсы түсінеміз. Бірақ осы жайнамаздың оны алғандарға артар міндетінің ауыр екенін сезініп жүрміз бе? Міне, мәселе қайда? Кейбір үйлерде жайнамаздың көбейгені соншалық, оны жастық немесе көрпешенің тысы етіп пайдаланып жүр. Бұл біздің жайнамазды қадірлегеніміз бе, әлдә мазақ еткеніміз бе?. Жауабы белгісіз. Исі мұсылман қастерлейтін жайнамазды бұлай пайдалану адам түйсігінің қисынына (логика) тура келмейтіндей.
Түйін. Халқымыздың төлқұжатындай көрінетін шапан мен сәждаға бас иіп Алладан медет сұратқан жайнамаздың бағасын түсірмей, оны оңды-солды шашып қадірін кетірмейік, ағайын! Одан да орнына басқа бағалы бұйым сыйлауды әдетке айналдырсақ. Мәселен, кітап.
Кітап – адамға рухани азық беретін құрал. Кітап – ұрпағыңыздың сусындар рухани нәрі. Кітап – бүгінгідей азғындалған уақытта ұлтты құтқаратын күш. Олай болса кітап сыйлауды дәстүрге айналдырсақ, қандай ғаниебет?! Міндетті түрде діни кітаптар ғана емес, халкымыздың өткенімен бүгінгісінен сыр шерткен тарихи кітаптар немесе халық ертегілері, мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер мен жырлар жазылган кітаптар мен жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын сыйласақ нұр үстіне нұр болар еді.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Интернет қолданушылар кітап оқитындарға қызмет етеді» деген сөзі есіме келеді. Бұл ойдан ғибрат алсақ игі...
Ерубай Қалдыбек
30 қыркүйек 2018 ж. 1 560 0