Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Музейдегі мағыналы кездесу

Музейдегі мағыналы кездесу


Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі – өткен тарихтың куәсі, өлкенің құнды мұрасын қастерлеген мекен. Онда сақталған жәдігерлер әр кезеңнің сырын шертіп, өскелең ұрпақ бойына өнеге дарытады. Осынау мәдени орында «Қарттар күні» қарсаңында музей ұжымы ауылдық округтердің ардагерлерін, ардақты аналарды арнайы шақырып, тарихи экспозициялармен таныстырды. Мұндай бастама қарияларға деген құрметтің, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктің бір көрінісі болса керек.


Шарада Байкенже ауылдық округінің ардагерлері бас қосып, «Руханият» орталығындағы тарихи-өлкетану музейін тамашалады. Қарттарға деген ілтипат пен қамқорлық шарасына ауылдық округ әкімі Нұрғали Оспанов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Серкінбайұлы қолдау-көмектерімен атсалысты.
Қазақ «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп әспеттеп жатады. Рухани шараның басты мақсаты – аға буынды құрметтеу, олардың өмірлік тәжірибесін, естеліктерін жас ұрпаққа жеткізу. Байкенженің батыр аналары мен ауыл ақсақалдары музейдің табалдырығынан аттаған сәттен-ақ ерекше толқынысты сезінді. Музей ішіндегі тарихи жәдігерлерді көріп, өздері куә болған кезеңдерді еске түсірген қариялардың жүзінде қуаныштың лебі байқалады. Көпшілігі экспонаттарға қарап, өз заманының оқиғаларын, жастық шағын есіне алып, әңгіме тиегін ағытты.
Шара барысында музей қызметкерлері ардагерлерге экспозицияларды таныстырып, тарихи деректерді айтып берді. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдары жинақталған құнды мұралар, Сыр өңірінің шежіресі, Ұлы Отан соғысы жылдарынан сақталған жәдігерлер қариялардың ерекше назарын аударды. Бірқатар ардагерлер өз әке-шешесінің немесе ауылдастарының аты жазылған құжаттар мен фотосуреттерді көріп, өткенді еске алды. Мұндай сәттер музейдің тек өткенді танытатын орын емес, жүректерді тербеткен, өткенге сапар шектіретін қастерлі мекен екенін де айғақтайды.
– Бүгін біз үшін өте қуанышты күн болды. Тарихи мұраларды көзбен көру адамға ерекше әсер сыйлайды екен. Жастарға осындай қазына қажет. Бұл бастамаларыңызға рақмет, – деді Балтабай Серкінбайұлы.
Ауыл үлкендерін аудан орталығына әкеліп, жаңа орынмен таныстыруға атсалысқан округ әкімі Нұрғали Оспанов үлкенге құрмет көрсетудің үлгісін танытқан музей басшылығына өз атынан рахметін айтты.
– Бүгінгі бастаманың ең үлкен құндылығы – үлкенге құрмет көрсету. Қарттарымыз біздің тарихымыздың тірі куәгерлері. Олардың жүріп өткен жолы мен өмірлік тәжірибесі жас буын үшін баға жетпес қазына. Музейге келіп, жәдігерлерді көзбен көру арқылы жас ұрпақ өз тамырына жақындай түседі, елдік пен бірліктің мәнін ұғынады. Тәрбиенің ең үлкен мектебі – осы. Сондықтан барша атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Бүгінгі шара біздің көңілімізден шықты. Алдағы уақытта да ардагерлерімізді ардақтау шаралары жалғасын таба беруіне тілектеспін, – деді ауыл әкімі.
Иә, қарттар күні – үлкенге деген ізеттің, ұлттық дәстүрді жаңғыртудың жаңа белесіне жол ашуымен маңызды.

Мөлдір Дүйсенбаева

30 қыркүйек 2025 ж. 164 0