Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Тарихты ұлықтау – ұлтты сүюден басталады

Тарихты ұлықтау – ұлтты сүюден басталады


Жаңақорғанның топырағында өсіп-өніп, кеудеде бүр жарған білімге, өнерге деген құштарлықты қажырлы еңбегімен ұштап, ұлағат биігіне көтерілген жандар аз емес. Солардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Сабира Сайфулмаликовамен елге келген сапарында арнайы жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті.
Ғалымның Қазақстанның ХХІІІ-ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихын зерттеумен қатар оқытушылық қызметті егіз ұштастырып келе жатқанына отыз жылдан аса уақыт өтіпті. Ғылым көкжиегінде төл тақырыбын тапқан туған жер перзентінің әрбір жетістігі біз үшін де мақтаныш. Әңгімеміз де осы мазмұнда өрбіді.


– Сіздің ғылым жолын таңдауыңызға не себеп болды?
– Біздің ұрпақтың бір артықшылығы, кітап оқып өстік. Әсіресе, әкемнің дүкенге түскен ең бірінші кітапты сатып алып келетін әдеті болушы еді. Оны түсінейік, түсінбейік, әкемізден соң оқып шығатынымыздың пайдасын кейін көп көрдік. Ой-өрісіміз кеңейіп, таным-талабымыз артып, кәдімгідей бұл кітаптардың өзін жақын тұтқан жанның келешегіне кемел жолбасшы бола алатынына өз басымнан мысал келтіре аламын, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
– Оқушы кезімде тарих сабағына қызығушылығым басым еді. Аудан орталығындағы №51 Мұхамеджан Қаратаев атындағы мектепте сегізіншіні бітірген соң Қызылорда қаласындағы Мәншүк Маметова атындағы педагогикалық училищеде білім алдым. «Ата-ана – балаға сыншы» дейді ғой, анам Талшын Ахметқызы менің жоғары оқу орнында білім алуыма ерекше ынталы болды. Сол кісінің тілегімен сол кездегі астанамыз Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне құжат тапсырдым. Оқып жүріп ғылымға ден қойдым. Ғылыми жұмысым бойынша Ташкенттің маңайында тұрып жатқан нағашыларымның үйіне жиі жолым түсетін. 2008 жылдан бастап Ташкенттің архивіне сырттағыларға есік жабылған еді, бір жыл болды, қайта ашылды, – деді ол.
Сабира Сабытханқызы 1998 жылы кандидаттық диссертациясын «Сырдария аймағындағы әскери-жаулау операциялары» тақырыбында қорғап шыққанын айтады. Ондағы Сырдария аймағына қарасты Қазалы, Перовск, Түркістан уезінің құрылу тарихы туралы ізденісін кеңейтіп, 2013 жылы докторлық дәрежесін қорғаған. Енді осының негізінде монография жазуды міндетіне алып отырғанын әңгімеледі.
Қыр қазақтарының Санкт Петербургке сапары жөнінде мәліметтер тапқан ғалым әсіресе Перовскіден өте көп делегация барғанын айтады. Коронацияға қатысқан қазақтар туралы да бірнеше мақалалар жариялапты. Патшаның коронациясына қазақтан қатысқан ең бірінші Жәңгір хан болғанын айтады. Қазақтың Ресеймен қарым-қатынасы 1731 жылдан бастау алды. Бірақ Коронацияға, яғни патшаны таққа отырғызу рәсіміне татарларға, содан кейін басқа ұлттарға, соның ішінде қазаққа сол кезде рұқсат берілген.
Қазақ тарихында 1916 жылғы көтеріліс туралы сөз болғанда Сырдария облысында көтеріліс болған жоқ дейді. Шын мәнінде Сырдария облысынан қолына қару алып атқа мінген қазақ аз болмаған. Ақмоладан, Сырдариядан бас көтерген қазақтар Торғайға барып жиналған.
Кең байтақ далада шекара болған жоқ. 2,5 мың шақырым жерлерге дейін көшіп-қонып жүрген қазақтар 1867-1868 жылғы реформадан кейін шекара белгіленумен ол үрдісті шектеген. Оның үстіне қоныстанған орыстарға жер бере бастады ғой, Сонымен қазақтың дәстүрлі көшпенді мал шаруашылығы трансформацияланды. Онымен қоса бүкіл шаруашылық өзгере бастады. Жер, әкімшілік аумақ, барлығы өзгерді, – дейді Сабира Сабытханқызы.
Негізінде ХІХ ғасырды зерттеп жүрген ғалым-жерлесіміздің Кеңесары хан туралы жинақтаған құнды деректері көпшіліктің қызығушылығын тудырып келеді. Осы тақырыпта мерзімді басылымдарда мақалалары жарық көріп, телеарналарға жиі сұхбат беріп келеді екен.

«Қазақтың оқығандары туралы зерттеп жүрмін»

Сабира Сабытханқызы соңғы кезде жан-дүниесімен аса зер салып, құнды мағлұматтарға қол жеткізген мына төмендегі деректер көңілімізге ерекше әсер етті. Осы біз қазақтың оқығандары мәселесіне келгенде кеңес дәуірінен бері қарай ғана қайырады екенбіз. Негізінде бұл тенденция патшалық революцияға дейін бастау алған. Ғалым осы жөнінде нақты дәлелдеу үшін алдымен олар білім алған оқу орындарының тарихын тереңдеп зерттеуге ден қойыпты.
Осы ретте қазақ интеллигенциясын қалыптастырған алғашқы оқу орындары – мұғалімдер семинариясы деген нақты тұжырымға тоқтайды. Түркістанда, Қазанда, Ақтөбеде, Оралда, Семей қаласында ашылған мұғалімдер семинариялары дала қазақтарының арасынан тұлғалар дайындап шығуда қандай роль атқарды? Осыны зерттеп-зерделеп ашып көрсетуге ұмтылып келеді екен.
– Бізде әдетте гииназияның тарихын жазған кезде оның қабырғасынан шыққан тұтас тұлғаға басымдық беріледі де, оқу орнының тарихы ескерілмей қалады. Менің негізі мақсатым – осы олқылықтың орнын толтыру. Мәселен, Семей мұғалімдер семинариясының тарихын зерделей келе, сол кездегі білім беру деңгейінің тынысымен жете танысуға қол жеткіздім. Тіпті Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың бағалары қойылған табеліне дейін ұстап көрдім. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы қамқорлығымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасының грантын жеңіп алып, Мәскеуден тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алдым. Геосаяси жағдайларға байланысты ол жаққа сапарымды Қазанға ауыстыруға тура келді. Бұл жақтан да олжалы оралдым. Қазан мұғалімдер семинариясының тарихымен жан-жақты танысуыма мүмкіндік туды, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, қазақ зиялыларының көбі гимназияда оқыды, одан әрі білімін университетте жалғады. Осы оқу орындарының көпшілігінде таңертеңгілік сабақ Құдайға мінәжат етумен басталатын болған. Орыс тілі сабағында міндетті түрде Библияға қатысты үзінділер оқытқан. Осының өзі белгілі жағдайда жас өркеннің жан түкпіріне тереңдеп еніп, сүйекке сіңсе керек. Қазақ оқығандарының көбінің орыс қызымен некелесу себебін де осыдан іздейтінін айтады ғалым.
– Қазақ оқығандарын шоқынды атандырған жел сөздердің дені оқу орны қабырғасындағы осындай ережелерден етек алды деп есептеуге негіз бар сияқты. Бұл жөнінде деректерге кезіге алдыңыз ба?
– Бұл сұраққа қазақ даласының алғашқы ұстазы атақты Балқожаның ұрпағы Ыбырай Алтынсариннің бір өзінің ғана күрделі тағдырынан жауап табуға болар еді. Атасы Балқожа би кезінде Орынбор шекара комиссиясын басқарған Григорьев деген кісімен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Соның арқасында біраз қазақ жастары Орынбор кадет корпусында, одан әрі атақты Омбы кадет корпусында оқыды. Омбыдағы атақты кадет корпусын оқығанның бірі Шоқан Уәлиханов. Ал Орынборда оқығандардың ішінде Салық Бабажанов бар. Екінші толқын 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясы ашқан мектепте білім алған. Орынбор қаласында ашылған осы оқу орнына бірінші қабылданған шәкіттері ішінде Ыбырай Алтынсарин де болды. Өте жақсы бағаға оқыған. Кейін ол мектеп ашу жұмыстарымен айналысады, Торғай облысында алғаш рет қыздарға мектеп ашты. Сондай-ақ әр аймақта болыстық мектептер ашпақ болған, бірақ мүмкін болмады.
Ыбырай Алтынсарин 49 жыл ғана өмір сүрді. Әйелі Айғаныс та Қостанайда ашылған қыздар гимназиясында білім алған. Екі ұлы Тройцк гиназиясында оқыған. Оны дәлелдейтін құжаттары бар. Ыбырай Ильминскиймен өте жақын дос болған. Ыбырайдың мектеп ашу ісіне болысып, оқу министрі Толстой деген кісімен кезіктіріп жүрген де осы Ильминский. Ильминскийдің Ыбырай Алтынсарин туралы естелік кітабында осынау қыр азаматымен қалай танысқаны туралы жан-жақты әңгімелейді. «Орынбор шекара комиссиясының төрағасы үйінде қонақта болған кезімде көзіме бір қазақ баласы түсті. Танысып, өзіме жақын тарттым» дейді. Әрине, бұл жерде Ильминскийдің мақсаты қазақ жастарын өзіне үйіріп, шоқындыру. Білім жолындағы мақсат-мүдде бірігіп, арман-тілек бір арнаға тоғысса-дағы бұл тұлғалардың сенім мәселесіне келгенде аралары алшақтап, қайта бас түйістіріп, алма-кезек әрі-сәрі күй кешкен жағдайлары да содан.
Ильминский Ташкентте Түркістан мұғалімдер семинариясы ашылғанда алғаш шәкірттерін сол жерге жіберген. Солардың ішінде Библияны аударған шәкірті Остроумов та болған. Оны жібергендегі мақсаты да белгілі еді.
Құжаттардан тағы мынадай деректерге кезіктім.
Орынборда мұғалімдер мектебі ашылған кезде оқу орнының директоры қазақ жастарын шоқындырмақ ниетте бәрінің алдына жаттауға кітап тастап кетеді. Қазақ балалары бұл тапсырманы орындауға қарсылық танытады. Тіпті сабаққа келмей бай­кот жариялаған. Ыбырай Алтынсарин мектеп басшылығының негізсіз бұйрығы жөнінде Ильминскийге жазған хатында: «Ақыл-есінен адасты ма? Қазақ балаларын шоқындырмақ» деп жазған. Бұл оқиға туралы архив құжаттарында еш дерек кездестіре алмайсың. Ол жерде «тәртіпсіздікке барды» деген де қойған. Ал ол тәртіпсіздіктің негізгі себебі Ильминскийдің естеліктерінің ішінде тұр, - дейді ғалым.
Ғалым архив құжаттарында ішінара шоқынған қазақтар туралы да тосын деректерге кезіккенін айтады. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің бұрын жарияланбаған хаттарына да қол жеткізе алыпты.
– Ыбырай Алтынсариннің достарының барлығы миссио­нерлер болған. Олар Ыбырай Алтынсаринді Алексей деп жазады. Ыбырай Алтынсарин туралы Ильминский: «Қайтыс болған кезде келдік. Бірақ қазақтар жақындатпады» деп жазыпты.
Ыбырай Алтынсаринге өмірінің соңында «цирроз печень» деп диагноз қояды. Шындығында өмірінің соңы сұрықсыз, қоғамнан бөлектенген жағдайын көрсетеді, – дейді ғалым.
Ғалым өзінің сөзінің түйінінде мынадай пікірін нық жеткізді: Сол кезеңдерде қазақ баласын өз дінінен бездіріп, жат сенімге шоқындыру талабы жүрді. Миссионерлік саясат та өте күшті болды. Осыған құрамы аз ғана болғанымен рух қуаты мықты қазақ жастары қасқайып қарсылық таныта алды. Бір қолдың саласындай, жұдырықтай түйілген бірлігімен шоқындыру қасіретіне қарсы тұра алды. Ал қазір біздің оқыған-тоқыған, көзі ашық, көкірегі зерделі деген жастарымыздың теріс ағымдардың жетегінде өз жолынан жаңылған көзсіздігіне қарның ашады».
Өткен тарихыңды таразылап, ақиқатқа ой жіберу қателікті қайталамау бір бөлек, тұтас дәуірді қиянаттан арашалайды. Осы бағытқа тұтас ғұмырын арнап, табанды тер төгіп келе жатқан ұлтжанды тұлға, ұстаз Сабира Сабытханқызымен алдағы уақытта да үзбей байланысып, әсіресе атамекен тарихына қатысты құнды деректермен бөлісіп отыруға уағдаластық.

Баян ҮСЕЙІНОВА
30 тамыз 2025 ж. 263 0