Сенім мен серт

Адам атын асқақ ұстап тұрар асыл қасиет бұл. Сертке адалдық – бұл әулеттің алтын қазығына айналып, атадан-балаға мирас болып жалғасып келе жатқандай. Нақ бүгін өмір сүріп жатқан ХХІ ғасырда оның көш басында көзі тірі, кеудесі шежіре тұнған Ысмайылқызы Файза апамыздың айтары көп екен.
Әкелері Ысмайыл Мырзабекұлы 1911 жылы Жаңақорған кентінде дүниеге келіпті. Үш жасқа толар-толмас анасы бақилық болып, әкесі Мырзабектің кішкентай сәбиін әйелінің төркіндерінің қолына тапсырудан басқа шарасы қалмаған. «Нағашы апеке –ана орнында» деген, мейіріміне сенгенмен мезгілдің тым қатыгез ауыр кезеңі, жалғыз ұлын өлтіріп алам ба деген қауіппен оқу жасына толған бойда көкөрімді Түркістан қаласындағы кеңес үкіметі ашқан балалар үйіне апарып тапсырады. Жас өрен осы жерде Саттар Ерубаевпен бірге оқыған екен. Оның жазушының «Менің құрдастарым» кітабын төрінен түсірмей, құранның хатындай қадірлеп өтуінің сыры осында жатса керек.
Өзі де оқуға зерек, ынталы, жігерлі жас мектептен соң мамандық алуды мақсат қылып, Ташкенттегі тау-кен институтына оқуға түседі. Отызыншы жылдардың ашаршылығы қысқан ауыр кезең, ақыры жоғары оқу орнын толық аяқтауға мұрша келтірмей, ауылына оралады.
Сол бір азапты жылдарды еске ала сөйлеген әкесінің «Аштықтан бірінші күні басымыз ауыратын, екінші күні құлағымыз шыңылдайды, үшінші күні көзіміз бұлдырап құлауға шақ қалар талай күндер өтті ғой» деген күрсіністі естеліктері ұрпақ есінен кете қойған жоқ.
Әскери борышын өтеу үшін Түркменстанға аттанған жас кезекті жауынгерлік тапсырманы атқарған жорық жолдарында шөлді аймаққа тап келіп су таппай қаталағанда жорықта жаңбыр суы шөккен көлшіктен су ішуге мәжбүр болған екен. Сүзек ауруына ұшырап екі ай госпитальде жатады. Беті бері қарар болмаған соң еліне қайтарылыпты. Әкесі жалғыз ұлын Жаңақорған станциясынан күтіп алып, үйіне ат арбаның үстіне жатқызып алып келеді. Шаруақор әке мал бағудан бөлек есік алдына қауын-қарбыз егетін. Бақшалықта түйнек байлап жатқан кез. Қызығып кетіп дәрігердің «Жеміс-жидек аузыңа алушы болма, өлесің» деп қатал ескертіп жіберген кеңесіне қолды бір сілтеп, кәмек қауынды алдырып жеген науқас жігітке бұл керісінше ем болып ауруынан айығады.
Білімге ынтызар азамат жатпай-тұрмай ізденіп, Ленинградтағы өрт сөндіру техникумына оқуға түсіп, оны кілең бестік бағаға бітіреді. 1937-1939 жылдары ауданда милиция қызметінде тәжірибесін шыңдайды. Осы қызметте жүріп адам өмірі мен қоғам мүлкін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауда адалдығымен ерекше көзге түскен маман облыстық өрт сөндіру бөлімі жұмысын басқарады. Соғыс басталған жылдары Сталиннің өрт сөндіру қызметкерлері майданға алынбасын деген бұйрығы шығып, броньмен тылда қалдырылады. Бірақ тылдағы жағдай да өте ауыр еді. Соғысқа барудан қашып бой тасалаған дезертилер қарусыз да емес, сондайларды қолға түсіруде өзі де жараланады.
Ысмайылдың жары Мұсалима да (суретте) елдегі жаппай мобилизациялау науқанына белсенді қатысып, өзі де майданға аттануға сұранады. Сынақтың барлығынан өтіп тұрған келіншектің жүкті екені анықталып, әскерге сұранған өтініші қабылданбайды.
Мұсалима елдегі атақты молда Рыспанбеттің қызы еді. Әкесінің он алты жастағы Мұсалиманы өзінен он үш жас үлкен қызыл әскерге күйеуге бергенде өзінің айыбын жуып, кеңес үкіметінің қуғын-сүргінінен аман қалуды мақсат етсе керек.
Ысмайыл Мырзабекұлы (суретте) соғыс аяқталысымен Қызылордада түрме бастығы болып тағайындалып, он жыл қажырлы тер төгеді. Ол кездері түрмеде өзге ұлт өкілдері де аз емес. Арасында жат жерден айдалып келген баскесерлер де кездескен қатерлі оқиғалардың талайы бастан өтті. Бұрын сақшылық қызметінде жүріп алған жарақаты асқынып, 1955 жылы туған жері – Жаңақорғанға келіп орнығады. Ол кісінің үкімет ісіне берілген адалдығының айқын көрінісі – ағайынның әжуасын арқалап елге екі чемодан кітаппен ғана оралғаны еді. Ауылға келген соң аудандық астық қабылдау пунктінің бастығы болады.
Ысмайыл Мырзабекұлы 1992 жылы сексен екі жасында өмірден озды. Тірлігінде көп сөйлемейтін, ешуақытта артық мақтануға жоқ, тура мінезді әкелерінің дүниеде байлық арттырмаса да дос, жолдас, туыс, айналасына қадірмен азаматтар арттырғанына соңында қалған ұрпағы сол кезде көз жеткізді. Жаназаға алыс-жақыннан жиналған көпшілік арасында «Бұл кісінің осындай жақсылығына кенеліп едім, қол жәрдемін көп көріп едім, қысылып тұрғанымда қаржылай демеп әкемнен артық қамқорлығын жасап еді» деген кісілердің көптігін көрген перзенттері жүз жыл өтсін мейлі, кісінің алдынан шығар жақсы істің баяндылығына көз жеткізген еді.
Отбасында өмірге келген бір ұл, бес қыздың барлығы жоғары оқу орнында білім алды. Әскери қызметкер, сонымен қатар білікті басшы болған әкелері қатал тәртіптің адамы болғандықтан жанұяда тәрбиеленген ұл-қыздың барлығы да қарақан басының қамын ойлаған қасиеттен жоғары тұрды. Оларға өз ата-анасының өмір сүру дағдысы – айқын бағдаршам сынды, сол жолдан ауытқымауға тырысты. Жеткіншек үшін алдыңғы буынның әр ісі – үлгі. Әкелерінің көзін ашқаннан көрген қоғамшыл көзқарасы бұл отбасының ортақ тәртібі мен талабына айналды. Қыздарының айтуынша, әкелері бүкіл өмірінде өзі тамақ ішкен ыдысты өзі жуып, орнына қоюды, жетісіне бір күнді міндетті түрде моншаға бөлу, жылына бір рет курорт-санаторияға барып денсаулығын түзеп қайтуға арнаудан бір рет те жаңылмаған екен. Осындай тәртіпті үй ішінен де талап еткен. Соғыс кезінде туған Файза апа еңбек жолын аудан орталығындағы №51 мектепте ұстаздықтан бастап, ширек ғасыр бала оқытты. Рахима аудандық поштада қызмет етті. Сәбира, Нағима, Салима, барлығы да бір-бір мамандық иелері атанып, отбасын құрып, өз әулетінің абыройлы келіндері болды. Әке кіндігінен тараған жалғыз ұл – Ильяс Мырзабекұлы ұзақ жыл аудандық поштада арнайы байланысшы қызметін атқарып зейнетке шықты. Есімі республикалық Құрмет тақтасына жазылды. Ильястан туған екі ұлдың бірі – Санжар әскери қызметті таңдаған еді. Жүрегімен қалаған елді қорғау сапында, өзі қызмет ететін әуе-десант бригадасы құрамында кезекті жаттығуда жауынгерлердің техникалық қателігінен кездейсоқ мерт болып жастығын ала құшуы бұл отбасына ауыр соққы болды. Санжардың мезгілсіз қазасы әсіресе оны сәби күнінен меншіктеп бауырына басып, аялап өсірген әжесінің жанына қатты батты, сүйікті немересінің соңынан он айдан соң, 2001 жылы жетпіс жеті жасында бақи дүниеге аттанып кете барды.
Ильястың екінші ұлы – Айдар да бүгінде ер жасы – елуге таяп қалды. Табанды мінезге бай, ер тұлғалы азаматтың ата жолын қуып, аудандық өрт сөндіру мекемесінде абыройлы қызмет етіп келе жатқанына өзіміз куәміз. Бұл үлкен шаңырақтың түтінін жалғаған Ильястың жары Анар апайымыз бүгінде – елдің анасы.
Өмір – жалған деп жатамыз. Солай шығар, бірақ бір ақиқат нәрсе, рух өлмейді, бабалардың жүріп өткен ақиқат жолы, ұстанып өткен қадір-қасиеті бойдағы қанды тасытып, ұрпаққа айқын жол, айнымас бағыт сілтеп келе жатқанына Мырзабектен тараған перзенттердің осынау тағдыр-тағылымы дәлел дер едім. Олардың әрбірі – Асылдың сынығы ғой. Оған кір жұқтырмай келе жатқан ұрпаққа мың алғыс!
Баян ҮСЕЙІНОВА