№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

№39 (8853) 27

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » » Олар біздің жүрегімізде

Олар біздің жүрегімізде


Кешегі қанды қырғын майдан даласында жауқазын өмірі қиылған боздақтардың қатарында туған жеріміздің түлегі, Кеңес Одағының батыры Александр Дмитриевич Романовтың орны бөлек. Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, қатыгездік атаулыға қалқан бола білген осынау тұлғаларға қалтқысыз құрметтің өзі әркімнің деңгейіне байланысты көрініс табады екен.


Бала жастан жаным сүйген өнерді өршіл рухпен ұштастырып, ең алғаш өмірге өлмес туынды әкелуіме себепші болған да осындай қаранар ерлерге деген ерек сүйіспеншілік еді.
1985 жылы жастардың республикалық «Жігер» фестивалі өтіп, онда Жаңақорғаннан қатысқан жас талапкерлер Берік Бейсенұлы мен Болат Қорғанбеков, поэзия мен проза жанрынан, Сауран Елеуов саз өнерінен жүлделі болғаны есте. Солардың қатарында Төменарық жерінен майданға аттанып Кеңес Одағының батыры атанған қаһарманның мүсінін соғуға тәуекел еткен тырнақалды талабым мені де көпке танымал етті.
Алдымен облыста өткен саралау комиссиясына ұсынған «Жеңіспен оралу» атты темірден соғылған композициям және Кеңес Одағының батыры Александр Дмитриевич Романовтың бюсті көпшілікке ұнап, Жеңіс күніне орай ашылғалы тұрған осындағы көрмеге қойылатын болды. Бірақ Төменарық ауылындағы А.Д.Романов атындағы №53 орта мектеп басшылығы бюсті білім ордасына табыстауымды қатты өтінді. Жеңіс күні батырдың өз атында аталатын мектеп­те ескерткіш-мүсінінің қойылуы ауыл үшін де ерекше жаңалық еді. Мектеп ұжымының меселін жықпай, ертеңіне өтетін шараға бюсті әкеліп үлгеру үшін қалаға барып, көрменің егесін әрең көндіріп қоладан соғылған құнды дүниемді әрең дегенде алып шықтым. Оны ауылға жеткізгендегі тауқыметімді айтпай-ақ қояйын.
Жеңіс мерекесі күні мектеп алдына жадыраңқы жүзбен жиналған ауылдың жас-кәрісі алдында тұғыр үстіне жабылған ақ жабындыны сыпырып тастағанда ду ете қалған дауыстар арасынан батырды бала кезінен білетіндердің: «Өй, мынау, баяғы құлағы қалқиған Сашамыздың өзі ғой» деген сөздері бүкіл бейнетімді бір күнгідей қылмай жуып жіберді. Жанардан жас бұрк етті. Өзіме емес, қарапайым ғана тұрқыма жаратқан ие жомарттықпен сыйлаған өнердің құдіретін тұңғыш рет түйсініп басымды идім.
Мектеп алдына қаз-қатар қойылған орындықтардың бірінші қатарында соғыс және тыл ардагерлері – Күнтуаров Нұртаза, Бекжанов Мұратбек, Мұсабаев Абыдын, Құдияров Сейтжаппар, Алдабергенов Қожахмет, Павел Григорьевич Нуламин, Қосымов Сейман, Малдыбаев Қалдар, Мырзахметұлы Сәрсенбек, Құрбанәлиев Бұлдырық, Әлиев Сүлеймен, Мамбетоа Әбдрашит, Абдуллаев Оқап, Сүлейменов Убайдулла, Сапаров Сұлтан ағаларымыз қасқайып отыр еді. Осы асқар ағаларымыздың шынайы қошеметінен өзім де батыр атағын алғандай сезімде болғанымды несін жасырайын? Аға толқын естеліктер айтып, жас өрендер бірінен соң бірі шығып жеңіс туралы тақпақ айтты, хормен ән шырқады Сол бір жарқын сәт менің жастық санамда мәңгілік сақталып қалды.

***

Енді бір сәтке ғана шегініс жасап, батырдың мүсінін соғу туралы идеяның қайдан, қалай туғанын баяндап берейін.
1984 жылы оқуды бітіріп келіп, Жаңақорған мәдениет үйіне халық театрының көркемдеушісі болып жұмысқа орналастым. Осы жылы алаңда өткен Жеңіс парадына әзірлеген қойылымымды ауданның сол кездегі басшысы Сәмит Далдабаев ағамыз жоғары бағалады. Ауданымыздан шыққан екі Кеңес Одағының батыры бар, бірі – Әнуар Әбутәліпов, ол кісінің көзі тірі. Мерекелік шеруде қатарластары – Айтмахан Нақипов, Әбіласан Әшірбеков, Балғабай Әлімбетұлы, Әбсемет Мәдиев, Нәжім Жамуров, Қожахмет Ауанов, Омар Тойымбетов, Махметжан Сапарбаев, Тасан Әбенов, Павел Козырев, Нәжім Мыңбаев, Ергеш Сабырханов, Кенже Жүсіпов, Темірбек Сатыбалдиев, Тілеу Тотаев, Зұлпыхар Байзақовтармен бірге мерекелік шеруге арнайы әзірленген борты ашық автокөлікке жайғасып қалың жұртшылық алдынан сән-салтанатпен алып өтетін дәстүр бар-тын. Егер көзі тірі болғанында төменарықтық батырымыз да осы кісілердің ортасында жүрер ме еді деген таза көңілдің тілегі болар, соңында жоқтаушысы жоз осы бір боздақтың есімін тарихта қалдырсам деген балапан тілек бүр жарды көңілімде. Әкеме қайтып көріп ем, қуана қоштады. Іске кірісіп кеттім. Бірақ материал жағы қазіргідей қолжетімді емес. Гипс дегенді стомотологиялық кабинеттерден ғана табасың. Батырдың мүсінін жасауға қажет екі қап гипсті әкем жарықтық үлкен қиыншылықпен жүріп тауып берді. Ол кезде мүсіншіні ауданда шырақ ұстап іздесең де таппайсың. Балам кәсіби скульптор деген мақтаныштың өзі әкемнің екі аяғын жерге тигізбей барлық керегіме қолұшын созды.
Жеңістің 40 жылдық мерекесінде мектепке сый ретінде батырдың мүсінін тарту еткеніме ризашылық білдірген мектеп ұжымы ұсынған шынжыр баулы қабырға сағаты да сол күндерден ескерткіш ретінде үйімнің төрінде ілулі тұр. Осы бір кішкентай сыйдың өзінде көңілдің құрметі жатыр. Тіпті сол күндері аудандық «Коммунизм жолы» газетінде «Темірге жан бітірген мүсінші» деген тақырыпта мақала да жарық көрді.
Сол күндері арамызда көзі тірі жүрген соғыс ардагерлерінің қатарында менің әкемнің ағасы Амандықұлы Алиакбар да бар еді. Ол кісі Ташкенттегі жоғары оқу орнын бітіріп, орта Шыршық ауданында комсомол комитетінде қызмет істеп жүрген жерінен 1941 жылы майдан қатарына алынады. Ол соғыста Берлинге дейін барған жауынгер. «Ленинград қаласын жаудан құтқарғаны үшін», «1945 жылғы Берлин қаласын шабуылдау кезіндегі ерлігі үшін» медалімен» Ұлы отан соғысының 2-ші дәрежелі» және «Ұлы отан соғысының Жеңіс медалімен» марапатталған. Атқыштар ротасының командирі капитан шенінде туған жері – Жаңақорғанға жеңіспен оралады. Бұл кісінің еңбек жолы Тойтөбедегі №48 Гайдар атындағы оқу ошағына басшылық етумен жалғасып, зейнет демалысына шыққанша мектеп директоры қызметін ат­қарды. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, халықтар достығының қанат жаюына белсенді тер төкті. Тойтөбе қалалық кеңестің депутаты ретінде жергілікті жердегі түрлі ұлт өкілдерінің ауызбіршілігіне атсалысты. Кезінде туысқан өзбек халқын паналап барған жерлестерінен көмек-қамқорлығын аямады. Жары Нұрила апамыз екеуі жеті перзентті өсіріп тәрбиеледі.
Алиакбар атамыз 1988 жылы өмірден озды. Теледидарда көрсетіліп жатқан соғыс ленталарынан Берлин қаласын алу кезіндегі қиян-кескі жорық жолында өзінің соғыс кезінде жүрген жерлерін анық көріп қатты толқыған көрінеді. Қияпат күндер көрінісінің ауыр әсер еткені сондай кенеттен жүрегі ұстап сол жерде мәңгілік сапарына жүріп кетіпті. Бұл жөнінде біздің тоқсаннан асқан анамыз осы жақын күндері маған сыр қылып айтып бергенде қатты толқыдым.
«Елу жылда - ел жаңа» демекші, Жеңістің 80 жылдық мерекесіне де санаулы күндер қалды. Сол кездері соғыс майдангерлерінің әңгімесін өз аузынан тыңдағанда шытырман хиқаяға толы кино көріп отырғандай әсерде қалатын өрендердің алды – біздердің жасымыз да алпысты алқымдап қалыпты. Өткен күндер шежіресін жаңартып, ұрпақ санасына тірілтіп отырғандағы мақсатымыз – бейбіт елдің ұланы бүгінгі жарық күннің қадіріне жетсе екен деген тілек. Жарық күніміздің бетін бұлт щалмасын!

Рысбек Амандықов,
Мәдениет саласының үздігі,
Астана қаласы.


22 сәуір 2025 ж. 326 0