Адам ұрпағымен мың жасайды

Адамзатқа өмір жарығын сыйлар ардақты ана есімі әрқашанда қастерлі, сөзі – өсиет, тұғыры биік. Жүрегінен мейірім төгілген аяулы жанның өмірде арттырған сыбағасы – алтын босағасы мен пейілді перзенттері. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ғалия Бұлдырыққызы бау-шарбағын кеңге жайған жан. Балалары медицина, білім, өндіріс пен теміржол саласында тер төгіп келе жатқан білікті маман иелері. Жеті бірдей ұл-қызды өмірге әкелген алтын құрсақты анамыз шөбере қолынан су ішіп, шаңырағын шуаққа бөлеп отыр.
«Отбасы – шағын мемлекет». Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт-берекесі. Әйел-ана отбасының жылуы, қоғамның ертеңі саналар болашақтың ұйытқысы. Қазақ халқы қашан да ананы ерекше құрмет тұтып, «Ана – өмірдің шырағы» деп қадірлеген. Сондықтан анаға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Олар кез келген құрметке лайық.
Ғалия Сәулебекқызы еңбек адамы, теміржол саласында да тер төкті. Жары Сайлаубек көкеміз өмірден ерте озса да, артында өнегелі ұрпағы қалды. Аяулы ана жеті перзентінен 25 немере-шөбере көріп отыр.
Ғалия апаның өмір жолы тағылым мен өнегеге толы. Балаларының әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, сан түрлі салада қызмет атқарып жүргенін жоғарыда айттық. Жеке тоқталатын болсақ, қыздары Эльмира медицина саласында, Алмасы білім беру саласында еңбек етеді. Кенже қызы Айнұр психолог маман. Сонымен қоса кәсіпкерлікті қатар алып жүр. Ұлдары да түрлі мамандық иелері. Үлкен ұлы Сержан АО «Волковгеология» мекемесінде еңбек етсе, ортаншы ұлы Бауыржан теміржол саласының маманы, кіші ұлы Сабыржан Қызылорда облысындағы қалалық аурухананың травмотология бөлімі басшысының орынбасары, білікті травмотолог дәрігер. Өкініштісі, тұңғыш қызы Мәрия өмірден өтіп кетсе де, артында өсіп келе жатқан ұрпағы қалды. Келіндері мен күйеу балалары да ағарту мен өндіріс саласынан алыс емес. Әрбірі бір-бір мекеменің бетке ұстар беделді қызметкерлері.
Ғалия апа – отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын жан. «Ұрпағымның амандығы – менің ең үлкен бақытым» дейді. Бүгінгі мерекеде осындай алтын құрсақты аналардың еңбегі бағаланып, өмір жолы жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Батыр ананы мерекесімен құттықтап, ұзақ ғұмыр, денсаулық, немере-шөберелерінің қызығына кенелуді тілейміз.
Сөз соңында айтарымыз, Ғалия апа сияқты батагөй аналарымыз алдымызда аман жүргенінен артық қуаныш бар ма?
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
Пікір 2