» » » Алла елшісі ардақталған күн

Алла елшісі ардақталған күн


Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселенің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Қай халықта болсын дін мен дәстүрдің қоғамдағы орны мен ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасуы үшін де атқарар маңызы зор. Осы мақсатта Жаңақорған ауданына елімізге белгілі ұстаз, исламтанушы Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы аудан жұртшылығымен кездесіп, жұма күні уағызын айтып, «Айқожа Ишан» мешітінде Пайғамбарымыздың өмірбаянынан «Әлемнің рахым нұры» атты облыстық сира сайысына қатысты.


Ауданға арнайы келген Нұрсұлтан ұстаз алдымен кент орталығындағы “Алты ата” мешітінде жамағатпен кездесіп, “Пайғамбар өмірінен өнеге” тақырыбында уағыз айтты.
Ілімді ұстаздың ауданға келуіне «Doner Kinq» тағамдар желісінің басшысы, белгілі кәсіпкер азамат Бигелді Мырзанұлы ықпал етіп, демеушілік көрсетті. Жаңақорғандағы мыңдаған жамағатқа Нұрсұлтан ұстаздың уағызын тыңдауға себепкер болып қана қоймай, шәкірттер арасында тұңғыш рет сира жарысының өтуіне қолдау көрсеткені көпшілікті қуантты.
– Бұл көптен бері ойда жүрген еді. Оның үстіне биыл «Doner Kinq» орталығының ашылғанына да 4 жыл толып отыр. Осы кәсібімді бастап, бүгінде бір емес, төртінші желісін іске қосып жатырмыз. Осы күнімізге шүкіршілік етіп, көпшілікке пайдалы болсын деген ниетте Нұрсұлтан ұстазды шақырып, көпшіліктің көңіліне қонатындай, жастардың көкірек көзін ашатындай уағыз айтылса деп ниеттендік. Одан әрі 7 ауданның арасында сира жарысы ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы жүлделер тағайындалды. Ал, бас жүлде алған жеңімпазға «Умра» қажылығына жолдама бердік. Осы ретте айта кетейін, мен тек қаржылай қолдау көрсеттім. Осы игілікті шараның барлығын Наржан бауырымыз ұйымдастырып, Нұрсұлтан ұстазды арнайы шақырып, барлығының басы-қасында өзі жүрді, – дейді Бигелді Мырзанұлы.
Міне, осылай Нұрсұлтан ұстаз өзінің сапары барысында екі бірдей мешітте жамағатпен кездесіп, қоғамға пайдалы болу, білім алу, іздену, Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен өнеге тақырыптарында насихат айтып, жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Мешітте жиылған адам санынан көз жаңылады. Тіпті, ине шаншар орын қалмай, көпшілігі, күннің ыстығына қарамастан, мешіт ауласында отырды.
Жастардың да, орта буын өкілдері мен қарттардың да жүрегінен орын таба білген дін уағызшысына деген аудан халқының ықыласы мен ризашылығы ерекше екенін осыдан-ақ байқауға болады.
Себебі барлығы дерлік ұстаздың насихатын тыңдап, Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмір тарихына негізделген әсерлі уағыз-дәрістерінен сусындағаны жүздерінен-ақ көрініп тұрды.
– Бүгін сіздердің орталарыңызға келіп, көпшілікпен жүздескеніме қуаныштымын. Осындай игі шараның өтуіне ықпал еткен кәсіпкер азаматқа мың алғыс! Шынайы мұсылман өзі өмір сүріп жатқан ортасына әрдайым пайдалы болуға тырысады. Қоғамда ынтымақ, бірлікті күшейтуге үлес қосады. Мысалы, қарызға, шығынға батып, тығырыққа тірелгенге, жақын-жуығына көмектеседі. Көршісімен жақсы мәміледе болып, көмек керек болса қол ұшын береді, қиыншылыққа тап болса, жәрдемдесіп тұрады. Асыл дініміз ынтымақ-бірлігі жарасқан имани қоғам құруға шақырады. Адамдарды бір-біріне жәрдемдесуге үндейді. Алла Тағала «Бір-біріңе жақсылық пен тақуалықта жәрдем беріңдер!» деген. Халқымыздың «Бірлігі жарасқан ел озады» деген керемет сөзі де бар» деп атап өтті ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбет.
Жұма уағызынан кейін «Айқожа Ишан» мешітінде Пайғамбарымыздың өмірбаянынан «Әлемнің рахым нұры» атты облыстық сира сайысы өтті. Қатысушылар адамзаттың асыл тәжі болған, пайғамбарлардың падишасы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірбаянына құрылған сұрақтар бойынша жарысқа түсті.
Аталған сайыстың мақсаты – жамағат арасында діни сауатты арттыру және Алланың ең сүйікті құлы болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен ғибрат алуға шақыру. Тәлімі мол тағылымды шарада соңғы елшіміздің теңдессіз пәк өмір жолынан сыр шертіп, бар білгенін ортаға салды. Жаңақорған аудандық мешітінің бас имамы Әбдіқалық қажы, орынбасары Дәулет Орынбасаров пен Нұржігіт Сыздықов ұйытқы болып, салиқалы сайыстың жоғары деңгейде өтуіне жауапты болды.
Игі шара жұртымызды жақсылыққа үндейді, жамандықтан аулақ болуға шақырады. Шәкірттер қойылған сұрақтарға жан жақты жауап берді. Сайыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Арнайы құрылған комиссия өкілдері жауаптардың мазмұнына, қатысушылардың ой-өрісі мен таным деңгейіне қарай бағалады. Қазылар алқасының шешімімен әрі қонақтарды мол ақпаратқа қанық қылған сайыстың нәтижесінде, 3-орынды (100 мың теңге) Шиелі ауданының қатысушысы Алмат Кенжеараев, 2-орынды (200 мың теңге) Жалағаш ауданының қатысушысы Ғаламат Сәндібекұлы, 1-орынды (Умра қажылығы) Облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің қатысушысы Тимур Мұстафин иеленді. Сондай-ақ барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар берілді.
– Әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл – менің күштілігімнен емес, Алланың қалауымен болған жеңіс. Аллаға шүкір! – деді жеңімпаз.
Осындай әсерлі сайыстан кейін, кешкісін ұстазбен «Құмсахаба» мешітінде еркін тақырыпты пікір алмасып, Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы ұстаздың уағыз-насихаты ұйымдастырылды. Бұлда болса, имани ахуалды шарықтап алуға сеп болған сауапты шараның бірі ретінде есте қалады. Халыққа рухани азық беріп, айтулы кештің берекесін кіргізген ұстазға көпшілік құрмет көрсетіп, ыстық ықыластарын білдірді.

Әсел РЗАЕВА

13 тамыз 2024 ж. 671 0