ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК!
Атамекенде өсіп-өніп, өркен жайып, өнегелі ісімен көпке көлеңкесін түсіріп келе жатқан ел азаматтарын дәріптеп, еңбегін насихаттау қашаннан келе жатқан асыл үрдісіміз. Әсіресе, мұның келешек ұрпақ үшін тағылымы зор.
Жеке кәсіпкерлікте бағын сынап, өзі ойға алған жобаларын байыпты іске асыра білген меценат, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсеновтың мектеп оқушыларымен кездесуін ұйымдастырған №224 «Өзгент» орта мектебі педагогикалық ұжымының «Сыр сұхбат» кездесу кешіне біз де арнайы шақыру алдық.
«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» деген халық даналығы бар. Бала тәрбиесінің түп қазығын бекемдеуде болмысы бөлек білім ұяларының бұл бағытта жан-жақты мазмұнға бай жоспар түзіп, тағылымды кешті ұйымдастырған талабын шынайы қолдаған ел ағалары, байырғы ауылдың әкімі және мектеп басшылары Асылбек Айтжанов және Қыдыр Үсенов, кәсіпкер, осы округтен алдыңғы шақырылымда депутат болған Бақытжан Төлегеновтер де кешке қонақ ретінде қатысып, жас буынға бата-тілектерін арнады.
Өзгент ауылындағы №224 орта мектебін¬де өткен тағылымды кешті ашып берген мек¬теп директорының міндетін атқарушы Медет Ысқақовтың: «Ауылын көріп азаматын таны» деген бар. Ауылымызда күрмеулі мәселелердің оңынан шешілуіне көмек-қолдауын аямай, жасөспірімдер игілігі үшін таудай іске тәуекел еткен туған жердің азаматы Изатулла Ергешұлын шәкірттерге жете таныстыруды мақсат еттік. Неге десеңіз, кісінің бойына барлық жақсы қасиет бала кезде қалыптасады. «Сыр-сұқбатта» жас толқын осы кісінің ақыл-кеңесін алса, көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ашық-жарқын пікірталас өрбісе деген тілегіміз бар. Изатулла ағамыз өзі туып-өскен Қожакент ауылының орталығында облыста жоқ әлеуетті екі бірдей спорт кешенін пайдалануға берді. Көршілес ауыл ретінде біздің Өзгенттің жастары да сол нысандардың мүмкіншілігінен тыс қалып жатқан жоқ. Бұқаралық спорттың барлық түрімен айналысуға болатын спорт комплексін салып берген аға еңбегін ақтап, әлемдік деңгейде чемпиондар шығарамыз деген үміттеміз.
Барлық қолынан келгенін елінен аямай, қажыр-қайратын ауыл мәдениетінің өркендеуіне бағыттаған ағамызды біз де мақтан етеміз. Емен-жарқын сұхбат алаңында білімігерлеріміз ерекше құрметке ие еңбек адамының бойындағы қарапайым қадір-қасиетіне шынайы көз қанықтырса деген ізгі тілегіміз бар, - деген байлауы терең зият пікірі де көптің көңілінен шықты.
Алдымен экран арқылы Изатулла Үсеновтың өмір жолы туралы бейнероликке кезек берілді. Содан соң сахна төріне көтерілген кеш қонағы жас түлектердің сауалдарына жауап берді.
«Жырақта жүргенде туған жер несімен қымбат?» деген алғашқы сауалға кеш иесінің жауабы өте шынайы шықты.
Өндірдей кезінен еті тірі, еңбекқорлықты қамал еткен қайратты тұлғаның ешкімге жалтақтамай, өз-өзіне шешім қабылдай білетін өжеттігімен өмірдің сан сынағына мойымай, мақсатқа жетуге болатын мысалдарды өз еңбек жолынан өре отырып баяндап бергені өрендердің ойын дөп басқандай.
Елдің алдында жүрген ағаларына қызыға қарайтын кімді болсын осындай жетістікке қалай жетуге болады деген ой мазалайтыны анық. Оқушылар осы сауалдарына жауап тапты.
«Жетістікке жету үшін ерінбей еңбектену, есебін тапқан қабілетіңнен бөлек ең биік құндылық – адалдықты ұлық тұтуың керек. Ешқашан өтірік айтпа. Аманатқа қиянат жасама. Уәде бердің бе, орында. Оқушы кезімнен бүгінгі елу деген ердің жасына дейін ерекше өзіме міндет тұтқан осы қағидаларымнан айнымауға тырысып келемін» деген кәсіпкер азамат бизнестің әліппесін бала жастан бастағанын да жасырмады.
– 1987 жылы мектепті бітірген соң Ресейдің Орынбор қаласындағы зооветеринариялық техникумына оқуға түстім. Осы жерден бірден әскер қатарына алынып, екі жылдан соң оқуымды қайтадан жалғадым. Студенттік кездің өзінде сауда-саттықпен айналысып, көзін тапқанға оның мүмкіндігі зор екенін өз тәжірибемнен көңілге түйдім, – деген ол нартәуекелге бел буғанға жетістіктің жолы даңғыл деген ойын ортаға салды.
Ауыл өмірінде егін және мал шаруашылығының кәсіп өрісін кеңейтуге жағдай мол. 2012 жылдан бастап жеке шаруашылық ашып, осы бағытта кәсібін дөңгелете білген ол бірнеше азаматты жұмыспен қамтыды. 2013 жылы Қожакент ауылына келіп, өзі басқаратын «Нұрбол-И» шаруа қожалығының жұмысына көңілі толған сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың кәсіпкер¬дің еңбегіне разы болып, «қай кезде келсең де қабылдауыма бірден кіруіңе рұқсат» деп жас жігітті қолдауы жұмысына зор серпін бергенін де бүгіп қалмады.
Кәсіпкердің еңбегі жоғары бағаланып, Президенттің Алғыс хатын, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет грамотасын, облыстан, ауданнан салалық грамоталарды еншілеуі де еңбегінің бағаланғанының белгісі.
Изатулла Үсенов өзі өмірге келген қасиетті өңірден шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері – Исатай Әбдікерімов, Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаев сынды азаматтарды тілге тиек етіп, осындай текті жандар дүниеге келген топырақта өсіп-өнген арманы асқақ айбарлы ұл-қыздардың келешегінен мол үміт күтетінін айтып, жас өрендерді жақсы оқуға, көп ізденуге шақырды.
Меценат мектептің ішкі керек-жарағына жұмсауға өзінің атынан 1 миллион теңге ұсынды.
Тағылымды кеш туған жерді гүлдендіруге жүрек сүйіспеншілігі мен махаббатын арнаған аяулы ағаларына өздерінің ән-жырын шашу еткен өнерпаздардың концертіне жалғасты.
Мектеп ұжымы тарапынан да құрметті қонаққа кәдесый тапсырылды.
Баян ҮСЕЙІНОВА