№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Туған жерге тағзым

Туған жерге тағзым


Ата-баба шежіресін жетік білетін әжеміз Дәмелінің өз аузынан көп әңгіме естідім. Әжеміз бірде атамыз Қабылбай туралы мынадай әңгіме айтты. Ол кісілердің өмір сүрген жері Сырдария өзенінің орта ағысында «Ақдөң» деген жер. Қазіргі Жанақорғанның батыс жағында 5-7 шақырымда жатқан «Сырдария» өзенінің жағалауында. Ол жердің балығы тайдай тулаған, аң-құсы жыртылып айрылған. Дарияның жағалауында көлдер мен көлшіктер мол, яғни балықтың нағыз өсіп өнетін жері.


Дарияның жағасында көл дедік, көл болған соң жайылым тоғайы, ну қарағай жиде, шенгел, жантақ, мия, бидайық, міне осылардың арасында аң-құс өсіп өнген. Аң-құс демекші қырғауылды тоғайда бірлі-жарым тұзақпен ұстаған екен. Сонымен қатар өзектердің жағасына өскен шөптің есебі жоқ, көл мен өзектерде қамыс, қоға және нар қамыс иіліп тұратын. «Ақдөңнің» бір шама табиғаты осындай екен.
Тоғайлы жер болғандықтан болу керек, 1900 жылдарға дейін мұнда жолбарыс өмір сүрген екен. Жолбарыс жыртқыш аң, адамға тиісе бермейтін сияқты. Жолбарыс жүрген жерде қасқыр болмайды. Қазақта ырым бойынша шаруа кісілер еш уақытта «қасқыр» демеген. Оның түсіндірмесі. Түбірі «қас» қас – дұшпан, «қыр» қырып-жою деген мағынаны береді. Сондықтан жай «ит-құс» деп түсіндіреді. Осы уақытқа дейін шаруалар осы ырымды ұстанады.
Жолбарысты қатты ызаландырсаң адамға қарсы шабатын көрінеді. Жолбарыс кей жағдайда бір секіргенде 10-15 метрге дейін секіретін болған. 1900 жылдары, темір жол құрылысы қарқынды жүргеннен кейін, көзден ғайып бола бастайды. Ақыр аяғында түгел жойылып жоқ болып кетіпті.
Шамасы 1907 жылдың кезі, атамыз ұлдары Сәрсенбай, Базарбек, Жүсіпбек пен Абдраманның кішкентай кездері. Бір күні таң әлі ата қоймаған, Қабылбай атамыз түс көріп шошып оянады. «Әй, Қабылбай! Үйден шық, там құлайды» деген үннен шошып оянады. Далаға шығайын десе таң атпаған. Жатып ұйықтап қалады. Бір шама уақыт өткен болса керек, тағы да «Әй, Қабылбай! Тез арада үйден шық» деген үннен шошып оянады. «Түс түлкінің боғы» дегендей, мән бермейді. Үшінші рет «Әй, Қабылбай! Енді өлгенде шығасың ба?» дегенді естіп, шошынғаны сонша атамыз Қабылбай анамыз Ажарды оятып, текеметті балаларымен бірге қосып сыртқа сүйреп шығады. Ол анамыз да ширақ сарамжал екен. Ілінгенін сыртқа шығарып үлгерген. Атамыз «үйде не қалды» – деп сұрағанда, көсеу мен ожау сынды ұсақ-түйектер қалыпты.
Таң бозарып қалғанға ұқсайды. Күнделікті әдеті бойынша, таң намазына кіріседі, сол намазын бітірер-бітірместе, отырған үйі жалп етіп құлайды. Әлі таң ата қоймаған. Ең бірінші ойына түскені үлкен бір асау қошқары бар екен, сол қошқарды «құдай» жолына атап үлгеріпті. Таң атады, жарық түседі. Байқап құландыға қараса адам баласы тірі қалатын бірде-бір саңылау жоқ екен. Атамыз шүкіршілік жасап өз-өздеріне келіп, мал қорасының есігін ашса жанағы асау қошқар үркуді де білмейді, жата берген екен. Ұстап алып «құдайы» жолына сойып, Құран оқытып, бағыштап көпшілік елден бата алған екен.
«Кір жуып кіндік кескен қайран елім» деп әжелеріміз, аналарымыз. аталарымыз толғанып сағынышпен жырға қосатыны есімде. Бұл бір шумақ ән өн бойына соншалықты тарихты терең сыйдырып тұрғаны ғажап. Сол туған жерге деген сағыныштың ұшқыны болса керек бірде бауырымыз, қазірде марқұм боп кеткен Сабырхан Тоқымов ағамызбен кездескенде ол кісі маған, «менің дүние есігін ашқан жерім Ақдөң ғой» деп ағынан жарылғаны бар еді. Мен кідірместен менде сол өңірде туылғанмын деп жауап бердім. Расында мен де сол жерде дүниеге келген екенмін. Бірде Сәкең, тағы бір кісілер­мен дастархан басында сол «Ақдөң» туралы әңгіме болып қалды. Әңгіменің ұштығын шығарып, сағынышы жүзінен алаулап тұрған Сәкеңнің көңі­лін қимай, ол кісіге уәде бердім, сол кіндік қаны тамған, анығында екеумізге ортақ мекенге апарып-әкелуге. Қария кісі кәдімгідей қуанып қалды. Былайша келгенде ауыл арасы ұзақ емес, 6-7 шақырым келер. Бірақ одан кейін ешкім қоныс етпеген, канал суы, арық, шұңқырын қоспағанда жиде, шат, шеңгел, бұталар басып жатқан тоғайлы жер. Жеңіл көлік жүре алатын жер емес.Үш жасындағы кезден үзік-үзік есінде елестер ғана бар Сабырхан аға бұл жерді өздігінше таппайтыны түсінікті. «Уәде – Құдай аты» деген, тәуекел деп Сабырхан ағаны алып «Ақдөңге» тарттық. Бұдан бұрын «Ерсінбай-ау, мен үшін ең қасиетті дүние есігін ашқан мекенііме бара жатырмын. Ата – бабаларымның әруағы үшін мына жеті теңгені қабыл ал» деп қолыма ақша қыстырған Көңілінде алапат толқудың нышаны маған да әсер етпей қоймады. Жеті теңге дегені жеті мың тенге екен. Осыған дастархан жайып, құран бағыштайық дегені шығар. Сонымен шетелдік көлікпен салып ұрып келе жатырмыз. «Ызғар» елді мекенінінің бірінші каналының сағасына келіп жеттік. Каналдың суын кеше-меше өте шықтық. Одан өтіп «Ызғардың» екінші ескі каналының сағасына келіп тұрмыз. Батпақты тіліп одан да өттік. Сол жерде ізі сайрап жатқан балалық шақтың күндері қаз-қалпында көз алдыма тұра қалды. Егер мен жазушы болсам осы естеліктердің өзі бір кітапқа арқау болар еді деп жорамалдадым. Жол жалғасуда, көп ұзамай тоғанға тірелдік. Екі жағы шат, шеңгел, жиде тағы сол сияқты бұталар. Көліктен түстім де бұталарды ары – бері ысырып қара тікені қадалғанына қарамай жол ашуға тырысып жатырмын. Жан терге түсіп, өзімді де, көлігімді де аямадым, Жан-жағымызды бұта-шеңгелге тырна­латып, көлігімізді шиқылдатып, бұдан да өттік. Межелі жеріміз «Ақдөңге» де жеттік-ау әйтеуір. Тоғайлы жер. Көлікті биіктеу жерге қойдық. Аяңдап дөңге келе жатырмыз. Жалғыз малшы үйі бар екен. Екеуміздің қолымызда екі шыбық ағаш. Үйдің қожайыны бізді көріп қарсы жүрді. Амандық саулықтан кейін біз де бұйымтайымызды жеткіздік. Тура жорамалдаппыз. «Ақдөң» осы маңайдың ең биік тұсы екен, таби­ғаттың анасы дерсің. Осы жерге мына азамат үй тұрғызған екен. Сол үйдің оң қапталында тұрмыз. Төңірекке көз салдық. Тамсандық, таңдандық. Жаймашуақ тыныштықтың күйін кешкен, талай жанға жайлылық, мейрім шуағын сыйға тартқан қасиетті жерге ұқсайды Айнала тоғай, тоғайды қақ жарып дарьяның суы толқынданып жұлқынып жөңкісе, бірде жым-жырт қалғи қалатындай.
Сабыр көкеміздің ата-анасы Тәжі­бай мен Талбике 1945 жылдары осы жерде өмір сүрген екен. Сәкеңнің анасының ері дүниеден өткенде жоқтап жылаған: «Ақдөңдей маған жер қайда.
Тәжікеңдей маған жар қайда» деген дауысы жас баланың көкірегінде қалып қойған екен. Міне, сол Ақдөң. Ақдөңнің төменгі жағалауы «Малдыбай көлі», оның ұзындығы 3-4 шақырым, ені үш жүз метрдей. Бір жағы Сырдарияға жалғасып жатыр. Екінші жағы Жашы көліне ұласады Арасын тоған бөліп тұр. Су тасыған кезде дарияның деңгейімен бірдей болып екі-үш есеге үлкейіп айдынға айналады. Айнала бау ағаштарына малынып тұр. Сырдария өзені Ақдөңді сегіз жүз, мың бес жүз метр жерден айналып өтіп төменгі ағысымен батысқа қарай кете береді. Айналып өтеді демекші, ол жер «Күйік арал» деп аталады. Үлкен қолтық. Сірә ата-бабаларымыз ауқатты болғаны, осы аралдың малға жайлылығынан шығар. Тоғайлы жер екені көзге ұрып тұр. Дарияның ағысы көрінбесе де арнасы мен мұндамын деп тұрғандай. Біз бір малсауымдай уақыт атамекеніміздің жұмсақ құмын ары-бері кешіп, көзбен көргечнімізді қолмен ұстап, шеріміз тарқаағандай. Қызық бір қиял әлеміне кіріп кеткендей ғажайып сезімге берілдік. Осы жерде Сабыр ағамен суретке түстік, сол жердің қартасын сыздық. Осылай ата-бабамыздың табаны тиген топыраққа біз де із қалдырдық. Қазақтың қанына сіңген дәстүр бойынша үйге кіріп нан-тұздан дәм татып, жолға шығып кеттік.
Жолай Ызғарға соғып, сонда тұрып жатқан інім Беркінбайға Сабыр аға­мыздың маған ұсынған ақшасына мал алдырып, сойып, етін қазанға сап, құран оқитын кісі алдырып қой дегенмін. Келініміз Маржан ас дайындап, күтіп отыр екен. Барлығымыздың басымыз дастарханда түйісті. Сабыр ағамыз болса жетпіс алты жыл қиялында жүрген сағыныштың шері бүгін тарқағандай толқулы көңілін жасыра алар емес. Жанақорғанға келіп, түскен суретімізді, жердің басында тұрғанда сызып алған картаның кескінін шығартып алып, ертеңіне Қызылорда қаласындағы бас­паханада теріліп жатқан Сәкеңнің кітабының бейнебаян тізіміне апарып қостық. Өз басым үлкен кісінің ал­дындағы міндетім өтелгендей бір қуансам, сол кісінің балаша мәз болған көңіліне дәнекер бола алғандығыма екі қуандым. Екеуміз үшін де бұл кішігірім саяқат жай сапар емес, туған жерге тағзымның биігі ретінде көңіл түкпірінде қалып қойды.

Ерсінбай ҚАБЫЛБАЕВ,
еңбек ардагері
09 сәуір 2022 ж. 779 0