№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Тәлімгер Пайғамбар тағылымы

Тәлімгер Пайғамбар тағылымы


Қоңыр күз – қараша айының алғашқы сенбісінде М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет сарайы халыққа лық толды. «Мәуліт өтеді екен» дегенді естіп, өз жүрегінің қалауымен қатар толтырған жұртшылықтың ықылас, пейілінен-ақ Тәуелсіздікпен бірге танымымыз кеңіп, имандылық кемелдене түскеніне көз жетіп, көңіліміз сенгендей. Оған қоса, өткен жылы пандемияның бастау алуына байланысты кең көлемде аталып өтілмей қалғаны тағы бар.
Жылдағы дәстүрінен жаңылмаған «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры аудандық мешітпен бірлесіп, рухани шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды. Аудандық мәдениет үйінде өткен Екі дүниенің сардары Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) туылған айы құрметіне арналған рухани шараның халыққа берген тәлімі мол деп білеміз.


Бес жасар баладан белі қайысқан қарияға дейін екі сағат бойы рухани кешті тамашалады. Ізгі шараның шымылдығын түрген облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұста­зы, Мұқан қари Әбжалелов Құран-кәрім аяттарын оқудан бастады. Мұнан кейін мінберге көтерілген ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы мен облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Мағжан Қайырғалиұлы жиылған жұрт­шылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады. Одан әрі рухани шараның тізгінін қолға алған жерлесіміз, «Шаншар» әзіл-ысқақ театрының әртісі Дәурен Әбиев әсерлі әңгімелерімен кеш көркін жандандыра түсті. Мешіт жамағаты орындаған мағыналы моно­логтан кейін, облыс орталығынан келген Мұқан қари Әбжалелов пен жергілікті найб имам Ақмұрат Әлімбайұлы Мәуліт-шәріп оқыды.
«Бәрі де осылай басталған». Бұл «Хикмет» студиясы түсірген адам­заттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбар жайлы роликтің атауы. Он минут Тәлімгер тағылымы жайлы таспаланған бейнебаян көптің жүзіне еріксіз жас әкеліп, Пайғамбарға деген сағынышты қайта оятты. Жиылған жұртшылық сахна төріндегі алып Лэд экрандағы ролик бітпесе екен дегендей кейіпте көз алмай тамашалады.
Бұл Мәулітке мектеп оқушыларыда белсенді атсалысты. «Заңғар» интел­лектуалды мектебінің 3-сынып оқу­шысы Балайым Жантасқызы қоғамның өзекті мәселесіне айналған ата-аналардың жұмысбасты болуымен балаларына көңіл бөлмей қалуын керемет монологпен жеткізді. Ал Шайхыдинқызы Аделя отбасымен адамдарды мейірімділікке үндейтін бейнеролик түсіріп, жиылған жама­ғатқа тағылымды ой тастай білді. Шара барысында қос қызымызға құрмет көрсеткен «ЖЖЖ» қоғамдық қор атынан «Алғыс хатын» табыстады.
Айтыс ақыны, ауданның Құрметті азаматы Әбілхайыр Сыздықов Пай­ғамбарға деген сағыныш арнауын арнап, жыр жолдарымен салауат жолдады.
Рухани шара насихатқа ұласып, «Нұр Мүбарак» университетінің Phd докторанты, РАНТ мүшесі Оралхан Сейдманов Алла Расулінің (с.а.с) тәлімі жайлы насихат өрбітті.
– Ең бірінші, баршаңызды ел Тәуел­­сіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Атадан аманат болған бұл тәуелсіздіктің жүгі де, жауапкершілігі де салмақты. Кеңестік езеңде, сапасы сын көтермейтін, күмбезі жоқ, мұнарасыз мұңайған мешіттер болды. Шүкір, бүгінде Ислам дінінің көкжиегі кеңейді. Соның бір айғағы – еліміздің түпкір-түпкірінде Әз Пайғамбардың мәулітін атап өтіп, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.а.с) салауаттар айтылуда. Расында, Мәуліт айының Ислам дініндегі орны айрықша. Жалпы, мұны атап өтудегі басты мақсат – Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) ғиб­рат­ты ғұмырбаянын насихаттау.
Әрине, бұл күнде Пайғамбары­мыздың (с.а.у) мәулітін атап өтуге байланысты бірқатар қарама-қай­шылықтар кездеседі. Кейбіреулер оны бидғат санайды. Бұлай кесіп үкім жасау, әсте, дұрыс емес. Адамзат әбден азғындап, имансыздықтың қараңғылығына оранған сол бір кезеңде Жаратқан Алла өзі сүйіп жаратқан адам баласына соңғы елшісін жіберді. Пайғамбарымыздың дүниеге келуі бүкіл жаратылысқа мән сыйлап, болмысын ашып берді. Күллі әлем оның келуін сағына да сарғая күткендай болатын, сондықтанда ақырғы елішінің үмбеті болған біздер үшін Оның (с.а.у) жер бетіне рахым етіп жіберілген күнінің тәлімі зор, – деді Оралхан ұстаз. Әсерлі уағыздан кейін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Тәубе» атты тәлімді көрініс сахналап, көпшілік ойына тағылым аларлық ой сала білді. Жалпы, мәуліт шарасы барысында иләһи әндер айтылып, жыр-термеден шашу шашылды. Олардың қатарында Қожахмет Тұрсынов секілді ерікті жастар бар.
Тағылымды қойылыммен қатар, сахна төрінде қайырымдылық шара­сында көрініс тапты. «Қамқор» әлеуметтік дүкені ұйымдастырған шеберлік сағатында айрықша көзге көрініп, ептілік танытқан жаңа­қор­ғандық келіншекке Қор атынан «Әсел» пешін табыстады.
Соңыра рухани сусындаған көпші­лікті өзіне қаратқан танымал жүргі­зуші Дәурен Әбиев «ЖЖЖ» ерікті жастары дайындаған 90 дана «Мұхам­мед» деген арабша жазуы бар естелік сыйлықты үлестірмек мақсатта Пай­ғамбарымызға (с.а.у) қатысты сұрақ-жауап ұйымдастырды. Оған қоса, көрермендер арасында Дінмұхаммед, Нұрмұхаммед, Ермұхаммед, Мұхам­медәлі сынды есімдегі ұлдарға сый-сияпат үлестірді. Шыны керек, Мұхаммедпен байланысы бар есімдері сыйлық беріледі екен деген хабарды алдын ала естіген жаңақорғандық балалардың саны көп болды. Ұзын-саны 20-ға жуық «Мұхаммедті» сахна төріне шақырғанда жұртшылықтың таңданысы зор болды. Тіпті, жүргі­зушінің өзі жаңақорғандықтардың Пайғамбарға деген құрметі айрықша екенін жасырмады.
Өз кезегінде «ЖЖЖ» қоғамдық қорының төрағасы Еркінбек Айна­қожаев рухани шараның жоға­ры деңгейде өтуіне ұйытқы бо­лып, демеушілік жасаған барша кәсіпкерлерге алғысын жеткізді. Әрі белсенді атсалысқан ерікті жастарға ризашылығын білдірді.

Әбдісамат ӘБДІШ

10 қараша 2021 ж. 605 0