№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбегімен елге үлгі болған

Еңбегімен елге үлгі болған


Адамды көркейтетін еңбек деген ұлы ұғым қай заманда да мағынасын жойған емес. Он сегізімде трактор руліне отырғанымда алдымен Тәңір қолдап, анам Таңсұлудың аппақ тілегін арқаланып, бар ынта-жігерімді абыройдың биігінен көрінуге арнап, сол бейнетімнен бақыт таптым. Баянды жемісін көріп отырмын.


Айтуға ғана оңай болғанмен кәсіби тауқыметтің арқалатқан жүгі жеңіл болмады. Намысты қолдан бермей, нәзік жандарға тән емес мамандықты меңгеріп, міндетімізге мін түсірмеу бір басқа, алға озып, атымыз шыға бастағанда еңбегімізді қастерлеп, ала­­қанға салған елдің көңілінен шығарлықтай әдемі әдеп, көркем мінез, көрікті ұстанымға тәрбиелеген алғы буын аға-апаларымыздан көп нәрсені үйрендік дей аламын. «Еңбек ширатады, өмір үйретеді» деген осы екен. Міне, сондай ұстаздарымның маңдайалдында ұстаз-ана, рухани тілекшім болған Баязитова Қадиша апайдың үлгі-өнегесі менің көңілімде күні бүгінге дейін сақтаулы тұр десем жаңылыспаймын.
1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғанымда Қадиша апай маған сенімді өкіл болып, еңбеккерлермен кездесуде екеуміз бірге жүрдік. Апай ол кезде Коммунизм (қазіргі Қожамберді) ауылындағы мектептің директоры болатын, Сыпайы, мәйін мінезділігін былай қойғанда аққұба өңіне әдемі жарасатын қара шашын түйіп қоятын келбеті, сұңғақ бойына жарасатын киім киісінің өзімен көз тартып, апайға еліктеп жүріс-тұрысыма да сын көзбен қарап, қайткенде ұқсауға тырысып баққан жас көңілімде ол кісіге деген ерекше құрмет қалыптасыпты. Тал бойыма да біршама жұғысты болыпты.
Сол бір кезеңдері жастар тәрбиесі жөнінде үлкен жиналыс болып, сонда ел алдында сөз алған өңірімізді басқарған азаматтардың бірі Тотаев Тілеу ағамыздың: «Біздің жұртымызға эталонды алыстан іздеудің қажеті жоқ, қыз-келіншектерге үлгіні іздесең Қадишаны көр, бойжеткендерге үлгіні іздесең Әзияны көр» деген бір ауыз сөзі сол жиында қатар отырған екеумізге де алатаудай салмақ арқалатты,сана түкпірінде қасиетті киемдей сақтап келем.
1983 жылдан бастап Хадиша апайымыз аудан орталығындағы №125 орта мектебіне директор болып ауысты. Жаңадан ашылған бұл мектепте оқушылардың білім алуымен қатар өмірге бейімдеуде өнегелі шаралар жиі» өткізіліп тұрады екен. Сондай шаралардың қатарында еңбек адамы ретінде қонақ болған сәттеріміз білімгерлер түгілі біздің жас көңілімізге де шуақты әсерімен сақталып қалды. Түлектермен кездесуге Бексұлтан Байкенжеев ағамызбен бірге шақы­рылған едім. Композитор ағамыз өзінің шығарған әндерін орындап, ал мен механизаторлықтың қыр-сырын, өзім сүйіп таңдаған қарапайым мамандықтың қадір-қасиетін тілім жеткенше баяндап бердім. Соның алдында республикалық «Кім тапқыр, кім өнерлі?» атты теелебайқау өткізіліп, соған облыстан іріктеліп барған жеңімпаздар қатарында мен де қатысып, бірінші орынды қанжығалап, облыс мерейін көтеріп оралған едім. Осы жеңісімді жеткізген апай оқушыларына мені шынайы үлгі етіп: «Осы Әзия сынды табанды, білімді, жігерлі, өз-өздеріңе сенімді болсаңдар елдің атын шығаратын мүмкіндіктің бір-бір иесісіңдер» деп келешектеріне сәт сапар тіледі. Тағылымды кездесу талапты өрендердің тас-түйін тәуекеліне дем берді ме, кездесуде отырған бітірушілер сол жылы бүкіл сыныбымен техникалық училищеге оқуға жолдама алып, бітіріп, ауыл шаруашылығы мамандары атанды. Үздіктері осы сала бойынша дипломмен жоғары оқуды жалғастырды. Сөйтіп, училищеге нашар оқушы ғана баруы тиіс деген қасаң түсінікті теріске шығарды. Бүгінде жастарды кәсіпке бейімдеу жағына осындай жүректің таңдауы жетіспей жатыр ғой. Ол үшін жас өскін көңілінде жасампаз еңбек адамына деген құрмет оянуы тиіс.
Сол жолғы кездесуде Бексұлтан аға екеумізге қолдан өрнектеп салынған портретімізді тарту еткен еді, қымбат жәдігер ретінде үйімнің төрінде ілулі тұр.
Мен Хадиша апайды еске алғанда ол кісіге үнемі сүйеу болып, үйде ғана емес, қоғамда да қатар иықтасып жүрген ері Әлеудин ағамыздың бейнесі қатар елестейді. Ол екеуі сол ауылда маман иесі ғана емес, елдің қамқоры, жанашыры да еді. Халық ол кісілерді ата-бабасынан бері қадірлейтін. Ол кісілер де осы құрметке кешеге дейін адал болып келді. Қайсыбірінің қуанышына, қайғысына ортақтасып, қажет жерінде жәрдем-көмегін беруге дайын еді.
Сол кездің түлектерінің алды бүгінде алпысқа келді. Ауыл ортасындағы алтын ұя – мектепте өткен балалық кезеңдерін еске алғанда мейірімді жүзді, ешқашан балаға дауыс көтеріп көрмеген, бірақ жеген таяқтан да ауыр келер жетелі сөзімен талай тентекті тезге салып, тіршіліктің төріне сүйреген ақ тілеулі апайларына алғаусыз көңілдерін білдіріп жатады. Кейде бір оңаша отырып, өміріміздің мағынасын іздегенде кіршіксіз көріністерімен көз алдымызға сол күндердің елесінің тұра қалар себебі, адамдарының барлығы осындай аппақ пейілді, әр қадамына есеп беріп қалған қанағатшыл, бір-біріне өте қайырымды, сондықтан да ол күндердің әрбіріміз үшін құны тым қымбат.
Ел өтпелі кезеңнің ауыртпа­шылықтарын сезіне бастаған өткен ғасырдың соңына қарайөзім туып өскен Сунақата ауылында партком секретары, кейін ауылдың әкімі болып қызмет атқардым. Қиын кезеңдерде отбасы тауқыметі нәзік иығымен нардың жүгін арқалаған аналарымызға ауыр міндетті арқалатқаны белгілі. Осы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жер-жерден көшбасшы әйел-азаматтарды арнайы қабылдап: «Ата-бабамыз жорыққа аттанар алдында артта қалған қалың ел, бала-шағаны әйел азаматтарға аманаттап, «тылда сендер бекем болсаңдар, біз де мығымбыз» деп оларға сенім артқан. Осындай міндет мінберінен түспеңіздер. Тіршілік бұйдасын берік ұстаңыздар» деп тілек білдіргенінде Сыр елінен барған өкілдер қатарында Хадиша Баязитова апайымыз да болып еді. Ерекше сапардан елдік мүддені арқалап оралған ұстаз ауданда әйелдердің қайырымдылық қоғамын құрып, жәрдемге мұқтаж отбасыларына қоғамның назарын бұруға талпынды. Әйел-ана, қыз-келіншектермен басқо­сулар ұйымдастырып, тазалық, неке тұрақтылығы, имангершілік, обал-сауап тұрғысында насихат айтып, қарапайым жұртшылық тұрмақ, мемлекеттік қыз­меттің түрлі сатысында жүрген нешеме бозөкпе жастарымыздың көңілінде өшпестей орнығып қалар тәлім-тәрбиесін қалдыра білгеніне өзіміз де куәміз. Ол кісінің әрбір айтқан әңгімесінің тартымдылығына өзінің өмірлік қағидасымен қоса ақындық қасиетінің қуаты, Алла аузына сөз салған айрықша қабілеті мазмұн дарытатын болу керек, өте терең және әсерлі шығатын. Ол айтылғандарды жүрек толқымай тыңдау мүмкін емес. Аудан орталығымен қатар ауыл-ауылдарда ұйымдастырылған осындай шаралардың басы-қасында жүріп ұстаздың соңынан ерген ізбасарлары ол кісінің талай өсиеттерін жадымызға тоқып, көппен жұмыс істеуде, тұр­мыстық кикілжіңдерді оңалтуда, жас жанұяларды жарастыруда кәдеге асы­рып, нәтижесіне қауыштық.
Құрметті демалысқа шықса да қоғамнан қол үзбей, әйел-ана­лар­дың арасында жиі болып, жас толқын тәрбиесіне атсалысып, білім ордаларында шәкірттермен кезде­суге шынайы ықылас біілдіріп оты­ратын «Қазақ КСР Оқу ісінің үздігі» белгісінің иесі Хадиша Баязитованы өзім басқаратын аудандық әйелдер ұйымының атынан «Ауданның Құрметті азаматы» атағына ұсынып, ол қолдау тапқан. Осы жылы ақынның сексен жылдығына орай аудандық Мәдениет үйінде шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті
Қоғамға үлгілі қызмет ете жүріп, отбасында көп бала өсіріп тәрбиелеген ерлі-зайыптың перзенттеріне берген тәрбиесі де ерекше екенін айтқым келеді. Балаларының бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі заң қызметкері, технолог, барлығы да түрлі салада адал еңбектерімен танылып, өз саласының жетік маманы болуымен кейінгі буынды тәрбиелейтіндей дәрежені иеленген. Бәрінің де бойында ата-ана қасиеттерінің бір-бір ұшқынын көргенде сүйсініп қалатынымызды жасырмаймыз. Әрине, айта берсек, естелік көп. Ол кісі менің ғана емес, көптің жүрегіне сөнбейтін сәуле ұялата білген ұлағатты ұстаз еді.
«Алты Алаштың басы қосылса, орны-төр» деген сөз қасиетті ұғымға айналды. Ал бүгінде жарық дүниеде жоқ, өмірден озғанына бір жыл толып отырған көптің ортақ анасының мәңгілік жайы жәннаттың төрі болсын деген тілектестігімізді жеткізуді парызым деп түсіндім.

Әзия Қыстаубаева,
«Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы


30 қыркүйек 2021 ж. 626 0