№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Кітап маған тақтан да қымбат»

«Кітап маған тақтан да қымбат»

Жақында аудандық орталықтандырылған кітапханада «Бір жылда 100 кітап оқу мүмкін бе?» тақырыбында тренинг өтті. Жастар ресурстық орталығымен бірге өткізілген шараның бастамашысы сүттіқұдықтық Нұрберген Бақытұлы. Осы жиын барысында «Ыбырай клубы» құрылғанын білдік.

– Алаш қайраткерлерін өзіме үлгі етемін. Басты арманым солардай елдіктің жолында адал қызмет ету. Әсіресе, ұялы телефонға назары ауған жастарға кітап оқудың маңызын жан-жақты түсіндіріп, интелектуалды қоғамды дамытуға үлес қосқым келеді, – деп өз ойын білдірді.
Бүгінде оқырмандар клубының мүшесі артып келеді. Олар әр аптаның жұма күні аудандық кітапхананың Coworking бөлмесінде жиналып, оқыған кітаптарын талқылауды әдетке айналдырды. Ол жерде қызықты, интеллектуалды шаралар өтіп, ынталы топ өз жазбасын қорғап, пікірсайыс ұйымдастыруға белсенді қатысады.
Құрылғанына бірнеше ай ғана болған клуб жастарға кітап оқудың қажеттілігін сезіндіре бастады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Білім – кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады. Келешекте кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады» дегенін басшылыққа алып, «Ыбырай оқырмандар клубын» құруға бел байладым.
Ағылшын драматургы және ақын, жазушысы Уильям Шекспирдің: «Кітап маған тақтан да қымбат» деген ұлағаты бар. Осы сөз қазақ жастарының ұранына айналса деймін. Сонда ғана біздің жастар рухани-интеллектуалды тұрғыда бәсекеге қабілетті болып, «Мәңгілік Ел» мұратын шындыққа айналдырар еді.
Біз оқыған кітаптың идеялық мәнін ашып, автордың көздеген мақсатын түсінуге тырысамыз. «Кітап оқу – басқа, таңдап оқу – бір басқа» дегендей біз бір-бірімізге пайдалы кітаптарды оқуға кеңес береміз.
Клубқа енді мүше болған жастарға шағын әңгімелерді оқыған дұрыс. Өйткені бұрын-соңды кітап оқымаған оқырманға көлемді романдар ауырлық етеді. Бұл ретте, жазушы Бейімбет Майлин, Тынымбай Нұрмағамбетовтің әңгімелері таптырмайтын құрал деп ойлаймын.
Өз тәжірибемнен айтатын болсам, кез-келген істі бір ай көлемінде қайталап отыру арқылы дағдыға айналдыруға болады. Яғни оқырман күніне бірнеше сөйлем болсын оқыса, бұл біртіндеп әдетке айналары сөзсіз. Кітап оқуға деген сүйіспеншілік осындайдан басталады, – деді Нұрберген.
Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқуға ұсынған 30 кітаптан рухани нәр алуға болады. Осыны жастармен бірге талқылап жүр екен.
– Қазақ өз-өзін тану үшін алдымен Абайды тану керек. Ол үшін ағартушының қара сөздерін оқып қана қоймай, оның философиялық мән-мағынасын ашып, өмір сүру құндылығына айналдыру маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны меңзеді. Сосын әл-Фарабидің философиялық трактаттары, жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқу арқылы ұлттық құндылықтарды танып, білуге болады. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің ірі өкілдері Әбіш Кекілбаев, Ілияс Есенберлин, Оралхан Бөкей, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Дулат Исебеков, Ілияс Жансүгіров, Әкім Тарази, Роза Мұқанова, Смағұл Елубай, Мұқағали Мақатаев және т.б шығармашылығына мән беру арқылы ұлттың өтпелі кезеңіндегі тұрмыс-салт, дағды-дәстүрін, адамдардың болмыс-бітімін ұғынуға болады, – дейді кітап оқығыш жас.
Еліміздің әр өңіріне оқырмандар клубын қосудың маңызын жеткізген Нұрберген елді мекендерде небір талантты, бірақ ескерусіз қалған жастар көп екенін алға тартады.
– Қазір жастар кітап оқымайды деген пікірді жиі естимін. Бұған өз басым келіспеймін. Егер баланы кітап оқуға ынталандыра алса, жастар кітап оқиды. Бұл ата-аналар мен ұстаздарға да қатысты. Өзім 150-ге тарта кітапты оқып шықтым. Оның қырыққа жуығын жылдам оқу техникасы арқылы оқыдым, – дейді ол.
Бізге жылдам оқу техникасы қызықтырып, осы жайында сұрадық.
– Жылдам оқу дегеніміз, кітапты судыратып оқып шығу емес, оқығанды түсініп, есте сақтау. Оны үйрену үшін, ең алдымен, миды дамыту қажет. Ол көп еңбек пен уақытты талап етеді. Яғни арнайы жаттығу жасап, мидың жұмысымен бірге бұлшық еттердің қабілетін дамыту маңызды. Сонда ғана үш күн оқитын кітабыңызды үш сағатта оқып, оны қорытатын деңгейге жете аласыз, – деп жауап қатты.
Біз өміршең жобалар мен өнегелі істер жастық жігермен жалғасын таба берсін деген тілек білдірдік.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
15 тамыз 2021 ж. 1 195 0