№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Таланты тұнық Тастаев

Таланты тұнық Тастаев


Мен үшін мына мәртебелі Жаңақорғанның киелі жерінен керемет кісілер шыққанын тарих қанша таразыласа да тауысу мүмкін емес. Жақсының көп болғанына не жетсін, елдің айрықша аты еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті алыс-жақын мемлекеттерде, мұхиттың арғы жағында жүрсе несі жаман, оған шын көңілден қуанамын.

...Көше бойлап келемін. Күнделікті дағды, тыныс ашуға, жаттығу жасауға үйренген үрдіс. Қар үстінде қаншама із жатыр, олар бір-бірін қайталамайды, көлемі әртүрлі және таңбасы басқа. Ал, ізі өшіп, көзге көрінбей кеткені қанша, оны қалпына келтіру мүмкін бе? Өмірде де осындай ма екен, оның мән-жайы бөлек шығар...
Адам деген ардақты есімді ар-намыс пен болмысынан биік ұстайтын, елім-жерім дейтін ер болмыстың иесі аз ба еді, мен солардың ізін іздеп келемін.
Бүгінге дейін қаншама қадірлі жанның есімін жаңғыртуға тырысып келемін, әлі де жаңғыртуға тиістімін. Себебі мұнда ел елеген ерекше жан жеткілікті. Солардың бірі өзіме өмірде кездесіп қана қоймай, аз уақыт та болса аға әріптес болған арқалы азамат, ақын, жырау, ұстаз, сазгер Нұрберген Тастаев еді. Ол өзінің орнын аласартпай, қысқа ғұмырында қайталанбас өнегені қанықтырып кетті. Көпқырлы қасиетін тірісінде танытып ғана қойған жоқ, сол арқылы жас ұрпақтың жігерін жанып, талпынысын ұштап, өнерге, мәдениетке, адамгершілікке баулуға бекем байлам жасап берді.
Біз жігіттік албырт шақта ағалардың ақ ниетіне қарап өсіп, көптің көңілін баураған солардың сері ерекшелігін өз бойымызға қалыптастыруға тырысып бақтық. Содан жаман болмадық, жақсы болуға ұмтылдық. Нұрберген ағаның кейде термеші ретінде тағылымды жырдан кәделі сарқыт тарқатқан, кейде қиыннан қиыстырып, өлең құрап, аламан айтыста ауыздықпен алысқан арғымақтай бақ сынаған талантына тәнті едік. Өлең өлкесінен өз несібемізді теруге талпындық. Сөз қадірі мен ұлттық бай дәстүрімізді санаға сіңірдік. Қайран аға, қайырылмай кеткеніңіз ғана өкінішті, бүгін жер бесіктегі жамбасыңызды бір аунатқым келді. Соны сезесіз бе, аға?
Нұрберген ағаны нобайлап, түр-тұрпатына терең үңілсеңіз, мықты волейболшы екенін білесіз. Оған бойды да, ойды да берген. Шынында ол мықты волейболшы да, баскетболшы да болған. Облыстың құрамасында өнер көрсеткен саңлақ спортшы. Соққысының сойқан болғаны сонша, анау-мынау допты кері қайтаруға, тосқауыл қоюға дәрменсіз еді. Ойын алдында саусақ, білекті ұзақ жаттықтырып, сонан соң денесін қыздырып, ерекше ықыласпен топқа қосылады. Ал, көзілдірігінің қос тіреуіне резіңке байлап, тар шәпкедей тырыстырып, басына тартып алады. Сол көзілдірік қазір мұражайда сақтаулы тұр.
Әңгімені әр жерден үзбей, түу сонау балалығына оралсам деймін. Білгенім, олар 1966 жылы Түркіменстаннан көшіп келген. Қазақы мінезді әкесінің құжатқа бей-жай қарағаны болар, әйтеуір Жаңақорғанға келуін келгенімен сол зәру құжаттың кесірінен біршама уақыт мектепке бара алмайды. Дегенмен елдің іші ғой, көп ұзамай №3 мектеп-интернатқа қабылданды. Интернаттың талабы сондай, сегізінші сыныпқа дейін оқыды. Сосын Октябрьдың 40 жылдығы атындағы №163 орта мектепке ауысты. Дәл осы мектепте досы Нәбихан Шалапов оқитын. Ол Нұрбергеннен бір сынып жоғары оқыса да арасы ажырамай, бірге жүретін. Оның себебі Нәбиханның сыныптастары шетінен өнерлі болды, олар вокалды-аспапты ансамбль құрған болатын. Сол ансамбльге Нұрберген келіп қосылды. Баяғы баяғы ма, енді репертуар кеңіді, ән әлемі өрістей түсті. Әрбір мерекеде акт залы ерекше құбылып, құлпырып кететін. Шіркін дәурен-ай, жігіттік шақтың жалынды сәттері ұмытыла ма, оның жүрек түкпірінде бір лүпіл пайда болды. Өзінен бір жас үлкен қызға ғашық болып қалды. Тұла бойдың талпынысын тасытқан сол сезімге қыз да кетәрі емес еді, оған жасың кіші демеді. Нұрбергеннің алғашқы туындысы осы мектеп қабырғасында шыққанын көпшілік біле бермейді. Оның «Қарғашым» әні махаббаттың маржан сезімі, жастықтың жалындаған от-алауы болатын.
Неге екенін қайдам, мектеп бітірген соң бір жыл Жаңақорғанда жұмыс істеген екен ағамыз. Өзі көпшіл, кең кісіні кім жек көреді, «Сельхозтехника» мекемесінің қойма меңгерушісі Бұлдырық Сейілханов оны туғанындай бауырына тартты, бір-бірімен қатты сыйласты. Сол кісі бір ПМК мекемесімен сөйлесіп, оқуға жолдама әперді. Оның жолы болды да кетті. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының студенті атанды және Қызылорда филиалының алғашқы түлегі болды.
Бұлар отбасында жетеу еді. Бақыт, Айтуар, Нұрбаулы, Нұрбике, Ағжан, Маржан, кенжесі Нұрберген тұғын. Үйдің үшіншісі – Нұрбаулы Қызылорда музыкалық училищесін бітіріп, пединституттың музыкалық факультетінде оқыды. Нұрбергеннің студенттік шағы сол ағасының үйінде өтті.
Айтпақшы жеңгеміз Ботакөзді осы институт қабырғасында жүріп тапты. Нүкістің нұрлы қызы да адай руынан екен. Ол кезде Гоголь көшесі бойында 4 қабатты жатақхана болды. Бірінші қабатында «гидроның» жігіттері тұрады. Жоғарғы үш қабаты пединституттың кілең қыздары. Қыздар жүрген жерге жігіт үйір емес пе, қаланың қулары келгіштейді. Оларды оңайлықпен жігіттер жібере қоя ма, текетірес басталады. Нұрберген ағамыз Ботакөзін бақылаудан тыс қалдырған емес, қорғаштап жүрді. Осындайда ойға «Самға» тобы жырлайтын өлең шумақтары оралады.

Ынтымағы тұрақты, қыдыр қонған сияқты,
Жігіттері жүректі, арулары шуақты.
Айдыныңда қазың жүр, жүрегіңде жазың жүр
Адайыңбыз танысаң, танымасаң өзің біл.

Басталатын тереңнен, тарихы бар көнеден,
Бір Алланың қашанда мейіріміне бөленген.
Адай деген алыппыз, қайтпас қайсар халықпыз,
Жамандарға қараңғы, жақсыларға жарықпыз, – дейтін шумақты Нұрберген ағаның өжеттігі өргендей көрінеді маған.
Сол Ботакөз жеңгем шаңырақты шаттыққа бөледі, ағаның ақылман досы, сүйікті жары болды. Ол ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі үшін Ы.Алтынсарин медалімен марапатталды.
Нұрекеңнің еңбек жолы, оның әрбір игілікті әрекеті ел жадынан шыға қоймады. Арқыраған азаматтың артында өшпестей мұра қалды, өнері, еңбегі екінші өмірін жалғап келеді.
Нұрберген Тастаев «Госкомсельхозтехника» бірлестігінде аға инженер, 1983-1986 ж. №17 кәсіптік-техникалық училищесінің комсомол ұйымының хатшысы, өндіріс маманы, 1986-1990 ж. «Білім» қоғамының аудандағы жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1990-1991 ж. «Задария» кеңшарының партия комитетінің хатшысы, 1991-1993 ж. кеңшар директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1994-1996 ж. Қаратөбе ауылдық округінің әкімі, 1996-2005 ж. аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 2005 жылдан Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.
Естелік деген ел ішінде кезіп жүр. Айталық, «Қаратөбе» ауылдық округінің әкімі кезінде ұмытыла бастаған халықтық өнер – аудандық ақындар айтысын дүбірлетіп өткізген екен. Ауыл халқын өнерге баулу, мәдениеттілікке бастау секілді шаралары шығармашылықтың шынайы үлгісін таныта түсіпті. Тіпті Алматыдан ат арылтып, Бахтияр Тайлақбаев, Жеңіс Ысқақова секілді әншілер ауыл сахнасын әнге бөлейді.
Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болғанда өңір үшін өлмес іс жасады. Аудандық мұражай ешкімге қажет болмай, құнды жәдігерлер аяқасты қалудың алдында тұрады. Уақыттың ауыр кезеңінде өнер мен мәдениетті дамыту емес, әлеуметтік мәселе бірінші кезекте тұрды. Аудан әкіміне кіріп, мұражайды сақтап қалу үшін төрт ай мерзім беруді сұрайды. Және бюджеттен бір тиын алмай жасайтынына уәде етеді.
Нұрберген ағаның бір артық қасиеті – уәде берді ме, оны орындамай тынбайтын. Сол бекем байламы оны түрлі ойға жетеледі. Сөйтті де жұмыссыз жүрген досы Нәбихан Шалаповты қызметке шақырады. Жәй шақыру емес, аудандық мәдениет үйінің екінші қабатына мұражайды көшіріп, заманауи үлгіде қайта жасақтауды тапсырады. Ал, оның қаржысын қалай тапты десеңізші, мәдениет саласының майталмандарымен концерттік бағдарлама жасап, ауыл-ауылды аралап, өнер көрсетіп, ақысын күрішпен, малмен есептесті. Міне, осылай мұражай аяғынан тік тұрған екен. Сол директор Нәбихан ағамыз әлі сол қызметте. Оның «музей, музей, музейім, музейім менің бір үйім» дейтіні де сондықтан.
Жалпы, таланты тұнық Тастаев айтыскер ақын, термеші, әнші ретінде «Наурыз-89» (Алматы, 1989 ж), Базар жыраудың 150 жылдығы (Ташкент), Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығы (Шымкент), Абайдың 150 жылдығы (Ақтау) тойларына қатысып, өнер көрсеткен шоқтығы биік шебер. Ол шешендік өнердің Бүкілодақтық ІІ-ші байқауының дипломанты. Сазгердің 50-ге жуық әні бар. Оның ішінде «Көңіл сыры», «Гүлім», «Жанымда бір жүрші», «Туған жер», «Ата жұртты сағындым», «Жаңақорған жаңарығым», «Сен мені қадірлесең», «Досыма», «Қарғашым», тағы басқа әндері ел ішіне кеңінен тарады.
Жаңақорған ауданына алғаш 2015 жылы әкім болып келгенімде арнайы Нұрберген Тастаевтың отбасына сәлем бере барып, ақынның жары Ботакөз Орынбасарқызымен, ағаның ұрпақтарымен танысып шықтым.
Арқалы ақын, тілге жүйрік шешен, жырау, термеші, сазгер, әнші ағаның жемісті еңбегін, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанған айтулы уақыттарды сөз еттік.
Өткен жылы ауданға екінші рет қызметке келгенде де тағы ақынның отбасына арнайы бардым. Іні-қарындастарыммен сырласып, жеңгемнің жағдайымен таныстым. Міне, осылай үзілмес үміттерді жалғап, талант иесіне тағзым етіп отырамын. Бұл өнерді құрметтеу, азаматты ардақтау деген перзенттік парызым деп білемін.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі.
15 ақпан 2021 ж. 615 0