Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Молдалиевтің мерейі

Молдалиевтің мерейі


Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 29 жыл толады. Әрине аз уақыт емес, сол кезде дүние дидарын ашқан бала бұл күндері орда бұзар отыз жасқа жақындады. Осы уақыт аралығында облысымыздың оңтүстігіндегі ең шеткі аудан Жаңақорған ауданының орталығы жылдан-жылға көркіне көрік қоса түсуде. Асфальтанған түзу-түзу көшелері, түнде алыстан көрінетін самаладай жарықтары, әсем ғимараттары, айналадағы жасыл-желектері көздің жауын алады. Қазіргі Жаңақорған, мұнан қырық жыл бұрынғы Жаңақорған емес, жаңарған Жаңақорған, жазиралы Жаңақорған! Адамның мәртебесін көтеріп, мерейін өсіретін киелі мекен. Бұрынғысы біздің жүрегімізге жылылық сыйласа, қазіргісі мақтаныш сезімін туғызады. Сонау жылдары алыс ауылда тұрсақ та, мұнда келгенде қалаға келгендей желпініп, жадырап, құрбы-құрдастармен қыдырыстап, қайран жастықтың буына мастанған, спорттық жарыстар мен түрлі шаралардың ортасында жүріп, үлкендердің өнегесін көрген ыстық орда бұл. Сондықтан да толқымай, тебіренбей әңгіме айта алмаймыз.


Міне, аудан орталығының түстік беткейінде Сүйіндік Молдалиев атындағы көше бар. Ал облыстағы ең халқы көп аудан орталығында сапалы көшелердің бірін иемденген Сүйіндік Молдалиев кім? Мұны кейінгі жастардың есіне салу, тұрғындарға таныстыра жүру бұл күндері аға ұрпақ қатарындағы біз үшін міндет.
...Өткен ғасырдың сексенінші жылының жазы еді, аудандық мәдениет үйіндегі үлкен жиынның бел ортасында сөз алған халық ақыны Манап Көкенов мінберге шығып, саңқылдап қоя берді:
– Кім білмейді бұл күнде Сүйіндікті,
Жеңе білген еңбекпен қиындықты.
Қырды төлге толтырып, сыр алдырмай,
Таңдандырып келесің дүйім жұртты! – дегенінде залда отырғандар түгел тұрып қол соқты. Бұл біздің бүгінгі әңгімеге тиек етіп отырған Сүйіндік Молдалиевке көрсетілген құрмет еді. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, майталман шопанға бұл жолы КСРО-дағы ең жоғарғы марапат «Ленин ордені» тапсырылып, Алматыдан оралған беті болатын-ды. Жоғарыда айтылғандай, еңбектің қиындығынан тайсалмайтын қажырлы ағамыз кейіннен Қазақ Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын да иемденді. Бұл Үкімет тарапынан еңбек адамына көрсетілген зор құрмет болатын.
«Түркістан» қаракөл-қой совхозының № 2 фермасында 1965 жылдан, кешегі жекешелендіру кезгі шаруашылық тараған 1994 жылға дейінгі аралықта аға шопаны болған Сүйіндік Молдалиев «Социалистік Еңбек Ері» атағына екі рет ұсынылып, сол жоғарғы атаққа еңбегі лайық бола тұра, бұйырмады. Бір кем дүние деген осы!
1968-1969 жылдың қысы өте қатты болғанын көнекөздер біледі. Сол жылы желтоқсан айының ортасында бір тәулікте қалыңдығы бір жарым метрге таяу қар жауып барлық жерді басып қалды. Жыңғыл қоралардың басы ғана қылтиып-қылтиып көрінетіні әлі көз алдымда. Буырқанған аязы мен үскірігін айтсаңызшы! Жерді жапқан қалың қар сәуір айының 14-і жұлдызында бірден еріп, айналаның бәрін көл-көсір су басты. Сол қаһарлы қыста қоғамның да жекенің де малы қырылып қалды. Ал Молдалиев отарындағы малынан барынша аз шығын шығарып, әр 100 саулыққа 140-тан төл келтірді. Мұндағы қиыншылықтар мен жанкешті еңбекті «Қияға қонған қыран» атты деректі кітабымда баяндағанмын, әңгімені ұзартпау үшін оқиғаларды тәтпіштемей-ақ, қояйын. Алайда, Сүйіндік Молдалиевтің әр бесжылдықта жүз саулыққа орта есеппен 170-тен қозыдан алып, екі мыңнан астам тірі төл қосып отырғандығын, жүн өндіруде де жоғарғы көрсеткішке жеткенін еске салайын. Сонымен бірге, майталман еңбек озатының Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғандағы на өзім куә болған бір эпизодты айтып өтпесем, әңгімеміз жалаң болатын секілді.
1978 әлде 1979-ы жылдың қысы. Қызылордадан кештетіп оралған «Түркіс­тан» совхозының директоры Әбсадық Әбсеметов түн ішінде активтің бәрін түгел жинады. Өзінің вилісін жіберіп, құм ішіндегі аға шопанды да алдырды. Жағдай былай, – деді директор. – Обкомның бірінші хатшысы И.Әбдікәрімов жолдас Молдалиев Сүйіндіктің канди­датурасын Социалистік Еңбек Еріне ұсынуға тапсырма берді. Жан-жақты көрсеткіштері сай келетін көрінеді. Бес­жылдық жоспарын уақытынан бұрын орындалғандығы туралы КПСС Орталық комитетінің Бас хатшысы Брежневтің атына берген рапортына қоса қажетті құжаттарды түгел дайындауымыз қа­жет, – деді ол. Осылардың бәрі ертең сәскеде сақадай сай әзірленіп, ауданға, онан әрі түстен кешіктірілмей облысқа, обкомның бірінші хатшысының қолына тиюі тиіс екенін тағы нықтады. Бас экономист Жұмашев пен бас бұғалтыр Төлепбаев түнімен қарбаласып дайын­даған мәліметтер бойынша 1976 жыл­дан басталатын бес жылдықтың осы мерзіміне Сүйіндік әр жүз бас аналыққа орта есеппен 180-нен қозы алып, бес жылдықты мерзімінен бұрын орындапты. Қозының 60 пайызын тірі өсіріп, бір отардың өзінен екі жарым мыңға тарта төл өргізген. Бұл шамамен төрт отар болады. Ақшалай шаруашылыққа түсірген пайдасы болса да шаш етектен. Осы құжаттарды обкомға уақтылы апарып тапсыруды басшылар комсомол хатшысы қызметіндегі маған тапсырып, арнайы жеңіл көлік босатты. Ертесіне райкомнан ұсыныс қоса алынып, тиісті құжаттар бесін ауа Қызылордаға жеткізілді. Бізді обком ғимаратының екінші қабатында бірінші хатшының көмекшісі күтіп алды. Кейінен хабардар болдық, Молдалиевтің бесжылдықты 3 жарым жылда орындады деген рапорты екі күнен соң Қонаев арқылы Брежнеевтің өз қолына тиген. Бұл партияның кезекті сьезі алдындағы қарбалас еді. Бұл жағдайдан хабардар болғандар Сүйекеңді алдын ала «герой болуыңмен» деп құттықтап жатты. Алайда, мемлекет басшысы жоғарғы награданы сол облысқа жауапты өкілінің ұсынысы негізінде бекітеді екен. Осы жерде бір кәкір болды ма, алғашқы межеленген Еңбек Ері атағы өзгертіліп, сол жолы оған Ленин ордені тапсырылды.
Озат шопанның жан жары Әлима апай да отағасына сай бейнеткеш. Ол кісінің қоржын басы толы қозыларды бір-біріне шатастырмай, енесіне табыс­тырып жатқанына куә болған өкілдер жырдай етіп айтып жүретін-ді. Мал шаруашылығындағы қиын жұмыста жүріп олар он баласын аман-есен өсірді. Ұрпақтары еліміздің әр саласында аянбай жұмыс жасап, ата жолын жалғастырып келеді.
Иә, қоғам үшін қажымай еңбек етіп, өнегелі өмір сүрген Сүйіндік Молдалиев асыл азамат еді. 2002 жылы бақилық болды. Аудандық ауылшаруашылық бас­қармасының бастығы болған Срайл Скендіровтің ұсынысы, ардагерлердің қолдауы нәтижесінде еңбек саңлағына Жаңақорған ауданы орталығынан көше атауы берілді. Отан алдындағы парызын адамгершілікпен орындаған адамдар әрине үлкен құрметке қашанда лайық. Кенттегі С.Молдалиев атындағы көше соның дәлелі.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
жазушы-журналист
28 қазан 2020 ж. 533 0