№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абай бейнесін бірегей ету маңызды

Абай бейнесін бірегей ету маңызды

   Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Махат Садықтың «Қырымбек Көшербаевтың Абайы» атты мақаласын qazaquni.kz ақпараттық ресурсынан оқып шықтым.
Автор Абай кескін-келбетін қалып­тас­тыруда мүсін-ескерткіштерді біріз­ден­діру керектігін қозғап, Абайтану ілімін дамытуда маңызды рөл атқаратынын жазады.

   «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елдің бірқатар қаласында Абай ескерткіші мен бюстерін ашу жоспарланып отыр. Қалың көпшілікке Абай образы осы мүсіндер негізінде қалыптасатыны анық. Осы орайда ойда жүрген ұсыныс.
2009 жылы Өскеменде еңселі Абай ескерткіші ашылды. Әкім орынбасары ретінде ескерткішті дайындау жауап­кер­шілігі маған жүктелді. Конкурсқа қабыл­данған оннан астам мүсіндерді көрдім. Бәрі дерлік «шапанға оранған, қабағы түсіңкі, жуанқарын адам». Болмайды дедім.     Алдын – ала дайындап қойған Абайдың Мәскеуде орнатылған ескерткішінің су­ретін мүсіншілерге таратып бердім.
– Бұл Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың – Абайы, – дедім. Басты талап Ескерткіштегі Абай образы, бейнесі осындай болуы керек. Бұған қосымша біздің талап бойынша Ескерткіш постаментімен 14 метрден биік болатындығын ескеріңіздер.
   Абай оң қолына кітап ұстап тұрсын. Қалғаны сіздердің фантазияларыңыз!» – деп ескерткіштің негізгі талабын түсіндіреді.
2018 жылы қазан айында Мәскеу қаласындағы Абай ескерткішін көрген едім. Оған сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев себеп болған-ды. Оның қолдауымен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен халықаралық конференцияға қатыстық. Сыр елінен барған аудандық газеттің бас редакторларымен бірге Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектеп-лицийге арнайы барып, бюст-ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырға арналған музейді көрдік. Одан кейін көрнекті қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар перзенті, ағартушы-демократ Ғани Мұратбаевтың жамбасы тиген «Ваганьковско» қорымына барып, рухына Құран бағыштадық. Әрі тарихи тұлғаның азаматтық, қайраткерлік істерін еске алдық.
   Мәскеу сапарында естен кетпейтін оқиға «Чистые пруды» бульварындағы Абай ескерткіші алдында орын алды. Сыр өңіріндегі аудандық газеттердің тізгінің ұстаған қаламгерлер Абайдың өлеңдерін оқып, ой жарыстырды. Бұған жергілікті тұрғындар да араласып, қазақтың бас ақынын ұлықтады. Ескерткіш қазақ-орыс достығының символы екенін, екі елдің басшысы бас қосып, ескерткішті ашқан тарихи сәтте куә болғандарын қуанышпен жеткізді.
   Шабыттанып, арқаланып, Мәскеудегі Абай ескерткішінің алдында ұзақ тұрдық. Рухтантанып, ерекше жылы аура сезіндік. Сол ескерткіш Абайдың болмыс-бітімімен ұштасып жатқандай көрінді.
   Абай мұрасына зер салып, қадіріне бойлаған ұрпақ сансыз сауалға жауап алатыны сөзсіз. Иә ақын сөздің парқын ұққанның көкірегіне нұр құяды. Оның ұлағатын мерейлі тойда да, қаралы өлім-жетімде де қолданып, елдің көкейіндегі, көңіліндегі ойды дөп басамыз. Білім іздеген талаптыны да, ғылым жолындағы ізденімпазды да Абайдың сөзі жігерлендіреді, жауапкершілікті сезіндіреді. Абай жаққан сәуледен қызметтің кез-келген саласындағы азаматтар қуат алады. Осылайша Абайтану ілімі өміршеңдігін дәлелдеген рухани-мәдени құндылыққ айналды, оны зерделеп, ұлттық таным-түсінікті танып, салт-сананы ұғуға болады. Өйткені Абай толық адам болудың жолын көрсетті, мемлекеттік мүдденің баянды жолына бағыттайды.
Ендеше Абай мен қазақ бір-бірінің мәнін ашатын, бір-бірімен тығыз байланысты ұғымға айналды. Бұл дегеніңіз, ақын ескерткіштерін біріздендірудің, бейнесін бірегей етудің мәні мен мағынасын аша түсетіндей. Мұны Махат Садық Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған кезінде сәтті үйлестіреді. Яғни 2006 жылы Өскемен қаласында бой көтерген Абай ескерткіші Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен жасалған Абай образын қайталады.
Өскемендегі тарихи сәтке куә болған едім. Ол кезде Павлодар облысында қызметте болатынмын. Павлодарлық делегация құрамында Алтай өлкесіне бардық. Бас ақынның еңселі ескерткіші ашылған кезде Ұлы Дала елінің шығысында қазақ руханияты Абайдың бейнесі сәуле шашқандай сезіндік. Арада 12 жыл өткенде Мәскеуде Абайдың сол бейнесін қайта көрдік. Сөйтсек, бұл – Қырымбек Көшербаевтың Абайының бейнесі екен-ау.
   – …Сонымен Өскемендегі ескерткіш, 2006 жылы Мәскеудегі Елшіміз болған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен жасалған Абай образын қайталады. Абайдың бұл бейнесін сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жоғары бағалап, бірден бекітті. Бір жылдан кейін мәскеулік Абай образын Астанада ашылған Абай ескерткішінен байқадым. Ол кезде қала Әкімі Иманғали Тасмағамбетов болатын, – дейді Махат Кәбірұлы.
Алыс-жақын шет елдерде, Қазақстандағы облыс және аудан орталықтарында Абайдың жүздеген ескерткіші мен бюсттері бой көтерген. Пекинде, Ташкентте, Анкарада, Мысырда, Тегеранда, Бакуде, Будапештте және т.б әлемнің ірі-ірі қалаларында Абайдың болмыс-бітімін танытатын ескерткіштер бар. Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Ақтау, Шымкент, Тараз, Семей қаласында ақынға ескерткіш салынды. Бірақ әр ескерткіште Абайдың кескін-келбеті әртүрлі. Ескертіште ақынның қимыл-қозғалысының формасы әртүрлі болғанымен түр-әлпеті бірдей болғаны абзал.
   – Биылғы мерекелі жылы Абай бейнеленген бірқатар суреттер жариялануда. Бюстері салтанатпен ашылуда. Облыс орталықтарында Абай ескерткішін орнатуға бюджет бөлінуде. Ойландыратын жәйт Абайды халыққа жақындатуға арналған осы естелік мұралар әр жерде әртүрлі. Жобаға Абайдың отбасымен түскен жалғыз фотосы негізге алынғанға ұқсайды. Ол фото Абайдың арқа сүйеген перзенті: «Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен ескінің арты едім» деп үміт күткен ұлы Абдрахман қайтыс болған соң түсірілгенін ешкім назарға алмайды. Үлкен трагедиядан кейін ұлы Тұлғанын ғұмыры да Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының соңғы төртінші томының бөлімдерінің атауындай: «Қапада. Қастықта. Шайқаста. Жұтта» өтті… – дейді мақаласында журналист-жазушы.
Абай әлемін, Абай әлемі арқылы зерттеп-тану, меңгеру, ғұламаның ілімі бойынша өмір сүру – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыруы» мен «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі кілті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай ілімінің маңызын «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында тоқталып, «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» дегенді алға тартты.
   Абайдың мүсін-ескерткіштерін біріздендіру қаншалықты маңызды болса, ақынның философиясын, таным-түсінігін, көзқарасын насихаттап, өмірлік басты құндылығына айналдыру жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Президент айтқандай, 175 жылдықты формалды тойға айналдырмағаннан гөрі, жер-жерде Абай орталықтарын ашып, ақынның бай мұрасын насихаттайтын кез келді. Тіпті төтенше жағдай кезінде де Абай мұрасын дәріптейтін шаралар тоқтамағаны ләзім. Бір ғана ақынның «толық адам» идеясын алайық.
Білімсіздік пен надандықты, жалқаулық пен екіжүзділікті, күншілдік пен мансапқорлықты, менмендік пен мақтаншақтықты, әділетсіздік пен сатқындықты таразылаған кемел ой иесі жаман қасиеттерді тәрбиелеуде «толық адам» ілімін ұсынады.
Ақын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде «толық адамның» теориясын ашып көрсетеді.
Адам болам десеңіз
Бес нәрсеге асық бол
Олар: Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым.
Яғни адамды рухани кемелдендіріп, ой-санасын жетілдіріп, ғылымды меңгеруге қажетті дағдыларды көрсетті.
Бес нәрседен қашық бол.
Олар: Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ.
Бұл – қоғамның негізгі керітартпа факторлары. Мұндай әдеттерден біз арыла алдық па?!
Абайдың «Қанағат, Рақымына» қарағанда «Бекер мал шашпағын» берік ұстандық па? Олай болмаса, карантинге дейінгі аста-төк тойларды қалай түсіндіреміз.
   Қысқасы, карантин кезінде Абай рухымен сырласып, өз-өзімізді тануға күш салсақ қайтеді?!
«Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады» дейді Абай ұлтына қарата.
Ақынның өнегісінен өрнек алған қаламгерлердің ойын дұрыс түсініп, Абайдың ескерткіштерін жүйелеп, біріздендірудің мән-маңызын түсініп, қолға алсақ, ертеңгі ұрпақтың алдында үлкен іс бітіріп кеткеніміз болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
22 сәуір 2020 ж. 561 0