№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Көне дәуірдің көмбесі

Көне дәуірдің көмбесі

Тарихымызға тың серпін беріп, құнды мұраларды еркін ел тұрғысынан тану, қолдағы бар құндылықтарды бағамдау барысындағы бастамалар байыпты жүргізіліп келеді. Осы тұрғыда толымды еңбек етіп жүрген жастардың бірі – Анкара қажы Байрам Вели университеті «Түрік фольклоры» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор, ақын Бекарыс Нұримановпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.syrboyi.kz


– Бекарыс, ел өзіңізді алғашында ақын ретінде таныды. Ал ғылымға қызығушылығыңыз қалай басталды? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Рас айтасыз. Ең алғаш елдің алдына қара домбыраны арқалап, ақын ретінде шықтық. Айтыс оң-солымызды тануымызға, жетілуімізге, қалыптасуымызға өте үлкен септігін тигізді. Әлі де айтыстан қол үзіп қалдық деп айта алмаймыз. Айтыс, өлең-жырды зерттеп келеміз. Сырт елде де қазақтың атынан халықаралық ақындар айтысына қатысып, өзге елдің ақындарымен де сайысқа түсіп жүрміз. Мүмкін бір үзіліс болған шығар. Ал ғылымның өзі де айтыстан алыс емес сөз өнері. Көнеден жеткен бабалардың мұрасын зерттеуді барынша қолға алғым келді. Сонау сақ, ғұн дәуірінен, көне Күлтегін, Көктүрік кезеңі, одан бері қарай Қарахан заманынан Қазақ хандығына дейінгі көненің мұралары қызықтырды. Сол сәттен ғылымға деген қызығушылығым басталды десем де болады. Қалам тартып, қадам жасамас бұрын жан-жақты ойланып, табанды түрде алдыма жоспар құрып, 2012 жылы магистратураға түстім. Ал оның алдында ұзақ және қысқа мерзімді жоспар құрып, біржақты бетбұрыс жасаған едім. Мұның барлығы – біреумен ақылдасып жасалған жоспар емес, өзімнің ішкі шешімім.
– Өзіңіз аударма жасаған Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» туындысы ең күрделі шығарманың біріне жатады. Мұны таңдауыңызға не себеп болды?
– «Құтадғу білік», – әрине, күрделі шығарма. Әуелі магистратурада айтысқа қатысты зерттеу жүргіздім. Өзіміз ішінде жүргеннен кейін болар, аса қиындық туғызды деп айта алмаймын. Сол уақытта Германияға тағылымдамаға бардым. Ол жақтағы дамыған ғылымның нәтижесін көрген кезде бұл салаға біржақты өту керегін толық сезініп, түсініп келдім. Докторантура оқып жүргенімде әртүрлі тақырыптар ұсынылды. Дегенмен осы «Құтадғу білік» шығармасын таңдадым. Себебі бұл – он ғасыр бұрын жазылған шығарма. Ал мен үшін сол замандардағы бабаларымыздың не істегені, адамдардың ойлау жүйесі, дүниені, табиғатты қалай танығаны қызық болды. Бабаларымыздың танымын түсінсем, меңгерсем деген ойдан шықты. Сөйтіп, «Құтадғу білікті» толық зерттеуге кірістім.
–Аударма барысында қандай да бір қиындық болды ма? Кітаптың мазмұнын бөлісе отырсаңыз…
– Әрине, кез келген істің өзіне тән қиыншылығы болады. Түсіну басқа да, ойыңа сіңіру мүлде басқаша. Әуелі аудармаға дейін диссертация ретінде қорғадым. Диссертация жазу барысында «Құтадғу біліктің» алғашқы бәйіттерін аудардым. Оның да өзіндік себептері болды. Осыдан он ғасыр бұрынғы тілдік қолданыс, оны осы дәуірге сәйкестендіру, тікелей сөзбе-сөз аудару немесе жалпы мағынасын беру керек. Ұстаздарым түпнұсқаны, яғни сол дәуірдің тілін, жазба графикасын толық тануды тапсырды. Көне дәуірдің графикасын тану маған аса қиынға соққан жоқ. Өйткені оған дейін төте жазуды үйренген болатынмын. Төте жазудан кейін аударма жасау жеңілірек.
Кітаптың мазмұнына келсем, жалпы шығарма рухани білім мен адами ізгілікті үйрететін насихат жанрындағы дидактикалық кітап ретінде көбірек таныстырылған. Солай екені рас. Бірақ бір мәселесіне назар аударып көрейікші. Мысалы, насихатты қарапайым адамға айтатын болса, ол бір жай насихат болуы мүмкін. Ал сол насихатты билеушіге айтатын болса, онда оның мазмұны өзгереді. Аударма барысында ойыма «бұл кітап насихат ретінде неге көбірек танылып қойды?» деген сұрақтар келді. Бұл негізіне келгенде саяси тақырыптағы насихат екен. Осы жерде мен үшін жаңалық болған, көңіліме ерекше әсер еткен сол дәуірдегі мемлекетіміздің құрылымы, басқару жүйесі, қызметкерлер этикасы, ел басқарудағы ұстанымдар. Қарасаңыз, бұл жерде Қарахан дәуіріндегі он ғасыр бұрынғы бабаларымыздың құрған мемлекетінің құрылымы жүйесі бар. Халықпен қарым-қатынасы орныққанын және заң шығарушы ел екенін көрсетеді. Біздің мемлекетіміз кеше ғана құрылып, тәй-тәй қадам басып жатқан жас мемлекет емес, тамыры сонау тереңде жатқанын түсіндім. Жүсіп Баласағұн он ғасыр бұрын «бізге дейінгі бектердің сөзі, бізге дейінгі жазып кеткендер болмаса, біз қайдан білер едік» деп өзіне дейінгі бірнеше ғасырлық мұраға сүйеніп отырғанын жазады. Билеушілердің, ғалымдардың пікіріне сүйеніп отырады. Демек, біздің он ғасыр бұрын жазылған деп отырған шығармамыз – оның да ар жағындағы тарихымыздан хабар беретін құнды дүние.
– Бұл кітап бұған дейін үш мәрте қазақ тіліне аударылып, оқырманға ұсынылды. Алдындағы еңбектерден ерекшелігі неде?
– Дұрыс айтасыз, бұл кітап бұған дейін үш мәрте аударылды. Мұны зерттеулерімде де, мақалаларымда да айтып жүрмін. Өздеріңіз білетіндей, ең бірінші 1986 жылы Асқар Егеубаев есімді түрколог-ғалым, ақын ағамыз аударды. Ол «Құтадғу біліктің» толық нұсқасын өлең түрінде аударып шықты. Бұл нұсқа поэтикалық көркем аударма болып есептеледі. Екіншісін 1991 жылы Берікбай Сағындықұлы аударды. Ол екі жүз бәйітті таңдап алып, әр жерінен үзінділерінен қара сөз түрін жолма-жол мағынасында аудармасын жасады. Бұл да ғылымға қосқан үлкен үлес деп есептеймін. Үшіншісін белгілі түрколог-ғалым Әбжан Құрышжанұлы аударды. «Құтадғу біліктің» үш қолжазбасы болса, соның Ташкентте сақталған нұсқасын өлеңмен поэтикалық аударма жасады. Мен кейбір сөздердің мағынасын ашу үшін қара сөз түрінде аудармасын жасадым. Бұған белгілі ғалым, профессор, академик Сейіт Қасқабасов, Аманжол Әлтаев, түркітанушы ғалым Өжал Оғуз профессор, доктор Хүлия Касапоғлу Ченгел сынды ұстаздарым қолдау көрсетті. Еңбекті дайындау барысында жұбайым Гүлжан Қайырбекқызы екеуміз бірлесе отырып жазып шықтық. Аударма барысында оқиға желісін сақтауға баса назар аудардым. Біздің еңбектің басқа аудармадан ерекшелігі осы. Бағасын халық береді деп ойлаймын.
– Өзіңіз дәріс беретін оқу орнында қазақ жастары көп пе?
– Түркияның Анкара қаласында қажы Байрам Вели университетінде «Түрік фольклоры» кафедрасының шақыруымен дәріс беріп жүрмін. Ол жерде Орта Азияға қатысты сабақтарға ғана кіремін. Дәл осы кафедрада докторантурада оқып жатқан қазақ балалары бар. Өз еліміздің жастары осындай іргелі білім ордаларында оқып жатқанына ерекше қуанамын. Білімді жастардың көп болғаны әрине, қуанышты.
– Қазақ ғылымын қалай бағалайсыз?
– Ең бірінші қазақ ғылымында іргелілеу бар. Жастардың қызығушылығы басым екенін айтқым келеді. Жетіспей жатқан тұстары да жеткілікті. Ол жөнінде аға буын өкілдері де айтып жүр. Бұл жөнінде сын айтудан гөрі кемшін тұсы болса жетілдіруге жұмыс жасасақ дұрыс сияқты. Ең бастысы соған заңдық тұрғыда мүмкіндіктер жасалып, зерттеуші ғалымдардың жолын ашса, көп жетістікке жетеміз деп ойлаймын.
10 тамыз 2023 ж. 469 0