» » » NIS түлектеріне аттестат табысталды

NIS түлектеріне аттестат табысталды

 Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектеп бітіруші түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі өтті.

Жиында мектеп директоры Жаңбыржан Сәрсенұлы жас зияткерлерді қорытынды емтихан нәтижелерімен құттықтап, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлеріне марапаттарын табыстады.  Әрі қарай аттестат тапсыру рәсімін директор орынбасарлары жалғастырып, бітіруші сыныптар өздерінің риясыз көңілдерін әнмен жеткізді.  

Сонымен қатар мектеп өміріне белсене араласып, спорт пен өнер бағытында жеткен жетістіктері үшін бір топ оқушылар мектеп директорының Алғыс хатымен марапатталды.  Білім ордасының дамуына ерекше үлес қосқан  ата-аналар да назардан тыс қалмай, мектеп басшысының арнайы құрметіне бөленді.

Биыл Сыр бойындағы NIS-тен 75 түлек түлеп ұшты. Олардың әрқайсысы болашақта қажетті ілім мен дағдыларды игергендіктерін айтады. Сонымен қатар, сыртқы жиынтық бағалау қорытындысы бойынша химия, физика, информатика пәндерін тапсырған оқушылардың 50% А* және А ең жоғары бағаларын алып, мектеп абыройын асқақтатты.  Сонымен қатар жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштері қуантады. Бүгінде 10 жас өрен АҚШ, Мажарстан, Италия және еліміздің беделді жоғары оқу орындарының 100% білім грантын жеңіп алды. 42 түлек Назарбаев Университетіне құжаттарын тапсырып, нәтижелерін күтуде.
13 маусым 2023 ж. 205 0