№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бауырлас елдердің бекем бірлгі

Бауырлас елдердің бекем бірлгі

Он жылдан астам уақыт «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталып келген ұйым жиынында Президенттер құрылымды «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгертті. Жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлесе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеүндеу жолдады. Ыстанбұлдың оңтүстік-шығысында орналасқан Демократия және бостандық аралында түркі кеңесінің VIII саммитінде түркі интеграциясының жаңа кезеңінің шымылдығы түрілді.

Алдымен Елбасы сөз алып, жиынға қатысушыларды құттықтады. «Бүгіннен бастап біздің бірлестік Түркі мемлекеттерінің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз арасындағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәртебелі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз», – деді.

Иә, жаһандану дәуірі елдер мен халықтарды бір-біріне жақындастырып, түрлі бағытта ынтымақтасуға жарық жол ашты. Қазіргі адамзат ортақ құндылықтарды ізгілік рухта дәріптеп, үндестік пен үйлесімді, ортақ мүдделерді арқау етіп, парасатты өмір сүруге алғышарттар жасауға талпынуда. Қазақстан егемендіктің елең-алаңынан бастап көпжақты ынтымақтастықты қолдап, тату көршілік пен дәстүр сабақтастығын негіз еткен көптеген халықаралық ұйымдарға бастамашы болпа алды. Осылардың ішінде, тарихи тамырластық пен терең туыстыққа негізделген, тату көршілік пен аймақтық тұтастыққа тұтқа болатын, экономикалық табыс пен ортақ мүддеге серпін беретін түркі ықпалдастығының жолы даңғыл деуге болады.

Егемендікпен бірге есейіп, азаттықпен бірге асулардан асқан түтіні түзу, тарихы тамырлас елдер бірге тәй-тәй басып, уақыт өткен сайын ынтымақтастықты арттыра түсті. Оларды тамырлы тарих, қазыналы мәдениет, ана тілі, ата ділі әу бастан тұтастырып келді, бұл қасиеттер қайта түлеуге де алтын арқау болды. Екіншіден, түркі әлемі ортақ мүдделер тоғыстырған бірыңғай экономикалық кеңістік деуге болады. Расында, сауда-экономикалық байланыстар – интеграцияның қозғаушы күші. Үшіншіден, түркі әлемі – Алтайдан Ақтеңізге, Байкалдан Балқанға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр аймақ. Мәселен, Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттер құрлықтың бел ортасына орналасқандықтан мұхитқа шығуға жолы жоқ болса, керісінше Түркия төрт тарабы теңізбен қоршалған ел. Бұл мүмкіндіктер де еншілес елдерді ынтымақтастыққа ынталандырады.
Түркі кеңесі құрылғалы бері оның жеті рет саммиті өтті. Түркі кеңесі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуға және оның мүше мемлекеттерінің ортақ даму әлеуетін ашуға арналған ұйым. Ортақ тарих, тіл, сәйкестік және ортақ мәдениет сияқты түрлі тірекке салынған Түркі кеңесі экономика, ғылым, білім, көлік, кеден, туризм және басқа да түрлі салалардағы мемлекеттер арасындағы екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы болашаққа бағдарды нақты жоспармен жинақтады.
– Ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде. Ауқымды өзгерістер болып жатыр. Шиеленістер өршіп, жаһандық экономикадағы ахуал жиі өзгеруде. Гуманитарлық және экологиялық мәселелер ушыға түсуде. Бүгінгі басқосуға «Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» тақырыбы арқау болып отыр. Бұл – маңызды міндеттің бірі, – деген Президент әр мәселені жік-жікке бөліп, таразылады.
Бірінші мәселе, «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдаманы дамыту сөз болды. Меже жүзеге асса жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашатынын жеткізді. Екінші мәселе, қазір сутегі энергетикасының маңызы артып келеді. Халықаралық қауымдастық оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайды. Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік. Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар деді Президент. Үшіншісі, адамзат жаһандық жылыну үдерісіне алаңдаулы, қазір су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзектілігі сөз болды. «Біз бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің санатына кіреміз. Жыл сайын сыртқы нарыққа 7 миллион тоннаға дейін бидай шығарамыз. Қазақстан – Орталық Азиядағы астық экспорттайтын бірден-бір мемлекет. Алайда, біздің еліміздегі бидай өнімінің азаюына жол бермеу үшін, сондай-ақ, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмеу үшін трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануымыз керек» – деді Тоқаев.

Жасыл технологияға қатысты ортақ жобаларды іске асыру үшін жасыл капитал нарығын дамыту маңызды. Бұл төртінші мәселе, сондай-ақ, негізгі тақырыпқа арқау болған бесінші мәселен ақылды қалалар. Ал, соңысы, нновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұл – ақпараттық технология дәуірінің басты талабының бірі. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі ұйымының саммитінде айтқан ұсыныстарының Қазақстанның даму бағытымен тікелей қатысы бар екенін және әлемдік трендтерге үйлесетінін атап өткен жөн. Қазақстан тарапының ұсыныстары жаһандық трендтерден қалмауға және адамзаттың дағдарысқа ұрындыруы мүмкін жағдайдың алдын алуға негізделгені айқын. Сондықтан Түркі әлемі дамудың осынау бағытынан қалыс қалмауы керек. Әрі күш біріктірген жағдайда табысқа жету мүмкіндігі бар екенін меңзеген сыңайлы.

Әлемнің бізбен санасатын уақыты жетті дейді көшбасылар. Әрине, кешегі көк түріктің алып ұлдары – Естеміс, Білге, Күлтегіндер сияқты шығысы Тынық мұхитынан бастау алатын, батысы Дунай өзеніне тірелетін, терістігі Солтүстік мұзды мұхитпен шектесетін, оңтүстігі Тәңір тауларына тірелетін алып империя құру бүгінгі күні қиындау шығар. Дегенмен жер бетінде бар 200 миллионнан асатын түркі жұртының басын біріктіре алсақ, соның өзі үлкен олжа. Бір сөзбен айтқанда, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, алты бауырластың ауызбіршілігі азаймай, қайта алты ағайынның арасы айықпас достыққа айналса қанекей.

30 сәуір 2023 ж. 336 0