Құрметті БАҚ өкілдері!
Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына175 жыл толды. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің2020 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен 10 тамыз - Абай күні болып белгіленіп, мерекелер күнтізбесіне енгізілді.
Осыған сәйкес , Қызылорда облысында Абай күнін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспар аясында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттандырулар жүргізіледі.
Шаралар облыс әкімінің онлайн құттықтауымен басталып, «Мұрагер» мектебі ауласында орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою шарасымен жалғасады.
Сондай-ақ, жоспар аясында «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі маңыздылығы» атты республикалық онлайн конференциясы, «Абай – адамзат тарихындағы ұлы тұлға» тақырыптарында Абай оқулары, Қазақстанның халық артисі Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклінің онлайн көрсетілімі және тағы басқа шаралар өткізіледі.
Білім саласының ұйымдастыруымен Абайдыңқара сөздерін оқудан челлендж, оқушылар арасында «Абайдың жыл мезгілдері» тақырыбында сурет байқауы, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Абай қазынасына саяхат» клубының мүшелерімен онлайн кездесулер және тағы басқа шаралар өткізіледі.
Абай күніне байланысты Қызылорда қаласы мен аудандарда оқиғалар тізбесі қалыптастырылды. Атап айтсақ, «Абайға тағзым етейік» аттыәдеби оқу, Қармақшы ауданында «Абай мұрасы – ұлт мұрасы» атты ақын-жыраулардың арнауы, Қазалы ауданында «Абай әні мен қара өлеңдері» атты мәдениет қызметкерлері мен оқушылардың онлайн концерті өткізіледі. Осы сипаттағы шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылатын болады.
Енді ақпараттандыру шараларына келейік.
Аталған мерейтойға арналған бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде арнайы айдарлар ашылып, тақырыптық мақалалар, патриоттық бағыттағы посттар жарияланып, роликтер әзірленеді.
Сондай-ақ, абайтанушы ғалымдармен брифинг өткізіледі. Әлеуметтік желілерде ұлы Абайдың шығармаларын жатқа оқудан «Абай күні» челленджі #ABAI175 #ABAIKUNY хештегтерімен насихатталады.
Қазақтың дара ақыны, ғұлама, ойшыл, ағартушы Абай есімін ұлықтау мақсатында облыс бойынша 3 елді мекенге (Қызылорда қаласы, Қосшыңырау ауылдық округі, Арал ауданы, Қарақұм ауылдық округі, Қазалы ауданы, Сарыкөл ауылдық округі), 4 мектепке (Қызылорда қаласы, Қосшыңырау а/о, Абай ауылы; Қазалы ауданы, Сарыкөл а/о, Абай ауылы; Сырдария ауданы, Ақжарма а/о, Ақжарма ауылы; Шиелі ауданы, Талаптан а/о, Бала би ауылы), 86 көшеге (Қызылорда қаласы-11 көше, Арал ауданы-4 көше, Қазалы ауданы-10 көше, Қармақшы ауданы- 6 көше, Жалағаш ауданы-9 көше, Сырдария ауданы-11 көше, Шиелі ауданы-21 көше, Жаңақорған ауданы-14 көше) есімі берілген.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, оның қара сөздері тасқа қашалып жазылған.Сондай-ақ, Абай ауылындағы мектеп ауласына бюсті, «Мұрагер» мектебінің ауласына ескерткіші орнатылған.
Бүгінде «Мұрагер» мектебіне Абай есімін беру жұмыстары жүргізілде.
Құрметті жерлестер!
Ұлы Абай есімі Конфуций, Шекспир, Вольтер және Гете сынды аты әлемге әйгілі алыптар қатарында.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.
Назарларыңызға рақмет!