№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АРЫСТЫҚ БАЛАЛАР «ТАЛДЫСУ» ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІНДЕ

АРЫСТЫҚ БАЛАЛАР «ТАЛДЫСУ» ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІНДЕ

   Тау бөктеріндегі «Талдысу» тынығу лагері алтыншы және жетінші ауысым тынығушыларын қабылдады. Тамаша табиғат аясында орналасқан облыстық олимпиада және қосымша білім беру орталығына бұл жолы Арыс қаласынан 150 бала келді. Арыстық тынығушыларды қабылдау салтанаты лагерьдің орталық алаңында өтті. Тәлімгерлер жас өрендерге арнап мерекелік кеш ұйымдастырды. Салтанатты шараның шымылдығын облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова ашты.

 – Жазғы демалыс маусымы – балалар үшін айрықша қуанышты сәт. Өңірде балалардың демалысын тиімді өткізу, оларды лагерьмен қамту – жыл сайынғы дәстүрге айналған шара. Бүгін міне табиғаты тұмса тамаша лагерьге Арыс қаласынан арнайы келген 150 балаға алаңсыз демалуға жағдай жасалды. Бұл игілікті бастама аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың тікелей қолдауымен болды. Сондықтан арыстық балалар еш алаңдамастан, алдағы 20 күнде жаңа достар тауып, әрбір күнін керемет өткізеді деген сенім мол, – деді басқарма басшысы.
Расында «Талдысу» лагері жазғы сауықтыру маусымына үлкен дайындықпен келген. Материалдық базасы жаңарып, техникалық қауіпсіздігі мен санитарлық тазалығы талапқа сай ескерілген.
Мұнан кейін аудан әкімі Ғалым Әміреев шығып, арыстық бүлдіршіндерге тілегін жеткізді.
 – Қаратау бөктерінде орналасқан бұл лагерьде балаларға барлық жағдай жасалған. Тек үйір­мелерге қатысып қана қоймай, жексенбіде табиғат аясына, жазиралы Жаңақорғанның дархан даласына экскурсияға шығасыздар. Туған өлкенің қатпар-қатпар тауына шығып, саф ауасымен тыныстайсыздар. Осы жерден жаңа достар тауып, бос уақытты тиімді өткізулеріңізге тілекшімін, – деді аудан басшысы.
Құттықтау соңы концерттік бағдарламаға ұла­сып, лагерьдің өнерлі өнерпаздары сахна төрінде мың бұрала би билеп, әсем әннен шашу шашты. Соңыра, Арыс қаласынан келген 150 бала жатақ жай мен жасанды футбол алаңдарын, ішкі мүмкіндіктерін тамсана аралап шық­ты.
Біз де өз кезегінде облыстық олимпиада және қосымша білім беру орталығының директоры Елдос Жаңабаевтан лагерьдің бүгінгі тынысын сұрадық. Лагерь басшысының айтуынша, мұнда балалардың демалуына мүмкіндік мол. Лагерь аумағында өрендердің емін-еркін ойнауына арналған арнайы алаңдар, бассейн, екі бірдей жасанды футбол алаңы мен түрлі үйірмелер жұмыс жасайды екен.
– Қазіргі таңда лагерьде 9 тәлімгер және қосымша 2 тәрбиеші бар. Бұған дейінгі 5 ауысымда Қызылорда облысы бойынша 1500-ден астам бала тынығып қайтты. Әр ауысымда 300-ден астам бала қабылдаудамыз. Дәл қазіргі таңда Арыс қаласынан келген 150 баламен бірге Жосалы кентінен және өңірдегі өндіріс орындарында қызмет ететін жұмысшылардың отбасынан 150 бала демалуда. Айта кету керек, Арыстан келген балалардың көңіл күйі көтеріңкі, лагерьге тез үйренісіп кетті. Алдағы уақытта арыстық жас өрендер мәдени-спорттық шараларға белсенді қатысады деген ойдамыз, – дейді лагерьдің басшысы Елдос Жаңабаев.
Сонымен қатар, лагерь директоры әрбір жексенбіде тынығушы балаларды тауға апарып, саяхаттап, экскурсия жасау жұмыс жоспарында бар екенін жеткізді. Өз кезегінде арыстық өрендердің көңіл күйін білмекке сөзге тарттық. Өзін Аянат деп таныстырған арыстық тоғыз жасар өрен лагерьдің ұнағанын айтты.
– Мен Арыс қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы №32 мектептің оқушысымын. Қызылордаға алғаш рет келуім. Лагерь өте қызықты әрі көңілді өтуде. Келе салып, бассейнге шомылып, футбол ойнап, жаңа достар тауып жатырмын. Барлығымен тез тіл табысып, уақытты тиімді өткізудеміз. Келген күннен бастап, тәрбиешілер бізге жақсы қарауда. Осылай алаңсыз тынығуға жағдай жасаған барлығына рахмет айтамын, – дейді Аянат Жарылқасын.

  Р.S.: Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты өзге өңірлермен қатар Қызылорда облысы да арыстықтарға көмек қолын созды. Сыр өңірінің тұрғындары арыстық ағайынға көмек көрсету үшін қолдан келгенін аяған жоқ. Алғашқы күннен бастап қорға ақша аударып, гуманитарлық көмек жөнелтті. Бүгінде қызылордалық құрылысшылар Арыс қаласындағы 254 үйге қайта қалпыну келтіру жұмысын жүргізіп жатыр. Оған қоса, аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың қолдауымен арыстық 150 баланың тегін тынығуына жағдай жасалып, балалар бүгінде «Талдысу» лагерінде керемет демалуда. Бұл да болса, қызылордалықтардың арыстық ағайынға деген айрықша ілтипаты болса керек-ті.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.

30 шілде 2019 ж. 1 346 0