Еден жуушы 156 мың теңге жалақы алады
Шымкенттік компанияда еңбек ететін еден жуушы 156 мың теңге жалақы алады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ сайтына сілтеме жасаған "Жаңақорған тынысы".
Құрылыс жұмыстарымен айналысатын компаниядағы ең төменгі жалақы - 68 мың теңге. Оны күзетшілер алады екен. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған бір топ астаналық делегаттардың Шымкентке жасаған сапары кезінде өткен жиында белгілі болды.
Кездесуде сөз алған "Отау-строй" компаниясының басшысы, белгілі меценат Қайрат Молдасейітов бірінші кезекте жұмысшылардың жағдайы назарға алынатынын атап өтті.
"Бізде 765-тей адам жұмыс істейді. Оның 72-сі көпбалалы ана, 15-і мүмкіндігі шектеулі жан. Биыл біз 35 қызметкеріміздің баспаналы болуына қолдау көрсеттік. Бізде орташа жалақы - 143 мың теңге, ал төменгі жалақы – 68 мың теңге. Оны күзетпен айналысатындар алады. Олар бір күн жұмысқа шығып, екі күн демалады. Демалыс күндері қосымша еңбек етіп, табыстары бар деп ойлаймыз",- деген кәсіпкер кеңседе еден жуушы болып істейтіндер өз жұмысына тыңғылықты қарайды дегенді алға тартты.
Сонымен қатар, Қайрат Молдасейітов сол еңбегі үшін еден жуушылар қолына 158 мың теңге жалақы алатынын айтты.
"Соңғы төрт жылда біз жыл сайын қызметкерлеріміздің жалақысын 10 пайызға көбейтіп келеміз. Осы дәстүр ары қарай да жалғасын табады деп ойлап отырмыз",-деді ол.