Шашыңды жайма


                                                               ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ШАШЫН ЖАЙЫП ЖҮРМЕГЕН
  Уақытында қаракөз қыздарымызды төрге шығарған бабаларымыз «Қолаң шаш, қара көз, қара қас, бойынан бір мін де табылмас...» деп сүйсінген. Ал, табиғатынан сұлу қазақ қыздары бүгінгі күні бөтеннен үйренгенді сән деп бағалап жүр-ау. Жаман әдет пен киім киісті сырып қойғанда шаш жаю мәселесі де кең етек жайып барады.
  Ертеректе қазақ қыздары еш уақытта шаш жаймаған. Бұрымын қос етіп өріп, жинап, шашпау тағып жүрген. Шашқа түрлі күтім жасап, тіпті шашқа арналған шаш-қаптар да киген. Қазіргі әжелерімізді байқар болсақ, әлі күнге дейін шашын жинап, бір қылын жерге түсірмей түйіп қояды. Тәрбиенің мықтылығын айтсаңшы, түскен шаштарына дейін жинап жүретіндерінің өзі де тәлім емес пе? 
  Әйелдің шашы магнит секілді. Күнделікті шаш тарағаннан-ақ оның жоғарыға ұшатынын, энергияға толы екенін көре аламыз. Шаштың беріктілігін альюминиймен салыстыруға болады. Бір шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келеді. Әйел адамның бұрымы 20 тонна салмақтағы затты көтеріп тұра алады дейді мамандар. Міне, осындай күш қуатқа ие шашты жинап, буып-түйіп жүргеніміз абзал болар еді. Өйткені, шаш жаюдың зияны өте көп. Әйелдердің күніне 70 шашы түседі екен. Бос шаш жерге түседі, жерде жатқан зат аяққа басылады, ал аяққа басылған нәрседе не қадір қасиет болады. Жерде жатқан шаштың да сұрауы бар екенін ұмытпайық. Көшеде қалай болса солай шаш жайғанның жөнi осы екен деп сайтанға айналған сұрықсыз бойжеткенге қарап көзiң ұялады. Шашын ары лақтырып, бері лақтырып асханада да отырады, сабаққа емес бар көңілі шашына ауып дәріс те тыңдайды, далада шашын тарап, түскенін сонда тастап кете барады. Әсіресе, шаш жайған жас қыздардың шаштары адам үстіне жабысып, жиіркеніш тудыратыны сөзсіз. Түрлі мекемелерде еден жуатын апайлар да қыл тазалап дәрмені құрыған шығар. Одан қалса қоғамдық көліктерде сыпыртқыдай сол шаш қоқыс жинайды. Автобустарға адам мол мінген кездері шашын жайған бойжеткендеріміз елге әбден кедергі. Автобус ішінде шашын жайып алып, адам ары-бері өткенде сол шашы жұлынып, әркімнің үстіне я бетіне жабысып, ұйпа-тұйпасы шығып мезі болып тұрған қыздарды көп кездестіреміз. Онымен қоймай қызық іздеген жігіттер шашты тартып ойын етеді. Ал мәселеге тереңірек үңілер болсақ, әйелдің шашы ерлер үшін магнит. Сыртқы сұлулықтың 80 пайызы шашта. Әйел шашын иіскеген ер мас адамның кейпіне түсетінін ғалымдар дәлелдеген екен. Қазақ екі жағдайда ғана шаш жайған, әрине ол жағдайдын бетін аулақ етсін, бірі – елді жау шауып, ел иесіз қалғанда, екінші – күйеуі мезгілсіз қазаға ұшырағанда әйелдер шашын жайып жоқтаған. Қазақ қыздарына «шашынды жайма» деген тыйым сөз төркіні осындайда шыққан. Ал қазіргі таңда сол жесір үлгісі сән болғаны ма? Шашын жайып жүрген қыздарымыздан гөрі шашын жинап жүрген қыздарымыз биязы, әдемі көрінбей ме! Аяулы қыздар, шашбау тақпасақ та шашымызды жинап, қазақ қызы деген қадірлі атты өшірмей жинақы жүрейікші!
Зауре Даулетова
11 сәуір 2019 ж. 1 606 0