Кәсіпкер көп балалы анаға үй салып берді

Мәселен Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жергілікті кәсіпкер әлеуметтік жағынан аз қамтылған жеті отбасына үй салып берген. Баспаналы болған алты баланың анасы Марина Құрбанова енді әр балаға төленетін атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат жинап жатыр.
Жандос Жұмабек, «Хабар 24» арнасының тілшісі:
- Бұл – көп балалы ана Марина Құрбанованың шаңырағы. Жалғызбасты келіншек бұған дейін ата-анасының баспанасын паналап келген. Табысы аз, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандықтан жақында ғана жергілікті кәсіпкер 4 бөлмелі үй салып беріпті. Өз баспанасына қолы жеткен келіншек енді көп балалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмектен үмітті.
Марина Құрбанова, көп балалы ана: -
Бұрын 6 балаға 16 мың теңге алушы едім. Қазір енді Елбасымыз әр балаға 21 мың теңгеден беріледі деп жатыр. Соған мен құжат дайындап жатырмын. Жағдайымыз бұдан да жақсы болар еді, өте қуаныштымын. Маринаның 6 баласы бар. Оның үшеуі мектепке барады. Тұрмыс тауқыметін бір кісідей тартқан келіншекті ауыл әкімдігі қоғамдық жұмыспен қамтыпты. «Енді өз шаңырақтары бар, балаларының да еңсесі көтеріліп қалды», - дейді ауылдық округ әкімі Асан Төлешов.
Асан Төлешов, қарабау ауылдық округінің әкімі:
- 110 жаңа есімге енген Ертаев Сырым Махамбетұлы үлкен қамқорлық жасап, біздің ауыл округінен осындай тұрмысы төмен үш отбасыға 3 үй салып берді. Құрбанова Марина тұрмысы төмен отбасыға жатады. Бұл азаматшаны біз өзіміздің Қарабау ауылдық округінде қоғамдық жұмысқа тартқанбыз. Қазіргі таңда бізде жұмыс істейді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 130 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Оның ішінде 16 500 отбасыға немесе 100 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл көп балалы отбасындағы жұмыссыз ата-аналарды жұмыспен қамту мақсатында «Қолғабыс» жобалар кешені жүзеге асырылып жатыр.