№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ



Мемлекет басшысының төрағалығымен Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Партияның 20 жылдығына арналған съезге өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар құрылымдарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, бастауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері қатысты.

Міндеттер айқындалған съезд

Съездің басты жиынын Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын қабылдау, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есептік кезеңдегі жұмысын қорытындылау және аталған органдардың жаңа құрамын сайлау мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі Nur Otan партиясының рөлін ерекше атап өтті. – Баршаңызды Nur Otan партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді. Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге бара-бар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген Nur Otan партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел экономикасының айтарлықтай өскеніне, сыртқы сауда айналымының көлемі 9 еседен астам артқанына назар аударды. – Қазақстанға шетелден 320 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылды. Азаматтарымыздың кірісін 16 есе көбейттік. 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді. 1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды. Мұның бәрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Nur Otan мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді, – деп атап өтті Елбасы. Өз сөзінде Президент әлеуметтік саланы одан ары жақсартуға айрықша мән беріп, халықтың тұрмыс сапасын арттырудың тиімді жолдарына тоқталды. – Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінетіндігі туралы айтты. Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты одан ары жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, оны іске асыруға партияның белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті. – Партия тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешу ісіне белсенді атсалысуға тиіс. «Халыққа көмек» жобасы осы жұмыстарды күшейтуге бағытталған. Бүгінгі таңда қоғамның өзекті сұраныстарына жедел жауап беру және соларға мемлекеттік органдардың назарын аударту маңызды мәселе саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөз соңында Елбасы Nur Otan-ның толағай табыстың және болашаққа жол ашатын жарқын жетістіктердің партиясы екенін айтты. – Біздің ұзақ мерзімді стратегиямыз, мол табиғи ресурсымыз, саяси ерік-жігеріміз бар. Мемлекеттің қуаттылығы экономиканың даму қарқынымен және тұрғындардың тұрмыс сапасымен өлшенеді. Сондықтан мен өзіме сенім артқан халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын көргім келеді. Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік. Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім. Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету. Біз – халық бірлігінің партиясымыз, – деді Мемлекет басшысы.

Жүйелі қолдау –нақты нәтиже кепілі

Сонымен қатар съезде бірқатар нұротандықтар сөз алып, Елбасы айқындап берген тапсырмаларды орындауда партияның жаңа бағдарламасының маңызы зор екеніне назар аударды. Солардың бірі SAMHAT жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Самал Тілеубаева бағдарламада көрсетілген шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі туралы айтты. – Партияның жаңа бағдарламасында ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 40 пайызға дейін көбейту міндеті қойылып отыр. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Тіпті қиын-қыстау жылдардың өзінде Мемлекет басшысы бұл салаға ерекше көңіл бөліп, үлкен қолдау көрсетті. Соның арқасында ел экономикасы өсті. Оны біз сияқты кәсіпкерлер айқын сезініп, ісін ілгері жылжытуға мол мүмкіндік алды. Осының бәрі Елбасының отандық өндіріске көрсетіп отырған қамқорлығының жемісі екені сөзсіз. Алдағы уақытта да біздің серіктестік осы бағытта жұмысын жалғастырады, – деді С.Тілеубаева. Ал бағдарламадағы негізгі мақсаттардың бірі өндіріс көлемін өсіріп, инклюзивті экономика құру екеніне назар аударған «Аллюр компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев отандық автомобиль өн-дірісінің қалыптасуы тікелей Елбасының ерен еңбегінің жемісі екенін айтты. – Аса мәртебелі Елбасы! Сіз үнемі біздің кәсіпорынға қолдау көрсетіп келесіз. Соның нәтижесінде, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біріншіден, өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің кәсіпорын өңдеу өнеркәсібі бойынша елімізде алдынғы орыннан көрінді. Екіншіден, сатып алушылардың сенімі артты. Мәселен, 2013 жылы сатып алынған әр бесінші автомобиль отандық өнім болса, бүгінде бұл көрсеткіш әр екінші автомобильге дейін жетіп отыр. Өнімдеріміздің Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдерге экспортталуының өзі отандық экономикаға оң әсерін тигізуде, – деді ол.
Өз кезегінде «Зенченко и К» серіктестігінің өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Иван Зенченко бағдарламадағы азаматтардың жайлы өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасау мақсатына көңіл бөлді. – Бағдарламада айтылған «Құтты мекен» партиялық жобасын қос қолдап қолдаймын. Бұл халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жалпы, жаңа құжат елдің әл-ауқатын күшейтіп, бізді ұлы істер мен биік белестерге жетелейді, – деп атап өтті И.Зенченко. Бұдан басқа, съезде Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Мәжіліс депутаты, Мәжілістегі партия фракциясы жетекшісінің орынбасары Нұртай Сабильянов, Алматы облысы Кербұлақ аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазез, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Балалар құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық қордың құрылтайшысы, Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева, STEM академиясының негізін қалаушы, мектеп оқушыларына арналған «Тегін 1000 ІТ сынып» партиялық жобасының белсенді қатысушысы Әбутәліп Мүтәлі, Атырау облыстық кардиологиялық орталығының кардиолог-дәрігері Жанар Оралбекова, «Қазақмыс корпорациясы» жанындағы №1,2,3 Жезқазған кен байыту фабрикаларының директоры, бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұрат Бөрібаев және «Жас Отан» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин сөз сөйледі.

Әлеуметтік дамудағы тың серпіліс

Жарыссөз нәтижесінде Елбасы, партия Төрағасының съезде берген міндеттері мен тапсырмалары негізге алынып, партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданды. Осы ретте бағдарлама жобасының бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның аудандық, қалалық және облыстық филиалдарының конференцияларында кеңінен талқыланғанын атап өткен жөн. Аталған құжатта партияның күн тәртібі, құндылықтары, мақсаттары және жұмыс бағыттары көрсетілген. Бағдарлама Үкіметпен, әкімдермен, Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясымен және барлық деңгейдегі мәслихаттармен бірлесіп жүзеге асырылады. Сондай-ақ ол мемлекеттің дамыған елдер қатарына қосылуы үшін реформалаудың сыннан өткен әрі тиімді тәсілі болып табылатын Бес институттық реформада көрсетілген бағытты жалғастырады. Тұтастай алғанда, бағдарлама Мемлекет басшысының елімізді жан-жақты жаңғырту бағытын жалғастыруды және алға қойған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етпек. Сонымен бірге, бағдарламада партияның алдағы он жылға арналған нақты 10 мақсаты көрсетілген. Атап айтқанда, партия 2030 жылға дейін әрбір қазақстандық отбасының бақуаттылығын, әр адам үшін қолжетімді болашақ білімін, саламатты адамдардың қуатты ұлтын, инклюзивті экономиканы, дамыған бизнес пен қоғам бақуаттылығының негізін, азаматтардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасауды, азаматтардың мүддесін білдіретін тиімді мемлекет құруды, жауапты азаматтардың үйлесімді қоғамын қалыптастыруды, жастардың зор мүмкіндіктерге ие болуын және Nur Otan-ның ұзақ мерзімді саяси көшбасшылығын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Елдік пен бірліктің нышаны

Съезде қаралған мәселелердің бірі партияның белгісіне, яғни логотипіне қатысты болды. Соған сәйкес, съезд делегаттары партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылады. Соңғы рет мұндай өзгертулер 2013 жылдың қазанында өткен партияның XV съезінде енгізілген екен. Содан бергі бес жылдың ішінде болған заңнамалық өзгерістер мен жаңа тәжірибелерге сәйкес Жарғыға кейбір нормаларды енгізу қажеттігі туындаған. Нәтижесінде, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты партияның мемлекеттік тілдегі атауында латын қаріптері қолданылатын болды. Ұсынылған жаңа логотиптегі күннің сәулесі де 17-ге жеткізілді. Ол символикалық тұрғыдан еліміздің облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларын бейнелейді. Партияның латын әліпбиінде жазылған атауын партия Төрағасының өз қолымен жазғанын да ерекше атап өткен жөн. Бұдан басқа, съезд барысында партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, аталған органдардың жұмыс қорытындылары жөніндегі есебі қабылданды. Саяси кеңестің құрамы 67 пайызға жаңарғанын айта кетейік. Партияның жоғары өкілдік органы болып саналатын Саяси кеңестің өкілеттігіне партия съезінің шешімдерін орындау бойынша партия органдары қызметінің негізгі бағыттарын анықтау, партияның қатысуымен болатын сайлау кампанияларына қатысты мәселелерді қарау, партия атынан саяси мәлімдемелер мен үндеулерді қарау және енгізу, қалыптасқан қоғамдық қатынасқа байланысты партияның ұстанымын анықтау, партия Төрағасының ұсынысы бойынша өз құрамынан партия Саяси кеңесінің Бюро мүшелерін сайлау, партия съезін шақыру, олардың күн тәртібін қалыптастыру, партияішілік талқылауларды өткізу туралы шешім қабылдау, оларды өткізуді ұйымдастыру және қорытындылау, партия съезінің ерекше құзіретіне қатысы жоқ партия қызметіндегі басқа да мәселелерді шешу кіреді. Кеңестің өкілеттік мерзімі 4 жылды құрайды. Съезд аясында жаңадан сайланған Саяси кеңестің алғашқы жұмыс отырысы өтті. Онда Саяси кеңес Бюросының мүшелерін сайлау мәселесі қаралып, құрамы бекітілді. Айта кетейік, бүгінде Nur Otan партиясы 1 миллионнан астам мүшесі мен 6 мың бастауыш партия ұйымының басын біріктіреді. Еліміз бойынша партияның 247 филиалы жұмыс істеп, қазақстандықтардың өзекті мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етіп келеді. Еліміздегі жан-жақты жаңғыру үдерісіне сәйкес партияның даму кезеңінде де жаңа межелер айқындалды. Атап айтқанда, 2017 жылдың аяғында өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы Nur Otan-ның қызметін жаңғыртып, жұмыс форматын өзгерту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соған байланысты партия қызметіне жобалық тәсіл енгізіліп, 20-дан астам жаңа нақты бастама қолға алынды. Олар қазақстандық қоғамның әр саласын қамтып қана қоймай, миллиондаған Қазақстан азаматына айтарлықтай игі әсерін тигізіп отыр.

Еламан ҚОҢЫР.
Айқын газеті.


03 наурыз 2019 ж. 662 0