Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, 6687 ОҚЫРМАН!

АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, 6687 ОҚЫРМАН!

   Мемлекеттің мерейін асырған тағы бір жылды артқа тастап, 2019 жылға аяқ бастық. Осы тұста, 2018 жыл несімен есте қалды? Ауданның төл басылымы қандай биіктерді бағындырды? Алдағы бағыт-бағдарымыз қандай? Соңы елеп-екшеп, таразыласақ...


    Оқырмандарының сөзін сөйлеп, елдік мүддені жариялап келген басылым уақыт талабына сай бейімделуді мұрат тұтты. Яғни, мемлекеттік саясатты насихаттап қана қоймай, әлемдегі озық елдердің үздік бастамаларын оқырман назарына ұсынуды жөн санады. Мәселен, АҚШ, Жапония, Сингапур, Қытай және Кореяның шағын және орта бизнес саласын дамытуының қыр-сырына үңіліп, ұстанған негізгі басымдықтарын жазды. Әрине, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бәсекеге қабілеттілікті шыңдауда кәсіпкерлікті дамытуды тапсырды. Осы ретте, салаға серпін беруге дең қойған жергілікті билік пен кәсіпкерлерге бағыт-бағдар болсын деген ниеттен озық нәтижелерін сараптадық...
«Жаңақорған тынысы» үшін өткен жылдың басты жетістігінің бірі – жаңа медиа нарық саласын игеруге талпынуы. Интернет ресурстағы сайт жұмысын жолға қойып, жиырмаға тарта видеоролик дайындады. Сұхбатты газетте ғана емес, видео түрінде алуды бастады. Мұндай жаңашылдықтарды Мәскеуге барған сапарда жадыға тоқып, ақпараттық салада кемшін қалған тұстарды дамытудың қамы-тұғын...
Жалпы, 2018 жыл ел үшін маңызды оқиғалар мен ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге толы болғаны белгілі. Жылдың маңызды оқиғаларының қатарында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығы салтанатына сай тойланды. Біз бұл мерейтойлардан бөлек Жаңақорған ауданы мен Халық ақыны Манап Көкеновтың 90 жылдығын дәріптеудің салмағын түсініп, жан-жақты сараланған мақалаларды лек-легімен ұсындық.
Аудан үнжариясы 85 жылдығын өз деңгейінде атап өтуді де ұмыт қалдырмады. Алдымен басылымның байырғы редакторлары Айдархан Бибасарұлы, Алмас Бекжігітов және Қаныбек Әбдуовтің қатысуымен өткен «Сөздің салмағын оқырман таразылайды» атты рухани-мәдени кеш өткізілді. Шарада басылымда әр жылдары басшылық еткен редакторлар тәжірибелерімен бөлісіп, оқырмандармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Одан кейін, қарымды қаламгер Баян Үсейінованың «Сара сөзден інжу терген» атты шығармашылық кеші өткізілді.
Оразылы Мұсабеков пен Құдайберген Ертасовты еске алуға арналған «Қанаттандырған қалам» атты дойбыдан дәстүрлі турнир жалғасын тапса, басылымның тұңғыш редакторы Әбдірейім Рыскелдиевті еске алуға арналған футболдан облыстық турнир өтті. Оған өңір журналистерінен құрылған командалар қатысып, үздік ұжымды анықтады. Ақын Адырбек Сопыбековтың туған күніне орайластыра «Шуағың боп төгілемін» атты жас ақындар мүшайрасы да жоғары деңгейде өтті.
Қорытынды шара ретінде «Қоғамдық сананы қалыптастыруда төл басылымның рөлі» атты облыстық семинары өткізілді. Семинар аясында «Жаңақорған тынысы» газетінде әр жылдары жарық көрген мақалаларды топтастырған «Дәуір айнасы» кітабының тұсауы кесілді. Шығармашылық ұжымды қанаттандырған, шабыттандырған шаралар мұнымен тоқтамақ емес...
Біз аудан тарихындағы ірі-ірі оқиғаларды газет бетінде жариялай отырып, оқырманның талғамы мен уақыт талабын ескеруге тырысты. Оның дәлелі, оқырманға сапалы сараптама, өзекті мәселелерді жеткізіп отырды. Әсіресе, адам денсаулығына қатысты зерттеулер мен кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды тұстарын талдап, туризм, өлкетану, тұлғатану және т.б. жайлы зерделеді. Яғни, газетте экономикалық, саяси сараптамалардың көбейіп, өзекті тақырыптарды көтерген талдау мақалалар көбірек жарияланды. Басылымда жарияланған маңызды мәселелер қоғам назарын аудартып, шешімін табуға да ықпал етті.
Журналистердің еңбектері еленіп, облыстық, республикалық деңгейдегі марапатқа ие болды. Оның ішінде, Ерубай Қалдыбек Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасын», Баян Үсейінова Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасын» алды. Ал, Әлібек Жарықбаев Қазақстан Журналистер одағының «Құрмет грамотасымен», Әбдісамат Әбдіш аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Мұның бәрі талғамы биік оқырманның талап үдесінен шыға алғандығының нәтижесі деп ойлаймын. Оған қоса, шежірелі 85 жылдық тарихы бар аудандық басылымды мерейтойымен құттықтаған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың «Алғыс хаты» редакция ұжымын бір серпілтіп тастады.
Осындай шығармашылық ізденістерге жаңақорғандық оқырмандар да ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Оны соңғы жылдардағы таралым саны артуымен байланыстыруға болады. Мәселен, аудан әкімінің қолдауын, ауылдық округ әкімдері мен сала басшыларының демеуін ерекше сезіндік. Әсіресе, баспасөзге жазылуды ұтымды үйлестірген аудандық ішкі саясат бөлімін, газетке жазылуда белсенді қатысқан аудандық білім бөлімі мен денсаулық сақтау саласын, аудандық ішкі істер бөлімін, Жаңақорған агро-техникалық колледжін ерекше атау керек. «СКЗ-U» ЖШС бас директоры Мәдіхан Бекжановқа, «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ бас директоры Асқар Жаукеновке, «Жаңақорған шипажайы» АҚ бас директоры Бақытжан Абдуллаевқа төл басылымды қолдағаны үшін алғыс білдіремін.
Жалпы, «Жаңақорған тынысы» мемлекеттік және бюджеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен шаруашылық құрылымдар, мектептер мен балабақшалар, зейнеткерлер мен жастардың қолдауымен 6687 данаға жетті...
2019 жылды зор қуанышпен ғана атамай, Жаңа жылдың алғашқы жаңалықтарын да ала келді. Биыл көпшіліктің көңілінен шыққан «Оқшау ой» айдарын қайта жаңғыртуды қолға алмақпыз. Оқырмандарды қызықтыратын түрлі тақырыптарды көтеретін айдардың жүгін журналистер түсініп, тақырып ауқымын зерделеп, зерттеу нысандарын жүйелеп алды. Демек, «Оқшау ойдан» қызықтырған тақырыптарыңызды оқи алатындарыңызға сенемін. Бұған оқырмандар да дем беріп, өздерінің «Оқшау ойларын» шығаруға да мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар, «Сыр-сұхбат» алаңында белгілі тұлғалардың қайраткерлік және азаматтық болмыс-бітімі мен қабілет-қарымын ашып, оқырманға ұсынуды ойлап отырмыз...
  Бір сөзбен айтқанда, былтырғы жылғы табыстарды биыл да жалғастыруға ниеттіміз.
Қадірлі оқырмандар, 2019 жыл әрбіріңіздің шаңырағыңызға шаттық, молшылық, табыс әкелсін!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.


04 қаңтар 2019 ж. 687 0