1 қаңтардан бастап медицина саласы бойынша 191 мың жұмысшының жалақысы өседі
Жалақыны көтеруге арналған шығыстарға қажеттілік – 27,2 млрд теңгені құрайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылық-құқықтық негізіне қарамастан еңбекақысы аз 191 мың жұмысшының жалақысы көтерілетінін хабарлады, деп жазады Baq.kz. "ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде барлық мемлекеттік ұйымдарда ұйымдастырушылық-құқықтық нысанға қарамастан денсаулық сақтау жүйесіндегі еңбекақысы аз лауазым санатындағы 191 мың жұмысшының жалақысын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап көтереді" - делінген хабарламада. Жалақысы көтерілетіндердің 17 мыңы азаматтық қызметшілерге жататын мемлекеттік ұйымдардың және қазыналық кәсіпорындардың жұмысшылары. Ал қалған 174 мыңы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік ұйымдардың жұмысшылары. Денсаулық сақтау жүйесінің жұмысшыларына жалақыны көтеруге арналған шығыстарға қажеттілік (еңбекақысы аз лауазым санаттары) – 27,2 млрд теңгені құрайды. "2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыны көтеруге қаржыландыру «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы 5 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-10 бұйрығына өзгерістер енгізу арқылы медициналық қызметтердің барлық түрлеріне арналған тарифтерді ұлғайту арқылы көзделген" - дейді мамандар. Медициналық қызметтерге арналған бекітілген тарифтердің негізінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ медициналық ұйымдармен 2019 жылға денсаулық сақтау саласының еңбекақысы аз жұмысшылар санаттарының жалақысын көтеруге шығыстарды өтеу бойынша міндеттемелерді міндетті түрде қоса отырып, келісімдер жасалатын болады. Жалақысы аз мамандардың айлығын көтеру мониторингі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жасалған келісімдерге сәйкес жүргізілетін болады.