» » Арайлы Ақмешітке – Қаратаудан қоңыр саз

Арайлы Ақмешітке – Қаратаудан қоңыр саз

     Елдіктің тірегі болған, Алаштың анасына айналған – Қызылорда қаласына 200 жыл. Қазақ қайраткерлерінің басын қосып, мемлекеттік маңызды шешімдер шығарған қаланың қай кезде де саяси, идеологиялық және рухани мәні төмендеген емес. Оның айғағы, 1925 жылы Қазақ АССР Кеңесінің V съезінде бұрмаланып келген «қырғыз» атауының «қазақ» деген тарихи атауын қайта қалпына келтірілуі. Тұңғыш театрлар мен басылымдардың негізі қаланды. Қызылорда осындай маңызын әлі жоғалтқан жоқ. Бүгінде құрылысы қарқынды, экономикасы серпінді аймақ санатында. Сондықтан, өткенді саралап, келешекке нық қадам басуда 200 жылдықты салтанатқа сай өткізу маңызды-ақ...
    Әсілі, Астанаға өңірлердің жасаған тар­туын естіп, көріп, біліп жүрміз. Осындай игі дәстүр Сыр өңірінің бас қаласына да жасалды. Жаңақорған ауданы қасиетті Ұлы Даланың абызы, қоңыр саздың иесі Қорқыт бабаның мемориалдық кешенін қайта жаңғыртты. Тарихи сәтке куә болу үшін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы қатысты. Сон­дай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен жастар, аудан өнерпаздары шараның деңгейін арттыра түсті.
– Қазақ жеріндегі орны бөлек, тарихи та­мыры тереңде жатқан тұлға – Қорқыт атаның ескерткішінің еңсесін биіктетіп, оны қалаға тарту еткен жаңақорғандықтардың игі бастамасы көңіл қуантады. Бұл – тарихта мәңгі қалатын рухани-мәдени ескерткіш. Жаңақорған ауданының күн тәртібінде тұр­ған маңызды ішкі мәселесі де жоқ емес. Дегенмен, Қызылорданың 200 жылдығын ескеріп, облыс орталығының көркеюіне ортақ ықылас пен жанашырлық танытып, қол ұшын созып отырған жаңақорғандықтарға алғыс білдіремін, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Одан әрі айтыс ақтаңгері Манап Көкенов мектебінің белді өкілі, алаштың арқалы айтыскер ақыны Әбілқайыр Сыздықов елдіктің жарқын жо­лын жырлады. Шараға жиналған көпшілік ақынның туындысын тамсана тыңдап, ру­хына дем алды. Сондықтан, көпшілікті шабыт­тандырған өлеңге тоқталмай кетуге болмас.
...Сыр Ордасы екі ғасыр жастағы,
Қызылорда – арманымның асқағы.
Сенсің Тұңғыш астанасы елімнің,
Қазақ елі сенен көшін бастады.

Өткен күнге көз жүгіртсек ойланып,
Елім сені биігіне қойды анық.
Қызылордам жарияға жар салып,
Екі жүз жыл жатыр биыл тойланып.

Мен өзіңнен қанаттанған текті ұлмын,
Мерейтойың құтты болсын деп тұрмын.
Тарту алып Жаңақорған төрінен,
Қорқыт баба кешенінен кеп тұрмын.

Даламызда жатыр әшпей әр ізің,
Қорқыт баба – сенсің дана абызым.
Кие тұта білсем Қорқыт қобызын,
Бұл да менің перзенттік бір парызым

Ел тойлаған екі ғасыр жасында,
Қызылорда текті өлкемсің расында.
Көріктеніп көркейе бер осылай,
Қадам басып ғасырлардан ғасырға.

Қызылордам басылмасын қарқының,
Тілеп келдім несібеңнің артуын.
Өнер көшін ала келдік біз бүгін,
Қабыл алғын Жаңақорған тартуын, – деді ақын арнауында.
Айта кетейік, демеушілер тарапынан қаржылай қолдау көрсетілген ке­шеннің 365 шаршы метр тұсы кера­могранитпен қапталып, 520 шаршы метр аумаққа брусчатка тасы төселіп, сынған бө­ліктері қайта түзетілген.
Жаңақорғанның Қызылорданың қос ғасырлық мерейтойына арналған тартуы одан әрі Асқар Тоқмағанбетов атындағы облыстық мәдениет үйінде жалғасып, жергілікті қолөнер шебері Ұлмекен Мауытованың туындылары мен аудан тарихын насихаттайтын көрме көп­шілік назарына ұсынылды. Салтанатты шара «Арайлы Ақмешітке – Қаратаудан қоңыр саз» атты концерттік бағдарламасына ұласты.
Мерекелік кеш шымылдығы Құлахмет Нәлтаев дирижерлық еткен «Әлшекей» халық­тық ұлт-аспаптар оркестрінің орын­дауындағы Бәден Айсыновтың «Егеменді Қазақс­тан» күйімен түрілді.
Сонымен қатар, Құралай Әлиева «Жайнай бер, жастар жаңаша» әнін осы оркестрдің сүйемелдеуімен көпшілікке тарту етсе, Құр­манғазының «Балбырауыны» шарықтап, бар­шамызға шаттыққа толы мерекелі көңіл-күй сыйлады.
Ары қарай ауданның көркемөнерпаздары мен «Әлшекей» өнер мектебінің тәрбие­ленушілері және №110 мектеп-лицейі өнер­лі оқушылары қала мерекесіне арнайы дайындаған ән мен биден шашу шашып, жиыл­ған халықтың ыстық ықыласына бөленді.
– Осы салтанатты шараға арнайы ауданнан келдік. Өнер мектебінде тәрбиеленіп жатқан қы­зымды алып келдім. Концерт өте керемет өтті. Көрерменнің риза болғаны сонша залдағы қонақтар көңіл-күйлерін қошеметпен көрсетті. Жаңақорғаның қалаға арнаған бұл тартуы есте қалатын тарихи сәт болды, – дейді Самал Әлімбетова.
Иә, халықтың көзайымына айналған ме­рейі тасыған мереке соңында облыс әкімінің «Ықылас гүлі» ұсынылып, отшашумен өз мәресіне жетті.
03 қараша 2018 ж. 734 0