Бейбіт күннің батыры

Адамның азаматтығы сыналатын сәт болады. Ол – күнделікті тіршілікте емес, тосыннан келген қауіптің алдында көрінеді. Жұрттың бәрі кейін шегініп, ешкімнің жақындауға дәті бармай тұрған сәтте бір адамның алға ұмтылуы – нағыз ерліктің белгісі.
Жақында Қандөз ауылда тұрғын үйден өрт шықты. Қызыл жалын үйдің ішін шарпып, айналаға қою түтін тараған. Ең үлкен қауіп – үйдің ішінде екі газ баллонының болуы еді. Егер оларды дер кезінде сыртқа алып шықпаса, жағдайдың соңы үлкен қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін. Газ баллондарының қызуы күшейген сайын жарылу қаупі де арта түскен. Жалынға жақындаудың өзі жүрек дауаламайтын жағдай. Айналадағы жұрт не істерін білмей, қауіптің ұлғаюынан алаңдап тұрған. Мұндайда адамның табиғи қорқынышы басым түсетіні анық. Өйткені бір қадамның өзі өмір мен өлімнің арасындағы таңдау болуы мүмкін. Сол сәтте мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін азамат Сұлтанов Амантай ойланбастан алға шықты. Ол қауіптің қаншалықты үлкен екенін түсінді. Бірақ уақыт жоғалтудың одан да қауіпті екенін сезінді. Өз өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан үйге қарай жүгірді. Жалын мен түтінге қарамастан ішке кіріп, үйде тұрған екі газ баллонын сыртқа алып шықты.
Бұл – бір қарағанда бірнеше минутқа ғана созылған әрекет болуы мүмкін. Бірақ сол бірнеше минуттың ішінде үлкен ерлік жатыр. Өйткені ол сол сәтте өзінің қауіпсіздігін емес, айналасындағы адамдардың өмірін ойлады. Екі газ баллонының үйден шығарылуы өрттің одан әрі асқынуының алдын алуға сеп болды. Ең бастысы – үлкен апаттың, адам шығынының қаупі сейілді. Батырлық әрдайым марапат мінберінде жасалмайды. Кейде ол ешкім күтпеген сәтте, ешкімнің қолынан келмей тұрған істі өз мойнына алудан басталады. Амантай Қайратұлының бұл әрекеті – соның дәлелі.
Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде ол шәкірттеріне батылдық, жауапкершілік, елге қызмет ету ұғымдарын үйретіп жүр. Ал сол күні ол өзі үйрететін құндылықтарды сөзбен емес, іспен көрсетті. Бүгінгі қоғамға дәл осындай азаматтар керек. Қиын сәтте қарап тұрмай, жауапкершілікті өз мойнына алатын, біреудің өміріне араша түсу үшін өз өмірін қатерге тіге алатын азаматтар елдің шынайы қорғаны болмақ. Амантайдың ерлігі – даңғазаға салатын оқиға емес, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын азаматтық іс. Мұндай адамдардың ерлігі көп айтыла бермеуі мүмкін. Бірақ ел ішінде осындай азаматтардың барының өзі – үлкен қуаныш. Батырлық – кеудеге медаль тағу емес. Батырлық – қауіпті көре тұра, біреуді құтқару үшін алға қадам жасау. Сол күні Амантай дәл сондай қадам жасады. Ол жалынға қарсы жүгірді. Бүгінгі күннің батыры деген осындай азаматқа айтылса керек.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ




