» » БІЛІМ МЕН ӨНЕРДІҢ АЛТЫН МЕКЕНІ

БІЛІМ МЕН ӨНЕРДІҢ АЛТЫН МЕКЕНІ


Оқу жылы басталысымен ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қосымша білім алуына мүмкіндік беретін үйірмелерді іздейді. Бірі өнерге баулитын үйірмелерді таңдаса, енді бірі спорттық бағыттарға ден қояды. Ал кей ата-ана баласының білімін жетілдіріп, түрлі қабілетін дамытуға басымдық береді. Осы орайда аудан орталығындағы оқушылар үйінің тыныс-тіршілігі, жұмыс бағыттары мен мүмкіндіктері туралы мекеме басшысы Тоқболат Нұртасұлымен әңгімелесіп, қосымша білім беру саласының бүгінгі жай-күйін сұраған едік.

– Тоқболат Жолдыбайұлы, алдымен оқушылар үйінің тарихына тоқталсаңыз. Мекеменің қалыптасу жолы қалай басталды?
– Бүгінгі оқушылар үйінің тарихы тереңде. Өткен ғасырдың екінші жартысында Төменарық ауылында Кәрім Жұмабаевтың бастамасымен «Жас техниктер станциясы» деген атаумен алғашқы техникалық-шығармашылық бағыттағы мекеме ашылған.
Ол кезде үш үйірме жұмыс істеген. Кейін 1990 жылдары мекеме аудан орталығына
көшіріліп, оған Рахманберді Сариев басшылық жасап, үйірмелердің жұмысын жалғастырды. Сол кезеңде оқу-өндірістік
комбинат та жұмыс істейтін. Оқушылар аптасына бір күн барып, түрлі станоктармен жұмыс істеуді үйреніп, өндірістік бағыттағы
тәжірибелерден өтетін. Яғни балалардың мектепте алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік болды. Алайда 1999 жылдың соңында аудандағы барлық қосымша үйірмелерді біріктіру мақсатында «Аудандық балалармен мәдени-
тәрбие жұмыстар орталығы» құрылды. Мен осы орталыққа 2008 жылы жұмысқа келдім. Кейін 2021 жылы мекеменің атауы
«Аудандық оқушылар үйі» болып өзгертілді. Шыны керек, 2024 жылға дейін тұрақты орнымыз болмай, түрлі мекемелердің
ғимараттарын паналап, көшіп-қонып жұмыс істедік. Бұл, әрине, үйірме жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруға белгілі бір деңгейде
қиындық туғызды. Дегенмен 2024 жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жаңа ғимарат берілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында, 16 желтоқсанда ғимараттың берілуі біз үшін үлкен қуаныш болды. Мұны біз балаларға жасалған үлкен сый, Тәуелсіздікке тарту ретінде қабылдадық.
– Қазір оқушылар үйінде қанша үйірме бар?
– Бүгінде бізде 16 үйірме жұмыс істейді. Бұрын домбыра, сурет, би сияқты өнер бағытындағы үйірмелеріміз де болған. Қазір өнер мектебі мен оқушылар үйі бір ғимаратта орналасқандықтан, өнер  бағыттарын бір жүйеге келтіріп, негізінен сол жаққа бердік. Ал біз қолөнер, білім, техникалық және шығармашылық бағыттарға көбірек көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі таңда тоқыма, тігін, сумоншақ, робототехника,
ағылшын тілі, қуыршақ театры, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін «Инклюзив лайв», көркем сөз, мобилография, «Шебер қолдар», бастауыш сынып оқушыларына арналған «Бал дәурен», «Жас өркен», «Руханият», және шахмат сынды үйірмелер бар. Сонымен бірге балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған «Жайдарлы жасұлан», пікірталасқа баулитын «Көшбасшы» секілді бағыттар да жұмыс істейді.
– Үйірмелердің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар шығар. Балалар қандай бағыттарға көбірек қызығушылық танытады?
– Балалардың қызығушылығы әртүрлі. Бірі қолөнерге бейім болса, енді бірі робототехникаға, шахматқа немесе тіл
үйренуге қызығады. Сондықтан біз бір ғана бағытпен шектелмейміз. Мысалы, «Инклюзив лайв» үйірмесінде ерекше балалармен
жұмыс жүргізіледі. Ал «Руханият» үйірмесінің ұстазы Наматулла Ашимов ерекше балалардың үйлеріне барып, олармен
рухани тұрғыда жұмыс жүргізіп, сабақ өтеді. Біз осындай жұмыстар арқылы баланың жағдайына қарай жұмыс ұйымдастырудың
бір үлгісін жасап келеміз деп ойлаймын. Сонымен қоса, «Жайдарлы жасұлан» үйірмесі жас өнерпаздарды дайындап, сахна
мәдениетін үйретеді. Жалпы әр үйірменің өзіндік бағыты, мақсаты бар. Бастысы – баланың қабілетін байқап, соған сәйкес
бағыт беру.
– Үйірмелерді ашуда ата-аналардың сұранысы ескеріле ме?
– Әрине. Жыл басында ата-аналар мен балалардың сұранысын саралаймыз. Қандай үйірмеге сұраныс көп түссе, сол бағыт бойынша жұмыс жүргізуге тырысамыз. Қажет болса, педагогтарды қайта даярлап, жаңа үйірме ашамыз. Қазіргі таңда ата- аналар тарапынан математика мен орыс тілі үйірмесін ашу туралы сұраныстар бар. Алдағы уақытта осы бағыттарды қолға алу жоспарда тұр. Біздің ұстанымымыз –
«балаларға не керек?» деген сұраққа жауап іздеу. Үйірмені жай ғана жұмыс болсын деп ашпаймыз. Оның балаға берер пайдасы
болуы керек.
– Қосымша білім беретін мекемелердің негізгі мақсатына тоқталсаңыз...
– Мемлекетіміздің білім беру жүйесі негізгі және қосымша білім беру болып бөлінеді. Негізгі білім беруге жалпы білім беретін мектептер жатса, қосымша білім беруге өнер мектептері, оқушылар үйлері және басқа да шығармашылық бағыттағы мекемелер жатады. Қосымша білім беретін мекемелер арнайы бағдарламалармен жұмыс істейді. Әр педагог өз бағыты бойынша авторлық бағдарлама әзірлейді. Бағдарлама кемінде екі жылға жасалады. Әр топтағы бала саныда белгіленген
талаптарға сәйкес болуы керек. Мысалы, бірінші оқу жылында белгілі бір бағыт бойынша 144 сағат болса, екінші жылы 216 сағатқа өзгереді. Үшінші оқу жылында да сағат көлемі артады. Бірақ кейде балалардың үйірмені соңына дейін аяқтамай, түрлі себеппен қатыспай кететін жағдайлары кездеседі. Осындай да үйірменің жұмысы аяқсыз қалуы мүмкін.
– Баланың үйірмеге қатысуы оның болашағына әсер етеді деп ойлайсыз ба?
– Өте үлкен әсері бар деп ойлаймын. Біздің негізгі мақсатымыз – баланың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру ғана емес, оның икемі мен қабілетіне қарай бағыт-бағдар беру. Бала бір үйірмеге қатыса отырып, жаңа нәрсе үйренеді. Мәселен, қолөнермен айналысқан бала еңбектенуге, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа үйренеді. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін бұйымды жасау үшін де баладан төзім мен ізденіс қажет. Сондықтан, баланың көкірек көзін ашып, оны жан-жақты тұлға етіп қалыптастыру – біздің басты міндетіміз.
Балаға тек білім беру жеткіліксіз. Оның бойына адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік, ізденімпаздық сияқты қасиеттерді де сіңіру қажет. Әсіресе ұлттық өнердің орны бөлек. Бабадан келе жатқан ұлттық өнерді бала бойына сіңіру арқылы ұлттық құндылықтарды қалыптастыра аламыз. Қолөнер арқылы баланы құндылыққа, қайсарлыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеуге болады. Бұл – ұлттық кодты
ұрпақ бойына сіңірудің бір жолы.
– Биыл оқушылар үйінің жұмысында қандай жаңалық бар?
– Биылдан бастап біз 3 жастан 16 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істеуге басымдық беріп отырмыз. Мектеп жасына дейінгі
балаларға арналған «Қуыршақ» үйірмесі бар. Дегенмен бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне байланысты ұстаздарымыз балабақшаларға
барып жұмыс істейді. Сонымен қатар сол балабақшалардың өзінде қуыршақ театры арқылы ертегілер қойып, бүлдіршіндерге
көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Мектеп жасына дейінгі баланың да кішкентайынан шығармашылықпен таныс болуы біз
үшін маңызды бағыт. Өйткені баланы шығармашылыққа ерте жастан баулу оның кейінгі қабілетінің қалыптасуына ықпал
етеді.
– Үйірмелердегі педагогтардың жағдайы туралы айтып өтсеңіз...
– Қазіргі таңда мекемеде 48 қызметке бар. Оның 20-сы педагогтар. Олар 527 балаға дәріс беруде. Ұстаздардың сағаты толық.
Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әр педагог өз бағыты бойынша балалармен жұмыс істеп, олардың қабілетін дамытуға
күш салып жатыр. Біздің ұжым үшін ең маңыздысы – баланың үйірмеге қуана келуі және алған білімін өмірде пайдалана алуы.
Сұхбатымыздың соңында ата-аналарға айтарым, қосымша білім – баланың негізгі білімін толықтырып қана қоймай, оның
тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Біздің есігіміз балалар үшін әрдайым ашық. Балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, қабілетін шыңдап, өзіне сенімді, білімді, еңбекқор, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат болып қалыптасуына үлес қосу – біздің басты мақсатымыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Айсұлу АЛДАНАЗАР
06 қазан 2026 ж. 64 0