ОТБАСЫ – МЕРЕКЕ ОРДАСЫ

Береке мен бірліктің бастауы – отбасы. Адамның жүрегіне жылу сыйлап, өміріне бағыт-бағдар беретін ең қастерлі орта да – отбасы. Осы құндылықты дәріптеу мақсатында Жаңақорған аудандық «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен «Руханият» орталығында «Отбасы – мереке ордасы» атты тағылымды шара өтті.
Отбасы күніне орай ұйымдастырылған басқосуға аудан тұрғындары мен жастар қатысып, шаңырақтың қадірі, ата-анаға құрмет, ұрпақ тәрбиесі және отбасындағы өзара сыйластық жайында ой бөлісті.
Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайту, жастарға өнегелі отбасылық тәрбиенің маңызын түсіндіру және береке-бірліктің бастауы болған қара шаңырақтың қадірін насихаттау. Өйткені отбасы – адам баласының алғашқы мектебі. Бала ең әуелі мейірімділікті, сыйластықты, жауапкершілікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті өз шаңырағынан үйренеді.
Жиында аудандық «Әділет» партиясының төрағасы Арман Мажитов сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілегін білдірді. Ол отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, әр шаңырақта татулық пен түсіністік орнауының маңыздылығына тоқталды.
– Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылық. Әрбір шаңырақтың берекесі мен тыныштығы – тұтас қоғамның тұрақтылығына әсер етеді. Бүгінгі жастар отбасылық құндылықтарды бойына сіңіріп, ата-ананың ақылын тыңдап, болашақта берекелі шаңырақ құруға ұмтылуы керек. Әр үйде күлкі естіліп, балалардың қуанышы артып, ата-ана аман болсын. Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз кең болғай! – деді Арман Мажитов.
Кездесу барысында қатысушылар отбасының адам өміріндегі орны туралы пікірлерін ортаға салып, жастар тәрбиесінде ата-ана өнегесінің маңызына тоқталды. Әсіресе, қазіргі қоғамда отбасы институтын нығайту, жастар арасында жауапкершілік пен сыйластықты қалыптастырудың өзектілігі айтылды.
Шараға қатысқан жастар да отбасы туралы ойларын бөлісіп, өнегелі шаңырақтың басты тірегі – өзара құрмет пен сенім екенін жеткізді. Жылы жүздесу барысында отбасы құндылықтары жайлы тағылымды әңгімелер айтылып, қатысушыларға жақсы көңіл күй сыйлады.
Шын мәнінде, отбасы – тек бір үйдің ғана емес, тұтас елдің тірегі. Берекелі шаңырақтан тәрбиелі ұрпақ өседі. Ал тәрбиелі ұрпақ – елдің ертеңін қалыптастыратын үлкен күш. Сондықтан отбасы құндылығын дәріптеу – баршаға ортақ міндет.
«Отбасы – мереке ордасы» атты шара да осы маңызды ойды айшықтап, қасиетті шаңырақтың қадірін тағы бір мәрте сезіндірді. Қай үйде татулық болса, сол үйде бақыт бар. Қай шаңырақта мейірім болса, сол жерде ұрпақтың болашағы жарқын.




