» » Жаңақорғанда заманауи спорт кешені бой көтеруде

Жаңақорғанда заманауи спорт кешені бой көтеруде


Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау айрықша орын алады. Осы орайда, Жаңақорған кентіндегі «Саяжай» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені өңір тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып отыр. Бүгінде құрылыс қарқыны бәсеңдемей, жобаны сапалы аяқтау бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Жуырда аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан нысан басына арнайы барып, құрылыс алаңындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен жеке танысты.


Салынып жатқан спорт кешенінің негізгі ерекшелігі әрі басты мақтанышы – Жаңақорған ауданының тарихында алғаш рет бой көтеріп жатқан үлкен жүзу бассейні. Бұл нысан аудан жастары мен тұрғындарының су спортына деген қызығушылығын арттырып, кәсіби спортшыларды даярлауға да үлкен жол ашпақ. Сонымен қатар, әмбебап кешен ішінде заманауи спорт құрал-жабдықтарымен жабдықталған жаттығу залдары, үстел теннисі алаңдары, келушілер мен спортшыларға жайлы жағдай жасайтын демалыс аймақтары мен тамақтану орындары қарастырылған.

Жобаның жалпы құны 650 миллион теңгені құрайды. Бұл тек спорттық инфрақұрылымды жаңарту емес, сонымен бірге жергілікті халықты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық қадам. Нысан толықтай пайдалануға берілгеннен кейін 30-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайтуға серпін беріп, бұқаралық спортты жаңа деңгейге көтереді.

Осы ауқымды жобаны жүзеге асырып отырған кәсіпкер Балғабаев Болат Ахмадбекұлының бұл кадамы туған жерге деген жанашырлықтың, елге деген перзенттік сүйіспеншілік пен парыздың жарқын үлгісі болды. Аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан барша жерлестерінің атынан меценатқа арнайы алғыс білдіріп, мұндай игі бастамалар өңірдің дамуына өзіндік үлес қосатынын атап өтті. Жаңа спорт нысаны жақын арада ел игілігіне беріліп, салауатты ұрпақ шыңдайтын басты орталықтың біріне айналмақ.
25 тамыз 2026 ж. 39 0