Кітап оқитын ұлт облыстардан басталады

Бүгін Қызылорда облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт — Читающая нация» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның негізгі мақсаты - кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамда тұрақты оқу дәстүрін қалыптастыру және республикалық кітап оқу марафонын бірлесіп жүзеге асыру.
Марафон алты айға жалғасады. Осы уақыт ішінде қатысушылар жоба тізіміне енген 15 шығарманы оқиды. Олардың қатарында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы, Стивен Ковидің «Жасампаз адамның 7 қабілеті» кітабы және басқа да тағылымдық туындылар бар.
Жобаның маңызды құрамдас бөлігі – технологиялық серіктес Yandex Qazaqstan-ның «Яндекс Кітаптар» сервисі. Оның көмегімен өңір тұрғындары ауқымды цифрлық кітапханаға тегін қол жеткізе алады. Заманауи технологиялардың арқасында қала тұрғындары ғана емес, облыстың шалғай ауылдарындағы оқырмандар да мыңдаған кітапты еш кедергісіз оқуға мүмкіндік алады.
Алдағы уақытта Қызылорда облысында өңірлік жоба кеңсесі құрылып, білім және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер айқындалады. Сонымен қатар қатысушыларды тіркеуге және оқылған кітаптарды есепке алуға арналған цифрлық платформа іске қосылады.
Жобаға ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындарын кеңінен тартуға ерекше назар аударылады.
Қызылорда Облысының Әкімдігі




