АУДАН ӘКІМІ ЕГІН АЛҚАПТАРЫ МЕН СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Бүгін аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек жұмыс сапарымен Келінтөбе ауылдық округінде болып, «Елім-ай» шаруа қожалығының егін жинау науқанының барысымен және өндірістік жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда шаруашылықта күздік бидайды жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл қожалықта 61 гектар күріш, 50 гектар жүгері, 50 гектар мақсары, 115 гектар күздік бидай және 228 гектар жоңышқа алқабы игерілуде. Егіс жұмыстары заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы жүргізіліп, шаруашылықтың материалдық - техникалық әлеуеті жыл сайын жаңартылып келеді. Сондай ақ, қожалық 15 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Одан кейін аудан әкімі Көктөбе ауылындағы Келінтөбе магистралды каналының бас сағасына барып, вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу мақсатында іске асырылып жатқан жобаның жүзеге асырылу барысын көрді. Жоба аясында секундына 20 текше метр су айдайтын 6 су сорғысын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама суармалы егіншіліктің тұрақты дамуына, егістік алқаптарын қажетті көлемде сумен қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы жауапты сала мамандарына құрылыс және монтаж жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, су жеткізу жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және вегетациялық кезеңде шаруаларды ағын сумен тұрақты қамту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.




