Соңғы жаңалықтар

№44 (8958) 13

13 маусым 2026 ж.

№43 (8957) 9

09 маусым 2026 ж.

№42 (8956) 6

06 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » «АҚ ҮМІТ» АДАЛ ЕҢБЕК ЖЕМІСІ

«АҚ ҮМІТ» АДАЛ ЕҢБЕК ЖЕМІСІ



Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға дамып, жаңа бастамалар мен тың жобаларға жол ашып
келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған
бағдарламалардың нәтижесінде көптеген азамат өз кәсібін ашып, нәсібін адал еңбектен тауып отыр. Солардың бірі – аудан тұрғындарына дәмді әрі сапалы тағам ұсынып жүрген «Ақ Үміт» асханасының иесі Үміт Абылаймен тәңгімелесудің сәті түсті.

Кәсіпкерлікке қадам басу – батылдық пен жауапкершілікті талап ететін іс. Ал әйел адам үшін отбасы мен жұмысты қатар алып жүру екі есе еңбек пен табандылықты қажет етеді. Осы жолда Үміт Абылай өз күшіне иек артып, аяқтан қаз тұрып халықтың ықыласына бөленген кәсіп
иесіне айналды.
Аудан орталығынан шағын асхана ашқан кәсіпкер алғашқы күннен-ақ сапаға ерекше мән берді. Тұтынушы сенімін ақтауды басты қағида еткен ол табиғи әрі балғын тағам дайындалуға басымдық берді. Соның нәтижесінде «Ақ Үміт» асханасының өнімдері қысқа уақыт ішінде
тұрғындардың сұранысына ие болды.
Асханада дайындалатын ұлттық тағамдар мен түрлі аспаздық өнімдердің дәмі көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Әсіресе, табиғи еттен әзірленетін самса, манты, тұшпара, палау және басқа да тағамдар тұрғындардың жоғары бағасына ие болған. Таңсәріден басталатын
 қарбалас кешке дейін толастамайды. Себебі сапалы өнімді іздейтін тұтынушылардың қатары күн санап артып келеді.
Асханаға кірген сәттен бастап-ақ балғын астың аңқыған иісі келушілерді өзіне тартады. Тазалық пен тәртіп сақталған дәмханада дайындалған түрлі дәмнен кәсіп иесінің еңбегі мен ықыласын аңғаруға болады.
– Халықтың сенімі – біз үшін ең үлкен марапат. Әр тағамды өз отбасымызға әзірлегендей дайындауға тырысамыз. Сапа ешқашан екінші орынға түспеуі керек, – дейді кәсіпкер Үміт Мұратова.
Бүгінде «Ақ Үміт» асханасы тек күнделікті тұтынушыларға қызмет көрсетіп қана қоймай, түрлі отбасылық мерекелерге, құдалық пен той-думанға, мерейтойларға арнайы тапсырыстар қабылдайды. Бұл кәсіпкерге деген сенімнің арта түскенін көрсетеді. Үміт Мұратова өз кәсібі арқылы тек табыс тауып қана қоймай, бірнеше азаматты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – шағын бизнестің өңір экономикасын дамытудағы маңызды рөлінің айқын дәлелі. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, қызмет түрлерін
көбейту жоспарда бар. Жалпы, бүгінде Жаңақорған ауданында кәсіпкерлікпен айналысып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Солардың арасында Үміт Мұратова да өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында көпшілікке үлгі болып келеді. Оның кәсібі – адал еңбек пен сапалы қызметтің, тұтынушыға деген құрметтің нақты көрінісі.
Еңбегін ел бағалаған кәсіпкер үшін ең басты жетістік– халықтың алғысы. Ал тұрғындардың ыстық ықыласына бөленген «Ақ Үміт» асханасының алдағы уақытта да тұтынушыларын сапалы әрі дәмді тағамдармен қуанта беретініне сенім мол.

Мақпал МАРҚАБАЙ
13 маусым 2026 ж. 33 0