КЕНТТЕ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР КЕҢ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудан прокуроры Бахытхан Төлегенұлының ұсынысымен кент әкімдігінде апта сайын өткізілетін кеңейтілген жиынның кезекті отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері, көше комитеті мүшелері, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ бірқатар бөлім мамандары қатысты.
Күн тәртібінде кент тұрғындарын алаңдатып жүрген өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, кенттегі көпір үстіне жол белгісін орнату, көше бойларына бейнебақылау камераларын қою мәселесі учаскелік полиция инспекторының ұсынысымен көтерілді. Сонымен қатар қаңғыбас иттердің көбеюі, көшеде қараусыз жүрген үй жануарларының қауіпсіздікке төндіретін қатері де назардан тыс қалмады.
Жиын барысында Ә.Сүгірбаев жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдықты шектейтін жол белгілерін орнату қажеттігін атап өтті. Ал А.Ахметов көше бойындағы бейберекет қоқыстардың жиналуы кенттің көркін бұзып қана қоймай, санитарлық талаптарға да қайшы келетінін жеткізді.
Кеңес қорытындысында кент әкімі Ж.Бейсенбеков көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың жүйелі әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алатынын айтты. Мұндай тұрақты жиындар кенттегі түйткілді мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр.




