Соңғы жаңалықтар

Ат спортынан алдамыз

31 қаңтар 2026 ж. 48

№8 (8922) 31

31 қаңтар 2026 ж.

№7 (8921) 27

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (8920) 24

24 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Жаңақорған жаңарып, жаңғырып келеді

Жаңақорған жаңарып, жаңғырып келеді


Апта соңында аудан әкімі Мажит Самитұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері туралы өңір тілшілеріне брифинг берді. Жылан жылы атқарылған жұмыстар мен жылқы жылындағы жүйелі жоспарлармен бөлісті.


– Ауданда Мемлекет басшысының, Үкімет пен облыс әкімі қойып отырған талап үдесінен шығу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың қорытындысымен әлеуметтік-эко­но­микалық дамуда тұрақты жағдай қалыптасып, барлық макро­экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілді. Биылғы жылы да көрсеткіштерімізді жоғары деңгейде орындаймыз деп жоспарлап отырмыз. Аудан бюджеті 2025 жылдың басында 14,2 млрд теңге болып бекітіліп, қосымша кіріс көздерін арттыру және жоғары тұрған бюджеттерден алынған нысаналы даму трансферттері есебінен 4,5 млрд теңгеге ұлғайтылып, жыл соңында 18,7 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде өз кірістеріміз 4,7 млрд теңге көлемінде бекітілсе, жыл ішінде 1 млрд теңгеге ұлғайтылып, нақтыланған жылдық жоспар 5,7 млрд теңгені құрады. Жоспар жыл қорытындысымен 6,6 млрд теңгеге немесе 116 пайызға артығымен орындалды. Аудан бюджетінің шығыстары 99,8 пайызға атқарылды, – деді аудан басшысы.

Инфрақұрылым ел игілігіне

Президент, Үкімет пен аймақ басшысының бірінші кезекте халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалары ауданда жүйелі жүзеге асуда. Оның ішінде, әлеуметтік салаға басымдық берілуде.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба аясында Жаңақорған кентінде 600 орындық, Жаңарық ауылында 300 орындық «Келешек» мектептері, «Руханият» орталығы, Екпінді ауылдық клубы салынып, пайдалануға берілді. Әлеумет­тік жағынан әлсіз топтарына жататын 124 отбасына баспана кілті тапсырылса, Төменарық ауылында аурухана, Әбдіғаппар, Бесарық ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Аудан орталығында осыдан 40 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған темір жол үстінен өтетін көпірдің құрылысы қайта жаңғыртылып, өткен жылдың шілде айында іске қосылды.
Арнайы мемлекеттік қордан 792 млн теңге бөлініп, Жаңақорған аудандық көпбейінді аурухана жанынан қосымша ғимарат салынып, қазіргі таңда науқастар ем алуда. Биылғы жылы бұл ғимаратқа заманауи МРТ, ангиограф аппараттары орнатылып, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін болады. Былтырғы жылдың осындай құрылыс қарқыны сақталып, биылғы қаңтар айының өзінде ғана әлеуметтік осал топтағы отбасыларына арналған 80 пәтерлі 40 тұрғын үй мен Келінтөбе ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Ауызсумен қамту қарқыны

Аудандағы барлық 35 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Аудан елді мекендеріне берілетін ауызсу көлемін ұлғайту мақсатында республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы бөлініп, Тақыркөл бас су қоймасынан екінші желі тартылып, іске қосылды. Сонымен қатар, Жаңақорған кентінің мөлтек аудандарында жаңадан салынған 1500-ге жуық тұрғын үйді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша су тарату станциясы мен желілерін салуға жоба әзірленді. Жоба құны – 1,1 млрд теңге. 2025 жылы арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарлануда.

Жарық жүйесі жаңартылды

Ауданда 1 333 шақырым электр тарату желісі жүргізілді. Өткен жылы аудандағы электр желілерін жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 1,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 2022-2024 жылдары электр желілерінің тозу көрсеткішін төмендету мақсатында 8 елді мекенде жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, өткен жылы 3 ауылда жаңғырту жұмысы аяқталды. Аудан орталығындағы жаңадан салынған әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде электр жүйелерінің тозуы бүгінгі күнге 75 пайыздан 45 пайызға төмендеді.
Қазіргі таңда құны 1,1 млрд теңге болатын 4 жобаны құрылысы өтпелі кезеңмен жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек биылғы жылы облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» мөлтек ауданына электр желісін тарту және Аққұм елді мекенінің электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қалған 6 елді мекеннің электр желілерін жаңғыртуға 2,4 млрд теңге болатын жоба әзірленіп, қаражат бөлу үшін тиісті министрлік пен облыстық басқармаға бюджеттік өтінім өткізілді.

“Көгілдір отынның” келуі

Аудандағы 8 елді мекен табиғи газға қосылған. Газдандыру көрсеткіші халық санына шаққанда 52 пайыз, елді мекендер бойынша 22,8 пайызды құрады. 2025 жылы аудандағы 6 елді мекенді газдандыру, сондай-ақ, ірі өндіріс орындарын қажетті газбен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан қуаттылығы 20 мың текше/сағат болатын Жаңақорған автоматты газ тарату станциясы салынды. Өткен жылдың 18 қарашасында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен газ тарату станциясы іске қосылды. Жоба құны – 2,3 млрд теңге.
Сондай-ақ Сырдария өзенінің батысында орналасқан 6 елді мекенді газдандыруға жалпы құны 7,1 млрд теңге болатын жоба-сметалық құжаттары демеушілікпен әзірленді. Бұл жоба іске асса Қожакент, Ақжол, Ақсуат, Өзгент және Жаңарық пен Әбдіғаппар халқы «көгілдір отынның» игілігін көретін болады. Бұл жобалардың құрылыстары «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамының 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық жобаларының шеңберінде биылғы жылы басталуы күтілуде. «2023 жылы 5 елді мекенді газдандыруға 5,6 млрд теңге болатын жобалар әзірленіп, жоғары тұрған бюджеттерден қаржыландыруға ұсынылды. Осы 5 елді мекенді газдандыру үшін жоғары қысымды газ желісін тарту жобасы жасалып, биылғы жылы республикалық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Жақын арада құрылыс жұмыстары басталатын болады. Бұған қоса, демеушілер есебінен 30 млн теңгеге Бесарық елді мекені тұсында автоматты газ тарату станциясын (АГТС) салуға жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілуде деді аудан әкімі.

Жолдардың жай-күйі

Бірден айту керек, Жаңақорған аудандық маңыздағы жолдарды толықтай шешті. 2025 жылы 5,1 млрд теңге бөлініп, 2 аудандық маңызы бар автомобиль жолына және елді мекендердің 62 шақырымды құрайтын 40 көшесіне күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, аудан орталығындағы Хорасан ата көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кент тұрғындарының тілегі орындалып, кенттің ажары ашылып, жол инфрақұрылымы жақсарып, заманауи жарықшамдар мен аялдамалар орнатылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 98,4 пайызға, елді мекен көшелеріндегі үлесі 66,5 пайызға жеткізілді. Биылғы жылы да аудандағы жол инфрақұрылымын жақсартуға 1,8 млрд теңге жоспарлануда.

Елді мекендерді абаттандыру

Жаңақорған кентінде Жеңіс паркі қайта жаңғыртылып, 4 балалар ойын алаңқайы және Ы.Алтынсарин көшесінде жаңа аллея салынды. Сонымен қатар, Ақжол ауылында аллея, ал Қосүйеңкі, Қожамберді, Манап ауылдарында саябақтар мен балалар ойын алаңқайлары пайдалануға берілді. Темір жол бойында орналасқан елді мекеннің негізгі қақпасы саналатын, ауданның бет-бейнесі көрінетін теміржол вокзалы екені сөзсіз.
Айта кететіні, ауданда алғаш рет керемет жоба басталды. «Комхоз Жаңақорған» ЖШС «Жасыл даму» АҚ арқылы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-нан 159 млн теңге несие алып, Жаңақорған кентінен қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенін салуда. Жоба республикада аудандар арасында бірінші болып біздің ауданда жүзеге асуда. Қазіргі таңда сұрыптау кешені қондырғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада іске қосылатын болады.

Аграрлы саланың салмағы

Жаңақорған аграрлы аудан. Егін шаруасы жыл өткен ширап келеді. Ал мал саны жөнінен облыста озықпыз. 2025 жылы аудан бойынша барлығы 35 188 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл күріш көлемі 7 300 гектарды құрады. Су тапшылығының алдын алу мақсатында ауданның шұғыл шығындарға арналған резервінен 29 млн теңге бөлініп, 8 ауылдық округтегі жалпы ұзындығы 43 шақырымды құрайтын 17 канал тазаланды. Сонымен қатар, «Қазсушар» мекемесі арқылы Тайпақкөл каналының 3 шақырымы және Келінтөбе магистралды каналының бастауындағы 1,4 шақырымы тазаланыпты.
– Биылғы жылы да көктемгі егіске дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудандық бюджет есебінен жалпы ұзындығы 52,6 шақырымды құрайтын 29 каналды тазалау жоспарлануда. Жақын күндері аталған жұмыстарды бастайтын боламыз. Сондай-ақ, «Қазсушар» мекемесі арқылы Келінтөбе магистралды каналының бас сағасы мен Қандөз ауылы аралығындағы 12 шақырымына және Қожакент пен Ақжол ауылдары аралығындағы 16 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 411 гектар жер жаңадан ашылып, 845 отбасы өздеріне қажетті көкөніс, бақша дақылдарын екті. Сунақата ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығы 14 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын қолданып, бақша-көкөніс дақылдарын ексе, жалпы аудан бойынша 100 гектарға жуық алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Осыған дейін күріш егілетін танаптардан 4 000 гектары лазерлі тегістеуден өткізілсе, биылғы жылы барлық күріш егілетін егістіктер лазерлі тегістеуден өткізілетін болады, – деді М.Самитұлы.
Облыстағы барлық мал басының 23 пайызы біздің ауданға тиесілі. 2026 жылдың 1 қаңтарына 61 958 бас мүйізді ірі қара, 216 153 бас уақ мал, 26 720 бас жылқы, 1861 бас түйе және 17 316 бас құс өсірілуде. Бұл да ауданның әлеуеті мен экономикасына оң әсерін тигізуде.

Кәсіпкерлікті көкжиегі

Ауданда 6371 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның жұмыс істеп тұрғаны – 6178 немесе 96,8 пайызды құрайды. Жалпы аудан бойынша есепті мерзімде барлық қаржы көздерінен 324 жобаға 3 млрд теңгенің жеңілдетілген несиелері алыныпты. 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 416 млн теңге құрайтын 52 жоба қаржыландырылған. Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алуға 452 млн теңгеге 43 жоба ұсынылды.
Осы уақытқа дейін мал шаруашылығына басымдық берілсе, енді өнім өндіру ісіне мән берілуде. Шикізат өндіру емес, дайын өнім өндіріп, алдымен аудан нарығын реттеуге кіріскен кәсіпкерлер қатары көбейді. Мәселен, сабын, макарон, шұжық өнімі, дәретхана қағазы, бір реттік майлық сынды тауарлар өзімізде өндірілуде.
– Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 217,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен алыстырғанда 104,5 пайызға жетті. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлеміде 134,8 млрд теңге болып, 102,5 пайызға орындалды, – деді аудан әкімі.
Жалпы бұл саладағы жұмыс көлемі өте ауқымды.

Білім мен медицинаның бүгіні

Аудандағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Апатты жағдайдағы немесе үш ауысымдағы мектептер мәселелесі олық шешілген. Өткен оқу жылында мектептерді 1240 түлек бітіріп, 1148 мектеп бітіруші (92,5 пайыз) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орта балл – 84,5-ті құрапты. Бітірушілердің арасынан 103 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 145 түлек «Үздік аттестат» алды.
– Ауданда денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Демографиялық көрсеткіштер бойынша биыл табиғи өсім сақталып, 2025 жылдың 12 айында 1525 бала дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ. Медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілді. Төменарық ауылында аурухана, Әбдіғаппар, Бесарық ауылдарында дәрігерлік амбулатория және Жаңақорған аудандық көпбейінді аурухана жанынан қосымша ғимарат салынды. Қазіргі таңда бұл нысандар аудан халқына сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, Жаңақорған кентінен жаңадан емхана салу үшін демеушілікпен жоба жасауды бастадық, – деді аудан басшысы.

Спорт саласында серпін көп

2025 жыл аудан спортшылары үшін нәтижелі, жемісті жыл болғаны рас. Жалпы ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданатындар саны 36 мыңнан асып, жалпы ха­лықтың 44,6 пайызына жеткен. Халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жоба құны 423 млн теңге болатын Келінтөбе елді мекенінде спорт кешенінің құрылысы салынып, биылғы жылдың 12 қаңтары күні ел игілігіне табысталды.
«СКЗ-U» ЖШС-нің демеушілігімен Кейден ауылында құны 115 млн теңге болатын күрес залы, сондай-ақ кәсіпорынға қарасты күкірт қышқылы зауыты аумағында құны 314 млн теңге болатын спорт кешені салынды. Бұдан бөлек, Төменарық ауылында жеке кәсіпкер Евгений Метелеевтің жеке қа­ражаты есебінен жабық футбол манежі салынып, пайдалануға берілді. Сондай- ақ Жаңақорған кентінде жеке кәсіп­кер Болат Балғабаев жеке қаражаты есебінен құны 650 млн теңге бола­тын жүзу бассейні бар, заманауи дене шы­нықтыру және спорт кешенінің құрылысын жүргізуде. Бұл нысан да ағымдағы жылдың бірінші жарты­жылдығында пайдалануға берілетін болады.

Инвестиция жоғары көрсеткішке ие
2025 жылдың қорытындысы­мен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 98,8 млрд теңге болып, 2024 жылмен са­лыс­тырғанда 102,7 пайызға орын­далған.
– Өткен жылы жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылды. «Caspian Services Asia» ЖШС-нің1 млрд теңге болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында заманауи қызмет көрсету кешені. Кешенде қонақ үйі, асхана, жанар-жағар май бекеті, монша, автовокзал бар. Жаңадан 65 жұмыс орны ашылды. «Шалқия тас» ЖШС-нің темір-бетон өнімдерін шығара­тын зауыты. Жоба құны – 700 млн теңге. «Шалқия тас» ЖШС-нің жалпы құны 700 млн теңге болатын асфальт зауыты. «Нұрболат» шаруа қожалығының жылына 2000 тонна ет өнімдерін өндіретін мал сою пункті. Жобаның құны – 319 млн теңге. «Бекарыс Агрофуд» ЖШС жылына 500 тонна ет өнімдерін өндіретін мал сою пункті. Жобаның құны – 120 млн теңге, – деді Мажит Самитов.
Биылғы жылы жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жоспарлануда екен. «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарлануда. Жоба құны – 5,5 млрд теңге. Фабрика іске қосылған уақытта 120 адам жұмысқа орналасады. Жеке кәсіпкер Болат Балғабаевтың Жаңақорған кентінде жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы. Жоба құны – 650 млн теңге. Жоба 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылып, 15 жаңа жұмыс орны ашылады. «Комхоз Жаңақорған» ЖШС-нің «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені» жобасы. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы несие алып, қондырғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 159 млн теңге. 10 адам жұмыспен қамтылады.
2027-2028 жылдары жалпы құны 536,6 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемінің ауқымды болуы ірі жобалардың іске асырылуына байланысты. Бұл туралы алдағы уақытта нақтылап талқылайтын боламыз. Брифинг соңында аудан басшысы аймақтағы тілшілердің сұхбатына жауап беріп, осы қарқынды жұмыстарды жалғастыра беретініне уәде берді.
Ең бастысы, ауданның әлеуеті мен экономикасы едәуір өскенін көруге болады. Қорыта айтқанда, барлық салада көші ілшері келе жатқан Жаңақорған ауданы жылдан жылға жаңарып, жаңғырып келеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

31 қаңтар 2026 ж. 65 0