Сыр өңірінде жүйелі даму бар

Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен брифинг өтті. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына жан-жақты тоқталып, соңғы жылдары жүзеге асқан нақты жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады. Брифинг барысында білім беру, құрылыс, жол, инфрақұрылым, көлік, инвестиция және әлеуметтік саладағы ілгерілеулерге ерекше назар аударылды.
Брифингте Нұрлыбек Машбекұлы өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық климат пен іске асырылып жатқан ірі жобалар туралы жан-жақты баяндады. Аймақ басшысының айтуынша, Сыр өңірі бүгінде инвесторлар үшін тартымды, тұрақты даму жолына түскен өңірлердің біріне айналып отыр.
– Қызылорда облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып отыр. Биылға 631 млрд 400 млн теңгеге инвестиция тарту жоспарланса, бүгінде жаңа жобаларды іске қосу арқылы инвестиция 750 млрд. теңгеден асып, жоспар артығымен орындалды. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайыз артса, жеке инвестиция үлесі 70 пайыз. Экономиканы әртараптандыруда алдағы жылдары 2,8 трлн теңгенің 98 инвестициялық жобасы жоспарланған. Бұл 12 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 300 млрд. теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды. Шілде айында 5 млрд. теңгеге «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің толық автоматтандырылған кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн. кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді.
«Қызылорда нан» серіктестігінің нан өндіру кешені іске қосылды. Кешеннің жалпы құны 5 млрд. 600 млн. теңге болатын нан-тоқаш, кондитерлік-макарон өнімдерін (жалпы қуаттылығы 7,8 мың тонна) шығаратын 4 цехы жұмыс жасауда. Бұдан бөлек, 753 млрд. 300 млн. теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталуда. Оларды атап өтсек, 414 млрд. 700 млн. теңгеге «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, 161 млрд. 400 млн. теңгеге кальцийленген сода зауыты, 60 млрд. теңгеге «Seven Rivers Technologies» компаниясының бөтелке шығаратын зауыты, 37 млрд. 800 млн. теңгеге оңтүстік кореялық «With you e&c Qyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдеу зауыты. «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігінің 17 млрд. 300 млн. теңге қаржы салынған, қуаттылығы жылына 1 млн. 100 мың тонна әк шығаратын зауыты келесі жылы іске қосылады (92 жұмыс орны құрылады).
Өткен аптада ғана испандық «Roca Group» компаниясымен жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Елімізде салынатын алғашқы зауыттың құны 44 млрд. теңге, 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба 2027 жылы іске қосылады
Өңірде аграрлық-индустриялық кластер құру мақсатында 51 млрд. теңгеге швейцариялық «Harvest agro» компаниясының техникалық қарасора, жүгері мен соя өсіретін, қайта өңдейтін зауытының және 40 млрд. теңгеге жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы басталды. Үкімет қаулысымен мамыр айында Қызылорда қаласында аумағы 550 гектар «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды, – дейді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сонымен қатар, облыс әкімі соңғы жылдары білім беру саласына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
– Білім беру саласына соңғы 3 жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге бөлінді. Өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд. 391 млн. теңгеге 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, соның бірқатары Жаңақорған ауданына тиесілі. Бұған қоса, ауданда үш ауысымда оқыту мәселесін шешу мақсатында мектептер жанынан қосымша ғимараттар салынды. Бұл – оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Облыстық бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің салынуы – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Мұнда жас өрендер өнер, ғылым, техника бағытында қосымша білім алып, бос уақытын тиімді өткізе алады.
Білім саласын жүйелі қолдаудың нәтижесінде облыс ұстаздары республикалық деңгейде жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Жаңақорған ауданының педагогтері де түрлі байқаулар мен кәсіби сайыстарда үздіктер қатарынан көрініп, өңір абыройын асқақтатып жүр. Бұл – аудан мектептеріндегі білім сапасының артқанын айқын көрсетеді.
Аймақ басшысы құрылыс саласындағы жетістіктерге де тоқталды. Соңғы үш жылда облыста 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. Барлық аудандарда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, 1 700-ден астам пәтер тұрғындарға табысталды. Биыл 3 600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.
Жаңақорған ауданында жол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Соңғы жылдары облыс көлемінде 1600 шақырымнан астам автожол жөнделсе, оның ішінде ауданға қарасты елді мекендер арасындағы және кентішілік жолдар кезең-кезеңімен жаңғыртылуда.
Әсіресе, Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірдің пайдалануға берілуі – аудан тұрғындарының көп жылдан бергі мәселесін шешті. Бұл нысан көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Облыс бойынша қарқынды құрылыс жұмыстары Жаңақорған ауданында да көрініс табуда. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы жанданып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстардың нәтижесі.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аудан көлемінде абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық орындарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Кент пен ауылдарда демалыс аймақтары ретке келтіріліп, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасуда.
Облыс әкімі атап өткен бастамалар мен көрсеткіштер Жаңақорған ауданында да нақты істермен жалғасып келеді. Білім, жол, құрылыс, мәдениет және әлеуметтік саладағы жобалар ауданның әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуде. Мемлекет қолдауы мен жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысы нәтижесінде Жаңақорған ауданы даму жолына нық қадам басып келеді.
Брифинг барысында облыс әкімі алдағы жоспарлар мен басым бағыттарға да тоқталып, басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, балаларға сапалы білім мен қауіпсіз орта қалыптастыру екенін атап өтті.
Айта кетейік, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қалап отыр. Әлеуметтік нысандар, жол, білім және инфрақұрылым – ел игілігі үшін. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асқан бұл бастамалар Сыр өңірінің барлық аудандарын, соның ішінде Жаңақорған ауданын да қамтып отыр.
Әсел РЗАЕВА




