Шекара шебінде шыңдалған сардар

Елдің бейбіт өмірі мен тыныштығы – шекара шебінде күзетте тұрған сарбаздардың қырағылығына да байланысты. 18 тамыз – Қазақстан Республикасының шекарашылар күні. Отан қорғау жолында антына берік, қырағы да қайсар жандардың кәсіби мерекесі. Шекара – елдің қақпасы. Картадағы қызыл сызық. Ол – мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігінің символы. Шекарашының міндеті – мемлекетімізге тиесілі аумаққа бөтен пыйғылдың қарыс қадам енуіне жол бермеу. Таңның атысынан күннің батысына дейін, кейде қақаған аяз бен аптап ыстықта, тіпті боранды түндерде де олар қырағы күзетте. Себебі, бір сәттік босаңсу – ел қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Ел шеті – ердің бесігі. Осы қағиданы өмірлік ұстаным еткен жандардың бірі – Ерлан Тұңғышбаев. Ол Жаңақорған ауданының әскери комиссариатында қызмет атқарып келеді. Отан алдындағы парызын шекара шебінде шыңдап, екі жылда нағыз жауынгер ретінде шыңдалғанын айтады.
– Шекара қызметі – тек қару асынып, күнделікті сап түзеп жүру емес. Бұл – елдің қауіпсіздігін күзету, әрбір қадамыңды жауапкершілікпен атқару, қайсар мінез бен темірдей тәртіпті бойға сіңіру мектебі. Ол күндер – күннің аптабында, түннің аязында да сергек болуды, сертке адалдықты үйретті. Шекара бойындағы күзет, жаттығу, күтпеген жағдайларға дайындық – барлығы да жігерімді жанып, шыдамдылыққа шыңдады, – дейді ол.
Екі жылдық әскери борышын өтеп келгеннен кейін де азаматтық өмірге біржола бет бұрған жоқ. Керісінше, алған тәжірибесін, жинаған білімін ел игілігіне жұмсау үшін Жаңақорған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде қызметін жалғастырды. Бұл – бейбіт күндегі жауапты іс. Әскери есепке алу, жас сарбаздарды әскерге шақыру, қорғаныс саласындағы түрлі іс-шараларды ұйымдастыру – бәрі де ұқыптылық пен табандылықты талап етеді.
Шекара қызметінде жүрген әр сарбаз – шыдамдылық пен табандылықтың үлгісі. Қалт еткенді қарауылға ілер қырағылық олардың кәсіби машығы. Заманауи бақылау жүйесі болғанымен, басты күш – зейіннің қырағылығында. Шекарашылар түн ұйқысын төрт бөліп, күн сайын мыңдаған шақырымды күзетіп, контрабандалық әрекеттер, заңсыз өту, қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алады.
– Мен Атырау қаласында шекара қызметінде 2004 жылдан 2006 жылдың мамырына дейін болдым. Әуелі Атырау қаласында алты ай жаттығуда болып, Бейнеу қаласының шекарасында бір жарым ай әскери борышымды өтедім. Әскер қатарында сап түзеген екі жылда қиындығы мен қызығы қатар жүретін әскери өмірдің тез өте шыққанын айтқым келеді. Сынаптай сырғыған осы уақыт ішінде өзіме тәлім-тәрбие аларлық біраз жайтқа қанықтым. Рас, әскер өмірінде адамды шыңдау жолында аздаған қиындықтар орын алып қалуы ықтимал. Бізді одан алып шығатын Отанға деген ұлттық рухымыздың жоғары тұруы дер едім. Рухы мықты елдің қашанда жұлдызы жоғары болмақ, – дейді Ерлан Дайрабайұлы.
Кешегі ел қорғаған ерлердің жалғасындай, Ерлан сынды азаматтардың табанды мінезі көпке үлгі.
Шекарашылар күні – тек кәсіби мереке ғана емес, ел қорғаны болған азаматтарға деген алғыс пен құрметтің белгісі. Бұл күнде ардагер шекарашылар да, жас сарбаздар да бір сапқа тұрып, елдің шебін қорғау абыройын сезінеді. Олардың әр қадамы – жауапкершілік, әр сәті – сынақ. Ауылдың шетінде болсын, тау мен шөлде болсын, шекарашылар Отан алдындағы борышын адал атқарып жүр. Себебі, олар үшін елдің бір уыс топырағының өзі қымбат. Әрбір азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуіне жағдай жасау – оның күнделікті жұмысының басты өзегі. Жаңақорған жастарының патриоттық рухын көтеру, әскери тәрбие беру, ел қорғау мәртебесін дәріптеу – бүгінгі әскери сала қызметкерінің міндеті. Шекарадағы тәжірибе оған бұл салада тиімді әрі сапалы жұмыс істеуге айрықша көмектеседі.
Ол үшін әскери қызмет – тек бір кезеңнің ғана ісі емес, өмірлік миссия. Ел тыныштығының күзетінде тұрған сардарлар сияқты әскери сала қызметінде жүрген ерлердің де мақсаты – туған жердің бейбіт аспанын қорғауға өз үлесін қосу.
Осындай азаматтардың қажырлы еңбегі – тәуелсіздігіміздің мызғымас тірегі. Өйткені, ел қорғанын берік ұстайтын да, ұрпаққа патриоттық рух сыйлайтын да – Отан үшін аянбай қызмет ететін осы жандар.
Әсел РЗАЕВА


