№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » ҰБТ: Түлектер үшін шешуші сәт

ҰБТ: Түлектер үшін шешуші сәт


Мамыр айының соңында еліміздегі мектеп бітіруші түлектер үшін аса маңызды әрі жауапты кезең – ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Бұл – мектеп қабырғасында алған білімді саралап, жоғары оқу орнына түсуге жол ашатын шешуші сәт. Осы ретте, біз аудандық білім бөліміне атбасын бұрып, түлектердің ҰБТ-ға дайындық барысын біліп қайттық.


Жалпы ҰБТ – оқушылардың білім деңгейін әділ бағалауға және жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін анықтауға бағытталған маңызды жүйе. Қазірде оқушылардың білім деңгейін анықтау үшін 4 рет тест тапсыру мүмкіндігі бар. Оның екеуі ақылы түрде өтсе, екеуі мемлекет тарапынан ақысыз өтеді. Оқушы ақылы тесттен өткен нәтижемен жоғарғы оқу орнына ақылы түсе алады. Ал тегін өте­тін тест нәтижесімен мемлекеттік грант­қа үміткер бола алады. Бұл өз кезегін­де түлектердің мүмкіндігін арттырып, психологиялық қысымды төмендетуге бағытталған.
– Бүгінде аудан мектептерінің түлек­тері бірыңғай тест тапсыруға тыңғылық­ты дайындық үстінде. 16-мамыр мен 10-шілде аралығында оқушылар екі рет бақ сынайды. Осыған дейін өткен тест нәтижесімен біздің аудан облыс бойынша үшінші орында тұр. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айында 1229 түлектің 1099-ы, яғни 89,1 пайызы ҰБТ тапсырып, 73,4% орташа балға қол жеткізді. Осы сынақта ең жоғары 132 балды М.Қаратаев атындағы №51 мектептің оқушысы жинады. Ал наурыз-сәуір айында өткен ақылы тесті 1016 түлек тапсырып, орташа балл 79,7% құрады. Бұл нәтижемен біздің аудан облыс бойынша қала мектептерін қоса есептегенде екінші орынға шықты. Осы кезеңде аудан бойынша ең жоғары 137 балл көрсеткішті №169 орта мектебінің оқушысы иемденді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Нариман Жахудаев.
Аудандағы бас ұстаздың айтуынша, 2025 жылдың мамыр-шілде аралығында өтетін ҰБТ-ға 1238 түлектің бірінші мүм­кіндігіне 1142-сі, екінші мүмкіндігіне 1123-і өтініш берген. Соңғы жылдары ҰБТ форма­ты өзгеріп, жетілдірілді. Енді түлектер­ге тест сынағын екі рет тапсыру­ға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл – оқушылар үшін үлкен қолдау және өз мүмкіндігін екі мәрте сынап көруге жол ашатын әділ тәсіл. Биыл да тест электронды фор­мат­та өтуде. Бұл – ашықтық пен әділдік прин­циптерін күшейтеді. Әрбір талапкер өзінің нәтижесін онлайн түрде бақылап, апелляцияға да өтініш бере алады.
Осы орайда, оқушылар мен ата-аналар «ҰБТ – өмірдің соңы емес, мүмкіндіктің бірі ғана» екенін естен шығармағаны абзал. Өйткені, түлек ҰБТ-дан ойдағыдай нәтижеге жете алмаған жағдайда өзге де мүмкіндіктер, түрлі білім гранттары мен кәсіп түрлерінің барын да ескергені жөн. Аудандық білім бөлімі басшысы бұл мәселеге жан-жақты тоқталды.
Ұстаздар мен ата-аналар балалар­дың жан дүниесіне көбірек мән беруге, балаларға моральдық қолдау көрсетуге тиістігін атап өтті.
– ҰБТ сынағында жоғары балл жинау – мақ­танарлық жетістік. Ал аз балл алған оқушыға қаймығудың қажеті жоқ. Өмірде әрқашан басқа жолдар, басқа есіктер ашылады. Ең бастысы, білімгер өзіне деген сенім мен талпынысты жоғалтпау керек. Кәсіптік білім, шығармашылық бағыт­тар, техникалық колледждер мен қайта тапсыру мүмкіндіктері – бәрі де түлектің болашағының қалыптасуына жол ашады. Бастысы – баланың амандығы, ішкі сенімі және болашаққа деген құлшынысы. Біз әр түлектің өз жолын табарына сенеміз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нариман Үсенұлы.
Айта кетейік, биылдан бастап елімізде ҰБТ халықаралық стандарттарға біртіндеп бейімделеді. Бұл бағытта бірнеше жаңа өзгеріс пен пилоттық жобалар енгізілмек. Енді талапкерлер тестілеу өтетін орынды және тапсыру уақытын өздері таңдай алады. Бұл жаңашылдық оқушылардың тестке дайындық деңгейіне байланысты икемді мүмкіндік беруді көздейді.
ҰБТ бұрынғыдай 3 міндетті және 2 бейінді пәннен тұрады. Мәселен, Қазақстан тарихынан – 20 сұрақ, математикалық сауаттылық – 10 сұрақ, оқу сауаттылығы – 10 сұрақ қойылады. Ал, бейінді пәндердің әрқайсысы 40 тапсырмадан тұрады. Бұл пәндер талапкер таңдаған мамандық бағытына байланысты анықталады. Педагогика немесе психология мамандығын таңдағандарға биология мен география пәндерінен тест тапсыру қажет. Ал техникалық бағыттағы мамандықтар үшін математика және физика пәндері талап етіледі.
Негізгі ҰБТ мерзімі – 16 мамыр мен 5 шілде аралығы. Осы кезеңде талапкерлер бейінді пәндерді өзгерте алмайды. Барлық рұқсат етілген пән жұптары арнайы бекітілген тізіммен беріледі. Ал, шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер үшін бейінді пәндер жоғары оқу орындарында өткізілетін шығармашылық емтихандармен ауыстырылады. Енді олар үшін математикалық сауаттылық пәні міндетті болып отыр.
ҰБТ нәтижелері бойынша талапкерлерге максималды 140 балл жинауға мүмкіндік беріледі. Шекті балл әр мамандық бойынша әртүрлі. Мысалы, Ұлттық жоғары оқу орындары үшін – кемінде 65 балл, педагогика және құқық салаларына – 75 балдан жоғары, медицина мамандықтары үшін – 70 балдан жоғары, ауыл шаруашылығы саласына – 60 балл жеткілікті.
Ескеретіні, тестілеу кезінде ұялы телефон, смарт-сағат, планшет, ноутбук, диктофон, құлаққаптар, фотоаппарат, калькулятор, қағаз, кітаптар және оқу әдебиеттері сынды құралдарды алып кіруге қатаң тыйым салынады. Тест тапсыру уақыты – 4 сағат (240 минут). Арасында қысқа үзілістер қарастырылған. Әкімшіліктің рұқсатынсыз аудиториядан шығуға, сөйлесуге немесе қағаз алмасуға рұқсат етілмейді.
Иә, ҰБТ – тек білім ғана емес, төзім мен тәртіптің де сынағы. Бұл кезеңнен сүрінбей өткен түлек өз болашағының берік іргесін қалайды. Ендеше, алда үлкен өмір жолы күтіп тұр. Жас түлектерге сәттілік тілейміз!

Айсұлу АЛДАНАЗАР
19 мамыр 2025 ж. 115 0