АЛАЯҚТАР ИНТЕРНЕТТІ ОҢТАЙЛЫ ҚАРУҒА АЙНАЛДЫРУДА

Интернет – ақпарат алмасудың, қарым-қатынастың және күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етудің маңызды алаңына айналды. Цифрлық мүмкіндіктер адамдар үшін пайдалы құрал ретінде көрінгенімен, киберқауіп яғни, зиян келтірер тұстары да артуда. Оның ішінде интернет ресурстар алаяқтар үшін оңай олжаның басты құралына айналды. Интернет алаяқтар күн сайын жаңа әдістер ойластырып, түрлі жолдармен тұлғаларды қаржылай шығынға ұшыратуда.
Қазіргі уақытта мобильді қосымшалар, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтың көп тараған түрлері: - банк қызметкері оның ішінде қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде хабарласып, сіздің атыңыздан несие рәсімделуде соған тосқауыл қоюымыз қажет. Ол үшін телефоныңызға келген жасырын кодты айтыңыз деген қоңыраулар; - байланыс операторы ретінде хабарласып, ұялы телефон номеріңіздің пайдалану мерзімі өтуде қайта қалпына келтіру мақсатында телефоныңызға келген жасырын кодты айтыңыз деген қоңыраулар; - түрлі инвестиция, салған қаржыны қомақты өсіммен қайтару, жалған фирмалардың өкілі ретінде тіркеп, жеңіл пайда табуға тарту; - кез келген онлайн сауда-саттық жасау, оның ішінде шетелдерден заттар жеткізіп беру қызметі. Алаяқтықтың бұдан да басқа түрлері жетерлік. Ең бастысы телефоныңызға келген барлық хабарламаға және қоңырауға мұқият болыңыз. Жеке басыңыз және жақындарыңыз туралы мәліметтерді, құпия кодтарды ешкімге бермеңіз. Кез келген банкте, микро қаржы ұйымында, телефон байланыс операторларында немесе басқа да нарықта жарнама жасап жүрген фирмаларда клиентке қызмет көрсету жөніндегі орталық жүйесі қарастырылғанын естен шығармаңыз. Сізге қандайда бір күмәнді қоңырау немесе хабарлама түскен жағдайда дереу осы қызмет көрсету орталықтарына хабарласып, мән-жайды міндетті түрде нақтылаңыз. Тұрғындарға әрбір кездесулерде алаяқтардың арбауынан сақ болу жөнінде егжей-тегжейлі жеткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сақтық шаралары туралы үнемі түсіндіріліп, көшелерде билбордтар ілініп, брошюралар таратылып, басқа да алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде. Осыған қарамастан кейбір жерлестеріміз алаяқтардың құрығына ілініп, қаржылай шығындарға батуда. Оңай жолмен қомақты пайда табудың соңында шикілік барын ұмытпай, әрбір әрекетті ойланып жасау қажеттігін ескертеміз. Сонымен қатар, құрметті аудан тұрғындары алаяқтардың арбауына түспеу өз қолдарыңызда екендігін назарларыңызға жеткіземіз.
Берік БЕИСБАЕВ,
аудандық прокуратураның прокуроры