» » Туберкулез – қауіпті індет

Туберкулез – қауіпті індет


Туберкулез – бұл өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзасын зақымдауы ықтимал. Алайда өкпе туберкулезі ең жиі кездесетін түрі. Вирус жұқтырудың негізгі көзі - туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микробактерияны бөлетін адам.


Аурудың көзі адамнан адамға ауа тамшылары арқылы таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшері жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар. Мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті бола отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөлед. Олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін.
Сонымен қатар, туберкулезге тек адамдар ғана емес, сонымен қатар үй жануарлары да шалдығады. Ауру жануардың сүті, немесе еті адам үшін жұқтыру көзі болуы мүмкін.
Айта кетейік, науқас өмір сүретін жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды. Егер өкпе туберкулезбен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін.
Өкпе туберкулезінің ауруы иммунитет төмендеген, жеткіліксіз тамақтану, қанағаттанарлықсыз санитариялық-гигиеналық жағдайларда орын алады. Негізінен иммунитеті нашар жас балалар, жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдер және иммунитеті төмен қарт адамдар ауырады.
Ал туберкулез белгілеріне ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел, шаршау және әлсіздік, дене салмағының төмендеуі, температураның ұзақ көтерілуі, түнде тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру жатады. Жалпы, туберкулезді анықтаудың бірнеше жолы бар. Олар: тері туберкулин сынамасы (манту), рентгенологиялық тексеру (флюорография) өкпенің зақымданғанын көрсетеді, қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.

Шынар Айдарова,
Жаңақорған аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
18 наурыз 2025 ж. 56 0