Жастар – келешектің жарқын келбеті

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау өте көп. Кәсіпкерлік сала болсын, мәдениет пен спорт, шығармашылық және өзге де мамандық иелеріне бағытталған бастамалар аз емес. Биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаудың өзі оларға жаңа мүмкіндіктер беріп тұрғандай. Жастардың да қоғамдағы белсенділігі, жеткен жетістіктері мен алға қойған жоспар-межелері көңіл қуантады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» жастар форумында бүгінгі буынның беталысына жоғары баға берді. Жастардың жұмысын жүйелеген басқосуда өзге де мәселелер көтеріліп, нақты міндеттер жүктелді.
Форумда «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова Президентке ұйымның осыған дейін атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Ұйым елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген. Президент форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді. Қазір еліміз үшін тарихи кезең екеніне, алдымызда биік мақсаттар тұрғанына назар аударды. Әрі отаншылдық сезімге, қоғамда «Заң мен тәртіп» үстемдігін орнатудың маңызына, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеологиялық мәніне тоқталды.
– Жастарға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Қазақстан балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдің бірі. Дүниеге келген әр сәби бірден ұлттық бағдарламалардың қатысушысына айналады. Мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына немесе колледжге грантқа түсу мүмкіндігі зор. Соңғы жылдары грант санын айтарлықтай ұлғайттық. «Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас шетелде білім алуда. Олар Қазақстанға келген соң ел дамуына үлес қосады. «Президенттік жастар кадр резерві» сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады. Саяси реформалар аясында Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілді. Бұл өкілдік билік қызметіне тың серпін берді. Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе Парламенттің құрамына кіретініне, тіпті Үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін. Жас кәсіпкерлер мен отбасыларды қолдауға айрықша мән беріледі. Мысалы, бизнесті дамытуға және баспана алуға жеңілдікпен несие беру қарастырылған. Бұл балалар мен жастардың өмірден өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың бір парасы ғана, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде заман талабына сай білікті мамандар өте көп: мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, өнеркәсіптегі жұмысшылар және басқа да мамандар бар. Қазақстан жастары креативті индустрияда да көптеген табысқа жетіп жатыр.
– Сондай дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік. Ең бастысы, адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Биыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл тұрғыда жаңақорғандық жастар да жүйелі жұмыс жасап, биылғы жылдың жоспарына білек сыбана кірісті. Әсіресе, маңызды мамандықтарды ақпараттандыру мақсатында ауыл-ауылды аралап, мектеп оқушыларымен кездесіп, келешек таңдаған салаларына деген қызықты мәліметтермен бөліcуді бастады. Бұл жөнінде аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров былай дейді:
– Шыны керек, мемлекет тарапынан жастарға көп қолдау болып жатыр. Форумда Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім білдірді. Мұның өзі жастарға үлкен мотивация болады. Біздің ауданның жастары да керемет бастамаларды жолға қойып отыр. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай кент пен ауылдық округтерді аралап, еңбек адамдарын насихаттау үшін видеоблогтар түсіруді бастап кеттік. Осыған сәйкес 15 ауылды қамтимыз деген жоспар бар. Жаз айларында тау беткейіндегі ауылдарда жастар слеті ретінде әрі жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында семинартренингтер, ауылшарушылығы саласында жұмыс жасап жүрген еңбекші жастар мен өндіріс саласының мамандарымен кездесу ұйымдастырамыз деп отырмыз. Аудандағы мектептерде жұмысшы мамандықтарды насихаттау бағытында оқушылар мен сала мамандарының кездесулері ұйымдастырылады. Биылғы жылы басымдықты NEET санатындағы жастарға беріп, олармен жұмысты күшейтетін боламыз. Олардың әрқайсысына жекелей адресті түрде аралап, тілдесіп, сол жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына ықпал жасап, бұс жұмыс орындарына жәрмеңкелер ұйымдастыратын боламыз, – деді ол.
Жалпы, жаңақорғандық жастары әрқашан белсенділігімен көзге түсіп, түрлі салада өз орындарын айшықтап келеді. Өткен жылы аудан бойынша орталықтың ұйымдастыруымен 133 шара өтіп, оған 4400 жас атсалысқан. Жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бірі NEET санатындағылармен де жүйелі жұмыс жасап келеді. «Отбасылық цифрлық картасы» базасында NEET санатындағы жастарды өзектендіру мақсатында адресті жұмыстар ұйымдастырылып, мемлекеттік бағдарламалар аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Айта берсек, былтыр атқарылып, биыл басталған бастамалардың бағдары бөлек. Осындай бағыттағы жұмыстар жанданса, жастардың жігері жасымаса сонда Мемлекет басшысы артқан үміт ақталып, елдің ертеңі еңселі, келешегі кемелдене түсері ақиқат. Себебі, жастар – келешектің жарқын келбеті.
Әли ТЕМІРБЕК