Бәрі де елдің игілігі үшін
Аймақ халқы 2025 жылды жарқын көңіл-күйде қарсы алды, өйткені өмір сапасында өркенді өзгерістер көп. Бұл жөнінде Жаңақорған ауданына арнайы сапарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жан-жақты тоқталды. Осы күні атамекен халқының қуанышын бөліскен ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбеновтердің қатысуында кент орталығында 124 пәтерлік 62 үйдің лентасы қиылды.
Жиында алғысөз алған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен жұртшылықты жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылдың жақсы көрсеткіштеріне тоқталды.
– Өткен жыл аймағымыз үшін берекелі жыл болды. Барлық макроэкономикалық көрсеткіштер жөнінен өңірлер арасында алдыңғы қатардан көріндік. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында өңір бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Бұл ауқымды қаражат өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Аймағымызда ауызсумен қамту көрсеткіші 98,6 пайызға жетті. Биыл аймағымыздағы барлық елдімекендер орталықтандырылған ауызсумен толық қамтамасыз етілетін болады. Бұған республикалық бюджеттен 5 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінді. Аймағымыздағы электр желілерін қайта жаңғыртуға өткен жылы 11 млрд- тан астам қаражат бөлінді. Облыс орталығында құны 215 млрд теңгені құрайтын 240 мегаватт электр энергиясын шығаратын жылу электр орталығының құрылысы салынуда. Түрік инвесторлары оған 127 млрд теңге қаражатын жұмсап, бүгінгі таңда 70 пайыз жұмысы аяқталды. Нысан құрылысы біткенде қаланы түгел жылумен қамтамасыз етеді, артылған қуат көзін басқа өңірлерге сататын боламыз, - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Әкім жиналғандар алдында өңірдегі өркенді өзгерістер жөнінде кеңірек тоқтала келе, жыл аяғында «Самұрық – Қазына» Катар мемлекетінің үлкен компаниясымен аймағымызда 1100 мегаваттық электр энергиясын өндіретін газ электр қондырғысын салу жоспарланып отырғанын айтты.
Мемлекет басшысының тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса мән беріп, 2029 жылға дейін 10 мың адамды жаңа баспанамен қамту туралы тапсырмасы Сыр өңірінде қарқынды жүріп жатқанын жеткізген аймақ басшысы облыста құрылыс көлемі 162 пайыздан асқанын айтты. Соның ішінде тұрғын үй көлемі 126 пайызды құрады. Құрылыс саласына биыл 193 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұған 197 жоба жүзеге асуда. Өткен жылдың өзінде жаңа пәтер салуға республикалық бюджеттен 39 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінген. Аймағымызда 2022 - 2023 жылдары 4 мыңнан астам жаңа пәтер ел игілігіне табысталыпты. 2023 жылдан бастап облыс орталығы ғана емес аудандарда да баспанаға мұқтаж жандарды пәтермен қамтамасыз ету мәселесі нақты қолға алынуының нәтижесінде бүгінге дейін 1019 пәтер пайдалануға берілген.
Мемлекет тұрғын үйге нағыз мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге мүдделі. Бұл мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Сондықтан бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.
Өңіріміздегі мәдениет және спорт саласындағы жетістіктерге тоқтала кеткен облыс әкімі соңғы екі жылдың өзінде 10-ға жуық ауылда мәдениет үйлері, 15-ке жуық спорт кешендері салынып, ел игілігіне табысталғанын айтты. Облыс орталығында 21 млрд теңгеге 11 мың орындық жаңа стадион құрылысы, сондай-ақ, 2,5 млрд теңгеге облыстық тарихи өлкетану музейінің құрылысы, 4 млрд 800 млн теңгеге музыкалық колледждің құрылысы салынып жатқаны жөнінде айтып өтті.
Жиын соңы аймағымыздың әлеуметтік - экономикалық дамуына атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсіміне жалғасты. Олардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, еңбек ардагері, Жаңақорған кенттік бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Серхожа Ыдырысов, қаржы саласының ардагері Дәулетбек Қалыбаев, ауыл шаруашылығының ардагері Әбутәліп Шаймерденұлы, «Құрмет» орденінің иегері, «Ұрпақтан-ұрпаққа» бірлестігінің төрағасы Әзия Қыстаубаева, денсаулық сақтау саласының ардагері Фатима Момбекова, ағарту саласының ардагері Күлдана Жақыпбековалар «Қызылорда облысы экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты тұрғын үйлерді сапалы әрі мерзімінде салып бітіргені үшін «Орда Инвест холдинг» ЖШС директоры Әлішер Төрехожаевқа, кәсіпкерлер Данияр Асайынұлы мен Қыдыржан Айбекұлына, жеке кәсіпкерлер Еркебұлан Сапарғалиұлы мен Құрбанқожа Болатұлына, «құқық қорғау орталығы» ЖШС директоры Сағи Ғаниұлына табысталды.
Мұнан әрі пәтер кілтіне ие болған тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтау үшін сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамовтың лебізі төмендегіше өрнектелді:
– Бүгінгі қуаныштарыңыз жан-жақты нәтижелі жұмыстың жемісі. Өңірімізде іске асқан игіліктердің барлығы халықтың қолдауымен іске асуда. Әркім өз шаңырағын кие, табалдырын қасиет тұтқан халықтық болмысымызда «Өз үйім – кең сарайдай боз үйім» деген қағидамыз бүгін де қымбат. Бүгінде 850 мыңға жуық өңір халқының 47 пайызы қалада тұрса, 53 пайызы ауданда тұрады. Ел тұрғындарына жайлы тұрмыс сыйлайтын жаңа баспаналарыңыз құтты болсын, – деді ол.
Салтанатты шарада жаңа пәтер кілтіне ие болған оралман отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы жанұялар жылы да, жайлы қонысты тарту еткен ел басшылығына рахметін жаудырды. Солардың бірі Гүлчехра Фазылова былай дейді: «Егемендіктің шапағатымен атамекенге оралған отбасылардың біріміз. Келген заматта жас сәбиімізбен ескі балабақшада, одан соң көне мектеп ғимаратының босаған бөлмесінде уақытша тұрып келдік. Қазірде алты баланың анасымын. Әрине, жеке баспанаңның болғанына не жетсін. Енді міне, өзімізге тиесілі ұядай қонысымыздың кілтін қолымызға алып қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр» деді бізге ағынан жарылып.
Дені сау адам – мемлекеттің басты байлығы
Осы күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған топ құрамында жоғарыда аталған ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының қатысуында Әбдіғаппар және Бесарық ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатының куәсі болдық.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарының игілігіне берілген жаңа нысанның жұмысына сәттілік тілей отырып, еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған нақты қамқорлықтар жөнінде айтып өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, медициналық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр» деген болатын. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында облысымыздың барлық ауданында 10 млрд 200 млн теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде 3 дәрігерлік амбулатория Жаңақорған ауданында бой көтерді. Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне берілді.
Бүгін іске қосылған жаңа нысандар бастапқы қызмет көрсетуге маманданған үздік мекемеге айналып, ақ халатты абзал жандар халықтың алғысына бөлене берсін, – деді Машбек Нәлібаев.
Айта кету керек, облыс денсаулық сақтау саласына бюджеттен тыс көздерден де қаражаттар тартылып, көп жұмыс атқарылды. Соның қатарында «Қазақстан халқы қорының» қолдауымен осы ауданда ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығы да бар. «Қазақстан халқына» қоры соңғы екі жылда 4 млрд-тың үстінде қаражатты өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен еліміздің үш өңірінде ғана бар. Бүгінде елді мекендердегі тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде.
Денсаулық сақтау саласында тағы бір үлкен жетістігіміз – өткен жылы барлық елдімекендердің сұранысына сәйкес 245 санитарлық автокөлік бөлініп, өңірдегі барлық дәрігерлік нысан, жедел жәрдем орталықтары қамтамасыз етілді, – деді.
Ауылдағы дәрігерлік нысанның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов: «Дана бабаларымыздан жеткен «Елім дегенде еміреніп қызмет ет» деген тәмсілдің толық үлгісін мемлекет басшысының ұстанымдарынан толық байқап отырмыз, Шындығында, соңғы жылдары Мемлекет басшысының халықшыл бастамалары мен кешенді реформаларының аясында елімізде мемлекет пен қоғамды дамытуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде экономиканы барынша дамытуды көздейтін саяси модернизациямыз жаңғырды. Әлеуметтік қоғам құру, нарықтық экономиканы әділетті заңдармен сүйемелдеу жұмысы жалғасуда. Аймақтардың бюджеттік дербестігі нәтижесінде соңғы екі жылда облыс бюджеті 206 пайызға өскен. Республикада бір ғана жылда 655 медико-санитарлық нысан салынса, 5 пайызы біздің облыстың еншісінде» деді ол. Келесі кезекте «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Нәжмадин Мұсабаев аудан халқына ыстық лебізін білдіріп, біткен іске батасын берді.
Жиында ауылдың әлеуметтік дамуына атсалысқан азаматтар мен дәрігерлік нысан құрылысын сапалы жүргізген құрылылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында білім саласының ардагері Исахан Жолтайұлы, ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Тұрғанбай Нысанбайұлы, денсаулық сақтау саласының ардагері Әбибулла Ақымұлы, ветеринария саласының ардагері Мейірбек Оралбеков, «Төреғали» шаруа қожалығының төрағасы Ерғали Сұлтанұлы, «Бақ Береке» ЖШС-нің қойма меңгерушісі Талғат Жанәділовтер марапатталды.
– Жаңа дәрігерлік нысанның заманауи құрылғылармен жабдықталуы диагностика мен медициналық көмектің сапасын жоғарылатып, емдеу-сауықтыру деңгейін арттырары кәміл. Ауыл тұрғындары алыс қалаларға сабылмай-ақ, өзімізде тексеріліп, нәтижелі ем алатын болады. Атап айтқанда, жаңа нысан жатыр мойны дертін анықтайтын кольпоскапия аппаратымен, іштегі шарананың жүрек соғысын анықтайтын КТГ аппаратымен, электрофарез, созылмалы тыныс жеткіліксіздігін анықтап, алғашқы көмек тағайындауға мүмкіндік беретін арнайы құрылғымен, жүрек ақауын тексеруге арналған планшетпен елдімекендер арасында бірінші рет жарақтандырылып отыр – дейді ауылдық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Әди Жеңісбекұлы. Ол өзінің он төрт жыл еңбек өтілінде осындай жаңашылдыққа қол жеткеніне ризалығын білдіріп, ендігі мақсат – мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға айрықша мән беру қажеттігін айтты.