Президент сұхбаты - ел экономикасын нығайтуға бағытталды
Республикалық "Ана тілі" газетінде кең көлемде Мемлекет басшысының сұхбаты жарияланды. Онда Қасым-Жомарт
Тоқаев елдің биылғы саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындап берді. Сұхбат барысында,
"Елдің ертеңгі өркендеуі – біздің ғана қолда" дегенді алға тартты. Осылай деген Президент қателесуге құқымыздың жоқтығын ескертті. Әлбетте, әрбірiмiз үшін бұл аса маңызды.
Салыстырмалы түрде қарасақ, жолдауда саяси-экономикалық дүниелер қозғалды. Сұхбат қоғамдық, идеологиялық бағытқа арналғаны анық аңғарылады.
Бір жағынан алғанда, «Ана тіліне» шыққан сұхбатты бағдарламалық формат деп атасақ та қателеспейміз. Яғни, жыл басында үкіметке, парламентке, атқарушы билікке стратегиялық даму бағытын айқындап береді. Сол секілді қоғамды алаңдатқан дүниелер жөнінде өз пайымын жеткізеді. Осылайша, қарапайым халыққа түсінікті тілде мемлекеттік саясаттың бағытын түсіндіреді.
Негізі, мұндай үрдістің келешекте де жалғасқаны жөн. Өйткені бұл президенттің ашық диалог құруға дайын екенін көрсетеді. Сондай-ақ сөзі мен ісі бір жерден шығатын басшы екенін де көрсетеді.
Сұхбатты оқып шықсаңыз, өткен жылы қоғамда жиі талқыланған мәселенің бәрі қамтылғанына көз жеткізесіз. Бұл тұрғыдан алғанда, өткір-өткір сауалдар қойған Ерлан Жүніске де алғыс айтқан жөн шығар.
Үкіметтің жұмысы, экономикалық мәселе, доллардың қымбаттауы, жемқорлықпен күрес, саяси жүйе туралы сұрақтар қойылды. Қазақ тілінің дамуына қатысты президенттің пікірі де айтылыпты. Тіпті, бүкіл халықты алаңдатқан Талғардағы жағдай да сұхбатта сөз болды. Қаңтар оқиғасының қорытындысына қатысты пікірін сұрапты. Қысқасы, қамтылмаған тақырып жоқ.
Тоқаевтың қазақша басылымға сұхбат бергені де көп нәрседен хабар береді. Бір жағынан, ұлт газетінің маңызын түсінетінін, сол секілді ұлттық журналистиканы қолдайтынының белгісі. Сәлден кейін-ақ бүкіл медиа сұхбатты аударып, өздерінде жариялайды. Қазақ тілін дамытуға да қосылған үлес десек қателеспейтініміз анық.
Әсел РЗАЕВА