ЖЫЛ ӘКІМІ - НҰРЛЫБЕК МАШБЕКҰЛЫ НӘЛІБАЕВ
Республикалық «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2024 жылғы «Жыл адамы» анықталды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасына қолдау көрсетті. Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары арқылы өткізілді. Барлық дауысты есепке ала отырып, арнайы құрылған Сарапшылар шешім шығарды. Ал «ЖЫЛ ӘКІМІ – 2024» байқауының жеңімпазы болып Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев атанды.
Қызылорда аймағының тұрғындары Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлігін аңыз қылады. Мысалы, оның облыс бюджетінен бес млрд. теңге сұраған спорттық «Қайсар» клубына: «Бұл – халықтың қаражаты. Мен бес млрд. теңге төлеп футбол клубын ұстамай-ақ қояйын. Одан да осы ақшаны өз иесі – елдің игілігіне жұмсағаным жақсы» – деп кесіп айтқан әкім шешіміне қалай тәнті болмассыз!
Нұрлыбек Машбекұлы кеше ғана облыстың жыл көлемінде атқарған жұмысы жөнінде республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне есеп берді.
Қарап отырсақ, аталмыш өңір барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің нәтижесі бойынша республикада бірінші орынға шығыпты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі – 0,8 (903,5 млрд. теңге), өңдеу өнеркәсібі – 22,8 (298,1 млрд. теңге), ауыл шаруашылығы – 3,0 (193,1 млрд. теңге), тұрғын үй – 7,4 (697,0 мың ш.м.), көлік – 3,5 (241,8 млрд. теңге), сауда – 6,5 (656,0 млрд. теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 50 (193,9 млрд. теңге) пайызға артқан екен. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облыс бюджеті 744 млрд. теңгеден асыпты. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд. теңге екен. Яғни, өсім 204,4 пайызға жеткен!