№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елге қызмет - ерге міндет

Елге қызмет - ерге міндет


Аудан жастарының әр салада жеткен жетістігін жария етуге құштар дәстүрінен төл басылым жаңылған емес. Әсіресе, дарынды, еңбекқор жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп, болашақ ұрпаққа үлгі етудің орны бір бөлек. Осы орайда, қоғамда жан-жақты белсенділігімен көзге түсіп, ел дамуына қызмет етуді азаматтық борышым деп санайтын жас Аманжол Бектаспен мазмұнды сұхбат өрбіттік.

– Өзіңді көпшілікке танытқан әлеуметтік желідегі қадамдарың қалай арна тартты?
– Әлеуметтік желі елдің ортақ алаңына айналған ғой. Соның ішінде елге қандай да бір пайда тигізетін контенттермен танымал болудың жолы бөлек. Десе де, «Атың шықпаса – жер өртемен» айқайлатып посттар салып, жағымсыз көріністер жүктеп, желіні шулатқанына мәз болатын жүгенсіздік те аз емес. Кісі кез-келген дүниені сүзгіден өткізіп, өзіне керегін алғаны жөн. Бүгінде смартфонды жасөспірімдер мен балалар да көреді. Олардың ақ пен қараны айыра алмайтынын ескерсек, әлеуметтік желінің әлегіне тірелетін мәселе көп. Біздің мемлекет те Қытай елі сияқты әлеужеліні сүзгіден өткізу әлеуетіне ие бола алса құба-құп. Мәселен, Қытай мемлекеті балаларға арналған контентте өнертабыстық жетістіктер ғана насихатталады екен. Нәтижесінде, бала жақсы дүниелерді үйреніп өседі. Сондықтан, әлеужеліде әркім өзіне пайдалыны ғана алуы керек.
– Адам қоғаммен қатар дамиды. Қазіргі уақытта сұранысқа сай кәсіпті өзіңше меңгеруің де озық идеяның жемісі.
– Негізі, тереңіне бойлай білген азамат әлеуметтік желінің шығармашылық адамдары үшін үлкен мүмкіндік екенін түсінеді. Оқушы кезден кітаппен дос болып, қағаз шимайладым. Мектептен кейін шығармашылық бағытым бойынша Алматыдағы «Полиграфия» колледжіне оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң, осы орында лаборант болып жұмысқа қалдым. Осы кездері студенттермен түрлі шаралар ұйымдастыруға белсене араластым. Кейін әскерге кетіп, азаматтық борышымды өтеп келген соң ауданда алғашқылардың бірі болып түрлі суреттер шығаратын, компьютерлік қызметтермен айналыстым. Осы аралықта әлеуметтік желінің қарқыны күшейіп, жұрт назары жаппай смартфонға ауғанын аңғарып өзімді осы бағытта сынап көрдім. Алғашында өзім жазған өлеңдерді оқып жүктейтінмін. Кейіннен аудандағы жасөспірімдердің басын қосып, түрлі жарыстар ұйымдастырып, сол жұмыстарды әлеужеліде насихаттай бастадым. Осылайша, мені танитындардың да саны арта берді.
– Бір сөзіңде жақсылық жасауды әдетке айналдырдым дедің. Өзіңді қайырымдылық шаралардың басы-қасында жиі көреміз. Бұл жөнінде не айтасың?
– Қайырымдылық – жүрек тыныштығы ғой. Жүрегің кең, айналаңа жақсылық жасап, жақсы істің қасында жүрсең өмірің нұрлана түсетіндей. Өзім жомарт қайырымды жандармен жиі араласып, солардың қатарында аз да болса айналама жақсылық жасауға тырысамын. Ең алғаш 2020 жылы жұқпалы індет тараған уақытта, ерікті түрде аудан жастарына қосылып, көмек керек жандарға қолұшын созудан бастап қайырымдылыққа атсалыса бастадым. Кейіннен аудандық жастар ресурстық орталығына маман болып жұмысқа орналасып, ол жақта да алдыңғы буын ағалардың қолдауымен қайырымдылық жасап жүрдік. Биыл жыл басында еріктілермен бірге су тасқынына ұшыраған облыстарға ат басын бұрып, ел жағдайын көзбен көріп қолдан келгенше қол ұшын созып келдік. Бастысы – адам ретінде айналаңа жанашырлықпен қарау, қолдан келсе көмек беру, керек деп есептеймін.
– Қазір нақты қандай кәсіпке бет бұрдың?
– Жүрек қалауым – тәлімгерлік Осы бағытта аудан орталығындағы жеке білім ошағында тәрбиешілік қызмет атқарып келемін. Маған ер балалармен жұмыс істеу тапсырылды. Заман жеңілдеген сайын құлық мәселесі қиындап бара жатқандай. «Қиын заман – мықты адамдарды жаратады. Мықты адамдар – жақсы заманды әкеледі, Жақсы заман – әлсіз адамдарды жаратады», – деген сөз бар ғой. Кейде балалардың болмашы сынға төзбейтін жағдайларын байқаймын. Мектепке келгендегі мақсатым да осы. Ұрпаққа аз да болса еңбек сіңіріп, олардың бойына патриоттық, рухани, қазақи құндылықтарды құйғым келеді. Әр бала білімді, мықты болса деймін. Елін, жерін сүйетін, Отанына жанашыр болып өссе, біздің еңбегімізідің ақталғаны деп түсінемін.
– Бір салада тоқтап қалмаймын, ер азамат ретінде өзімді әр салада сынап, жұмыс істеймін дедің. Мұндағы мақсат не? Тәжірибе жинау ма, әлде өмірден өз ортаңды табу ма?
– Мақсат – елге қызмет ету. Қай жерде қызмет қылсам да ауданның, мемлекеттің дамуына үлес қоссам деймін. Кешегі Әлихандардың ізбасары ретінде «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!».
– «Ойлана жүр» атты өлеңдер жинағының авторы ретінде соңында бір туындыңнан өлең жолдарын оқып берсең.
– Білемін бұл өлкенің күйі бөтен,
Ұлыңмын Жаңақорған биік өлкем.
Тірі күнде өзіңе жырымды арнап,
Жұмылғанша жанарым сүйіп өтем!

Жер жоқ сендей орыныңды басатын,
Қонағына құшағын кең ашатын.
Өңірдегі озық мекен атанған,
Жер жәннаты Жаңақорған жасасын!
– Сұхбатыңа рақмет.

Әңгімелескен Айсұлу Алданазар
19 қазан 2024 ж. 250 0